Қазіргі Ленин атындағы ауыл Байымбет руы (Жәнібек, Қабай, Тұяқ) атанған үш ауылдың басын қосып, бір жерге қоныстанған он-он бес үйден құралған, әр үйдің өзіне тән әрқайсысынын жаз жайлауы, қыс қыстауы болған. Жәнібек Нұғыман қыстауында, Қабайлар Базарқажы қыстауында, ал Тұяқтар Тұяқ сайынан орын алған. 1978 жылдары ауыл тарихын сұрастырғанымда, осы аталған ауылдар бірігіп, 1929 жылы “Исай” ұжымшары болып, жаңаша құрылған деген еді.
Ұжымшарға мүше болып кірген колхозшылардын негізгі кәсібі мал бағу, аздап егін егу болған.
Бұл кезде ұжымшардың алғашқы ұйымдастырылған жылдары екі-үш үйден құралған 2-3 десятина жерлері болған. Ал жері жоқ кедей шаруалар жалданып, жері барларға жұмыс істеген. Мысалы, 86 жастағы 1975 жылы қайтыс болған Кенжеғазин Құлмырза жас кезінде 9 үйге шөп шапқан. Ақысына бір бесті ат, бір қой алған. «Ол кезде Есіл өзенінің тұла бойы тоғай толы шөп шалғын болатын»,-дейді жергілікті қарт адамдар. Шөпті қол шалғымен шауып, көлікпен қыстауға таратқан. Құрғақшылық жылдары шөпті орманды жерлерден, суалмалардан шапқан. Ондай жылдары бір көпене шөпті құлынды бие немесе бұзаулы сиырға сатқан, сатып алатын болған.
Тұрмыс-үй жайы нашар, талдан тоқылған немесе жер үйлерде тұрған. Мектеп, оқу үйлері мүлдем болмаған. Ауырған-сырқаған адамға ешқандай дәрігерлік көмек болмаған.
Жергілікті ауқатты адамдардың өзі Кеңес үкіметі келген 1918 жылдың өзінде кәмпескеге алынбағанына қарағанда, қанаушы тап байлар болмағаны байқалды. 1920 жылдарда ғана жаппай сауатсыздық етек алған қазақ ауылдарының кейбіреулерінде 2-3 кластық бастауыш класты мектептер ашыла бастаған. Мәселен, “Мектеп” ауылында, Жарғайыңда Қожахмет, Сейдахмет медресесінде ескіше оқып (төте жазу оқу), сауат ашқан. Жас балаларды ата-аналары ауруға қарсы ектіру үшін Марьевкаға, Николаевкаға апарып жүрген.
Ауыл тарихына ой жіберсек, ауыл аты бірнеше рет өзгерген. Әуелде “Исай” болса, онан кейін “Мәдениет”, 1933 жылдан бастап ауылға В.И. Лениннің атымен аталған.
Олай болуының себебі — Ораз Исаев 1932 жылдары “Халық жауы” деген атқа легіп, одан “Мәдениет” аталса, 1932 жылы ауылдың дәл ортасында Көкшетаудан Зеренді қарағайлы орманынан ауыл адамдары көлікке арба жегіп, бөренелерді жаз бойы тартып, қарағайдан 8 кластық (бөлмелі) мектеп үйін салған. Мектеп салуға Марьевкадан шебер орыстар келіп көмектескен. Ауыл шеберлері Ишанғабыл, Есқақ, Жайлаубай, Сейтқожа, Қали, Құрмырза, Қасен, Ырысбай, Тәжібайлардың мектеп құрылысына сіңірген еңбегі ерекше болғаны аталуы керек. Бұл ерен еңбекті ұйымдастырған, басы-қасында жүрген ҚазЦИК-тің мүшесі Ләмәли Қонарбаевты ерекше атаған жөн. Мектеп үйі толығымен 1932-1933 оқу жылына беріліп, мектеп алдына В.И. Лениннің тас мүсіні орнатылған. Осыған байланысты мектеп Лениннің атымен аталса, ауыл аты да Ленино ауылы болып күні бүгінге дейін аталуда. Ол мәнгілік солай болуға тиісті.
Сол кезде 40-50 шақты үйлі ауыл, 1962 жылдан бастап “Тереңсай” кеңшары болып шаңырақ көтерді. Кеңшарда 300-ден астам үй бар, дәрігерлік амбулатория, үш қабатты талапқа сай он жылдық мектеп 1970 жылдан бері жас ұрпақты тәрбиелеп, азамат жасау орталығына айналды.
