Жан азығы

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “BookDating” шарасы өтті. Оған жас буын өкілдері қатысты. Бүгінгі таңда көпшілік кітап оқуға құмартпайды. Жұмысбастылық өз алдына, теледидарға телміріп, компьютерлік ойындарға әуестену жағдайлары белең алды. Ғалымдар дәлелдегеніндей, үнемі кітап оқу арқылы ғана адам ұзақ жылдар есте сақтау қабілетінен айырылмайды.

Кітапты тұрақты түрде және зейін қоя оқу, миды үнемі дамытып, адамның мәнерлеп сөйлеу шеберлігін арттырады. Кітапхана қызметкерлері шара барысында осыған қатысты өз ойларын айтып, жастарды кітап оқуға шақырды. Кеш қонағы “Легенда” агенттігінің директоры Закиржан Мамлютов кітап оқудың маңыздылығын сөз етті. “Кітап оқыған адам ғана табысқа жете алады. Әсіресе, классиктердің туындыларын оқуға кеңес беремін. Мен бала кезімде кітап оқуға құмар болдым. Кітапқа деген қызығушылығымның нәтижесінде ойымды еркін жеткізе аламын, кез келген тақырыпқа талдау жүргізе аламын. Кітап табысты кәсіпкер болуыма жол ашты”, – деді ол. Өзге қонақтар да өздерінің сүйікті авторлары мен кітаптары жайында айтып, жастарға ақыл-кеңестерін берді.

“BookDating” немесе “кітаппен қауышу” идеясының авторы – танымал актер Әнуар Нұрпейісов. Бүгінде оның осындай бастамасын көптеген оқу орындары қолдап отыр.

Гүлбике КУБЕНОВА 

Soltustik Qazaqstan


Кубенова Г. Кітап-жан азығы./ Soltustik Qazaqstan.-№12. -2 aqpan.-2019 jyl.-7 bet.