Сайын Мұратбеков «Жусан иісі»
Бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана мен С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ұжымы «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында бас қосып, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» шығармасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараны жазушы, журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат жүргізді. Әдеби талқылауға театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ақерке Қамашбек, актерлер Аида Супатаева, Тұрақ Дұрысбеков, Дулат Бегалиев және Жанболат Қонысбек қатысты. Тыңдаушылар қатарында Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебінің оқушылары болды.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар шығарманың идеялық-көркемдік ерекшеліктеріне тоқталып, басты кейіпкер Аянның бейнесін жан-жақты талдады. Оның сыртқы келбеті, мінез-құлқы, ішкі жан дүниесі, арман-тілегі мен тағдыры туралы ой қозғады. Сондай-ақ кейіпкердің өмірде болған прототипі туралы мәселелер талқыланып, шығармадағы оқиғалар мен кейіпкерлердің өмір шындығымен байланысы сөз болды.
Аян – тағдырдың ауыртпалығын ерте тартса да, балалық қиялы мен үмітін жоғалтпаған кейіпкер. Оның ертегіге құмарлығы, достарына деген ықыласы мен қиындыққа мойымауы арқылы жазушы баланың нәзік жан дүниесін шебер бейнелейді. Қатысушылар Аянның тағдыры арқылы соғыс жылдарындағы балалардың ауыр өмірін, әкесінен айырылған ұрпақтың мұңын, аналардың қайғысын және ауыл тіршілігінің шынайы көріністерін талқылады. Ал оқушылар шығарма кейіпкерлерінің тағдыры арқылы соғыстың адам өміріне әкелген зардабы мен бейбітшіліктің қадірін тереңірек түсінуге мүмкіндік алды.
Дөңгелек үстел қатысушылары «Жусан иісі» шығармасының уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтпайтынын атап өтті. Өйткені туынды – бір баланың ғана тағдыры емес, соғыс жылдарындағы тұтас ұрпақтың өмірін, үзілген армандар мен жүректе сақталған сағынышты бейнелейтін көркем туынды.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясындағы бұл кездесу әдеби шығарманы бірге оқып, талдау арқылы оқырманның көркемдік талғамын арттыруға, ұлттық әдеби мұраға деген қызығушылығын нығайтуға және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруға бағытталды.








