“Тамырсыз ағаш болмайды, қанатсыз құс болмайды” деген атадан қалған сөз бар. Әр ауылдың өзіне тән өз шежіресі бар. Сол сияқты біздің Жаңажол ауылының да өз шежіресі, өз тарихы бар.
Коллективтендіруге дейін әр ата ұсақ болып бөлек тұрғаны белгілі. 1929 жылы он шақты үй коллектив болып бірігіп, егін салды. “Бірлік бар жерде, тірлік бар” дегендей, коллективтендіру кезінде үй басы көбейіп, шаруа, кедей ауыл ірілене бастады. 1930 жылдан кейін ұжымшарды ірілендіру туралы қаулы шығып, ауыл осы жерде, мыңдаған шағын ұыжмшарлармен біріктіріліп, “Жаңажол” ұжымшары болып аталды. 1934 жылы маусым айында бірінші тракторды Жиентаев Қапар айдап әкелді. Отызыншы жылдары, одан кейінгі жылдарда ел басына қасірет бұлты түйілген “асыра сілтеушілік” (голощекиндік), «халық жауы», «бай тұқымы» сияқты дүрбелеңдер ауылды айналып өткен жоқ. 1937 ж. Жандосов Сәдуақас, Бимурзин Әбілкәрім, 1938 ж ақпан айында Сейітқазы Мұсаұлы атылған. Көнбіс халық бұл қиыншылықтарды да бастан кешті. Ұлы Отан соғысы қарсаңында 1938 жылы астық шығымы жақсы болып, ұжымшар алдыңғы шаруашылықтың біріне айналып, жұрт көтеріліп қалды. Колхозда Сейітбеков Қазидан кейін Тоқпетов Қапез басқарма болды.
Колхоз кезінде еңбек зейнетіне бөленіп, орден, медальдармен марапатталғандар да баршылық. Қалиев Қазбек ерен еңбегі үшін Қазақстанның он бес жылдығында мерекелік медальға ие болды.
1939 жылы Қабдол Шонайбаев, Нүрила Махметова еңбек екпінділері қатарынан танылып, Мәскеудегі Бүкіл Одақтық ауыл шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне барып қайтты. 1936 жылы Сәлмен Тұрлыбаевтың, Бейсенбі Ожықаетың Мәскеуге ауыл шаруашылық көрмесіне барғанын Сәденов Әскер Бейсенбінің орнына мал бағып едім десе, Шашубай келгенін тамашаладық дейді.
Дүниені дүр сілкіндірген, өмір мен өлімді арпалыстырған екінші дүниежүзілік Ұлы Отан соғысы қай елдің болмасын тарихынан қаралы таңбасымен орын алды. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, 1945 жылдың 9 мамырында аяқталған бұл алапат соғыстың лаулаған оты бұрынғы Кеңестер Одағының қай отбасын болмасын шарпып өтті. Қаралы қағаз алмаған, ер-азаматынан айрылмаған, қайғы қасіреттен қанаты қайрылған жанұя калмаған. Жаңажол ауылының 88 азаматы майданға аттанды. Солардың 55-не туған елдің бір уыс топырағы бұйырмай, майдан даласында жаумен қанды шайқаста қаза тапты. Жеңіс үшін, болашақ үшін, біздер үшін қаза тапқан майдангер-жауынгерлердің есімдері жүрегімізде сақталады.
Бүгінгі ұрпақ, болашақ үрім – бұтақ бүкіл ата-бабаларымыздың қасиетті есімдерін өнеге тұтып, рухына әрдайым бас иеді!
Соғыс жылдары ауылдың бетке ұстар ер азаматтары майданға аттанып, бар ауыртпалық еңкейген кәрі-құртаң мен белі қатпаған бала-шағаның мойнына түсті. Ұлы Отан соғысының отты жылдарын басынан кешіріп, қан майданда ажал тырнағынан аман қалып, қажып-қалжырап қайтқан майдангер жауынгерлер келе бейбіт еңбекке араласты. Зейнет демалысына шыққанға дейін олар әр салада қажымай жұмыс істеп, еңбектің тамаша үлгілерін көрсетті. Ал Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің елу жеті жылдығының мерейтойын ауылдың үш-ақ соғыс ардагері қарсы алды. Жеңістің 60-жылдығын мына соғыс ардагерлері қарсы алды: Нұрғалиев Әйіп, Хасенов Мағау.
Адамға тән асыл қасиеттерді солардан үйреніп, солардың есімдерін мақтан тұтамыз.
Жалпы ауылдың дамуына 1951 жыл ерекше өзгерістер әкелді. Бұл жылы ұжымдарда ірілендіру басталғанда, сол кезде Октябрь ауданына қарасты Жаңажол, Жаңаталап, Кеңес ауылдары біріктіріліп, “Жамбыл” ұжымшары құрылды. Орталығы Жаңажол ауылы болды. Осы іріленген ұжымшарға ауылшаруашылық білімі бар Ырысбаев Қайыржан төраға болып сайланды. Ол кезде бұл ұжымшар техникамен, механизаторларымен көмек көрсеткен Семиполка МТС-іне қарайтын. Ырысбаев Қ. 1957 жылдың желтоқсан айына дейін басқарып, егіннен жақсы өнім алып, мемлекет алдындағы берешегінен құтылды.
Жаңа жерден салынған Ақан-Барақ 1962 жылы Марьево кеңшарының орталығына айналды да, облыс шешімімен “Бұлақ” мал семірту кеңшары Жаңажолға көшірілді. Сол жылдан бастап Жаңажол осы кеңшардың орталығы атанды.
Сол 1962 жылдан 1973 жылға дейін осы кеңшардың директоры болып Жоламан Сақыпкереев қызмет атқарды. Мәдениет үйі, балабақша, типтік онжылдық мектеп, медпункт пен клуб, екіқабатты кеңсе, монша, мал бордақылайтын қоралар, МТМ, автогараж – кеңшардың көркіне айналды.
Міне, осы жылдар, 1965-тен 1973 жылға дейінгі уақыт үш ауылдың жақсы көтерілген жылдары болды.
Ал бүгінгі ауылдың тіршілігін сөз етсек, тоқырау, қайта құру жылдарында кеңшардың іргесі сеңдей сөгіліп, берекесі қашып, соның салдарынан ауылдың тұралап қалғаны белгілі. Ал, Құдай қаласа, ауылдың жақсаратынына сенеміз. (…) Елбасының “Ауыл жылы” деп ауылға арнайы көңіл бөлуі, мына қожалықтардың бүгінгі таңда атқарып жатқан істері дәлел. Ауылдағы “Молшылық” шаруа қожалығын Тасбаев Б. басқарады. Бұл қожалық, негізінен, егін, мал-құс шаруашылығымен айналысады.