Ал енді осы арада ашына айтар бір жай. Сонау 1942 жылдан (бірінші мектеп бітіруші 11 бала) 1992 жылға дейінгі 60 жылда үш мыңнан астам түрлі мамандық иесін шындап шығарған бұрынғы қарағай мектеп үйі (1981-1991 жж) басқарған директордың немқұрайлығынан іске аспай быт-шыт болды. Мектептен сол жылдары 40 шақты алтын-күміс медальмен бітірген тамаша кадрлар республиканың ол шеті мен бұл шетінде нағыз жауапты қызметтерде іс атқаруда. Олардың арасында ғалымдар, ақын-жазушылар, инженерлер, механизатор-малшыларды, аудан-облыс басшыларын көреміз. Мектептін алғашқы директорлары болғандар — Жандосов Сәдуақас, Сейітбеков Сейпи, ал 1942 жылдан Садықов Шияп, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім, 1966 жылдан 1987 жылға дейін Халық ағарту ісінін үздігі Қасымов Шекен.
1984 жылы мектептің 50 жылдығы аталып өтті.
«Талап, білім, еңбексіз – қалайша тірлік етпексіз» дегенді еске ұстаған педұжым пен оқушылардың даналық үні санаға қалыптасқан ауыл адамдары бір жағадан бас, бір женнен қол шығарып тату-тәтті ұжым болып қалыптасты.
Жаман сөйлер халықтан бастаған мінін жасырып, 1987 жылы мектеп ұжымы бір құмалақ бір қарын майды шіріткендей, “қайта құру” идеясын басшылыққа алып, ұйып тұрған педұжымды ірітіп-шірітті.
Ұзамай «атаңа не қылсан, алдына сол келеді» дегендей, 1991-1992 жылдары совхоз басқаруының да астаң-кестеңі шықты. Алайда іс оңға баспады. Мен саған, сен маған, өз құлқынын тығындау, түйені түгімен жұту, ұрлық-қарлық, талан-тараж, алдау-арбау өріс алып, алаяқтар “заңның” әлсіздігін пайдаланып, етікті қонышынан басып, жанұя басы машиналатып, өрескел “сайран” салып, халықты есенгіреткен кезең басталды. (1991-1993 жж).
Момын кісі тек жүрер, залымдарда көк жүрер – тәуекел қылсаң, жігіттер, қиындықта жеңілер дегенмен, 1992 жыл Жомарт ағаның бұрын-сонды болып көрмеген 1 га 27 центнерден 30-40 центнер берген жыл болды.
Бірақ дүние қымбат, халықты түнілткен жыл еді. Халық үкіметке, әкімге, президентке іштей риза емес, әйтеуір еңбек етеді, ертеңгі күнге сенімсіздікпен қарайды, қардай болған берекесіз 1000-5000 сомдық ақша-қағаздарды құшақтап алдануда.
Кеңшар болып жеке шаңырақ көтерген 1963 жылдан 1992 жылдарда бірнеше директорлар ауысқан екен.
Олар: Кенжеғозин Әскер (1965-1967жж), Мәмбетов Қалихан (1967-1968 жж), Керейбаев Есенғали, Елемесов Серікпай (1981 – 1991), Үмітбаев Манабай, Теменов Талғат әзір басқаруда.
Ал Ұлы Отан соғысына дейін және соғыс жылдары ұжымшарды басқарғандар: Байбота (1931 ж), Тоқпетов Қапез (1934 ж), Дәулиев Сәрсен (1934-1936 жж), Тапалов Сүлеймен (1938 ж), Әбу Байбатыров (1940 ж), Сибанбаев Қарақоржан, Құрманғожин Әлмағамбет (1942 ж), Досымбеков Қази (1954 ж). Тың игерген жылдары Қоспанов Боқан ( 1957 жылы). Торанғұл МТС-не қараған үш ұжымшар біріккен “Мектеп”, “Көктерек”, “Ленин” 1963-64 жылдары ұжымшар біріккен кеңшарға айналған.
Мемлекеттік жоспарда 1930 жылдары ауылға 500 үй салу белгіленген. 1992 жылдары 300-ден астам кеңшар орталығында үйлер болды. Үй салу, приватизация – жекешелендіруге кешенмен үйлер салынуда. 200-300 мыңдап мемлекет қарыз беруде. Өйткені үйлері ескірген, әлі де 150-160 адам кезек күтуде.
Кеңшар орталығында тұрғын үйлер салу 1979-1992 жылдары қарқынды жүргізілді. 1990-1992 жж. үш көше асфальтталған. Мәдениет үйі, асхана іске қосылды.
Қырманда да өзгеріс болғанмен, іске ерілген жоқ. Кеңшарда мал басы 1989-1991 жылдары қүрт кеміді. Экономикаға тұралау берекесіздік, жегеннің ауызы, тістегеннің тісінен табуға болар еді.
Ұлы Октябрь революциясы төнкерісінен кейін елде партячейка құрылған, тап жауымен қырқысқан қарулы күрес басталды.
Партячейканы басқарған Марьевкада Соколов, Перекальский, Наяндин тағы басқалар, қазақ арасында Алқаағаштан Қарамұқан Бексейітов (Ленин ауылы), Бастаудан Жайлаубай Баржақсин, Байымбет руынан Қошан Жантілеуовтар Кеңес үкіметін орнату жолында белсене күрескен. 1918 жылы ақ бандылар түнде Сергеевкадан Алқаағашқа келіп, Қарамұқанды ұстап, Таранғұлдан әрі Көкшетау жолында ағаш ішіне апарып өлтірген. Бір күн бұрын ұсталған түнде Қарамұқан арманын өлең етіп жазып, есіктің көсегіне қыстырып кетіпті. Ол былай деді:
Ұсынсам қол жетпейді туған айға
Бандылар қарамайды біздің жайға
Ел үшін тұтқындалдым екі дайда
Кім келер арашаға осындайда
Көп сәлем жасы үлкен ағаларға
Қас дұшпан ердің ісін бағалар ма
Тартыста табым үшін өліп кетсем
Ағалар мендей іні таба алар ма?
Бақыл бол жасы кіші інілерім,
Талпынып қыран құстай ұшсын дедім
Сендерді ерлік іске үйретсем деп
Жанымды тәуекелге бұрып едім.
Федор Шишкин, Кузнецов, Соколов, Перекальскийлер — Қарамұқанның жан аямас достары. Қарамұқанды іздеп әуре-сарсаңға түсті.
Ақыры Качелевка жолындағы ағаш ішінен Мұқанның денесін тауып жерледі. Сүйегі 1967 жылы туған жері Алқаағашқа әкеліп, қайта жерленіп, басына ескерткіш құлпытас орнатылды. Онда: «Бұл жерде Мұқан Бексейітұлы жерленді (1885-1921 жж). Ер есімі ел есінде!» — деп жазылған.
Ел деп тер төккен адам, тағдырын жете білетін, 1964 жылдан бастап кеңшар жеке тұрмыс құрған жылдарда кеңшардың партком хатшысы болып, бұрын «Новопокровка» кеңшарының партком хатшысы Ысқақ Ыбыраев (Совет Одағының Батыры) «Тереңсай» кеңшарында партком хатшысы болды. Кеңшар өз кадрларымен беки түсті. Кеңшарда 19500 гектар егіс көлемі, 5000 га дейін сиыр, жылқы, қой малдары болған. Кеңшар 4 бөлімшеден тұрды: «Мектеп», «Көктерек», «Қаратал», орталығы Ленино. Калихан Мамбетов тұсында МТМ, гараж, 100 тұрғын үй, наубайхана, т.б., мал баздары салынды. Кеңшарда 1500 еңбек адамдары бар, сырттан кадр алмайды. 100 тарта жеке машина, мотоцикл бар. Әр үйде радио, телевизор бар. 320 пенсионер, 140 көп балалы ана тұрады.
Қазір 1992 жылы әрбір үйлер жекешелендірілді. Елде 8 ұлт өкілі ынтымақты тұрып жатыр.
Кеңшар орталығында 1985 жылы Жеңіс саябағы ашылды. Онда әрбір жанұяға қарағай отырғызып, күтіп-өсіру міндеттеледі. Саябақта Ұлы отан соғысында қаза болған ерлерге ескерткіш тақта орнатылды.
Мектептің жанынан стадион жасалып, 1987 жылы пайдалануға берілді. Айта кетер бір жай: 1970-73 жылдары мектепте оқушылар саны 900-ге дейін жетті. «Жаңажолда», «Ақсуда», «Жаңасуда» он жылдық мектептер ашылуына байланысты оқушылар саны 340 болып кеміді.
1-10 кластар қазақша-орысша болып қазақ тілінің рөлі түсе бастап еді, 1990-1992 жылдары ана тілінде класс саны артып, 180 қазақ, 181 орыс кластарында сабақ оқыды. Бір класта (орысша) он баланың біреуі ғана орыс баласы болуы ана тілін туған тіл етуге бөгет болуда.
Таяудағы жылдары бірыңғай ана тілде оқытылатын кезеңге келуіміз керек.
Балабақша мен мектепте ана тілінде оқыту, оларды кадрмен іріктеп оқыту, бекіту егеменді ел, қазақ атын, затын, ата дәстүр-салтын өмірге қайта әкелуі керек. Басты мақсат оқу үйлері, мәдени ошақтары, «Халық театры», балабақша, мектеп болып ұйымдастырып, өз жұмыстарын батыл түрде, мақсатты етіп жүргізсе, халық арманын, қазақтың арманын жүзеге асыруға болады.
Аумалы-төкпелі заман ағымы адамдар санасына алдағыны болжап білуге сенімсіздік әкеліп, естен тандыруға, тіпті үрей әкелетіндей түрі бар.
Оны екінін бірі, лауазымды адамдардын өзі-де мойындап тұр-ау.
Иә, тірі болсақ көргеніміз әлі бір тоғыз, ал көрмегеніміз алда. әлі тоқсан тоғыз деп тіршілік ете берейік те.