Тікелей эфир «Бірге оқимыз»

2023 жылдың 20 қыркүйегі күні сағат 16.00-де Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында тікелей эфирде «Бірге оқимыз» онлайн жобасы аясында Назарбаев зияткерлік мектебінің 9 сынып оқушысы Өмірзақ Дамира Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» кітабы туралы баяндады.
Ақберен Елгезекті көпшілік ақын ретінде таниды. Бұған дейін ақынның бірнеше жыр жинақтары жарық көрген. Ал бүгінгі «Болмаған балалық шақ» повесі ақын Ақберен Елгезектің прозадағы тұңғыш еңбегі. Жетім баланың тағдырынан сыр шертетін бұл шығармада автордың өмірден көрген тауқыметі, арпалысқа түскен бақытсыз күндері жазылған. Əкесінен жастайынан айырылған ол, анасынан да тірідей айрылып, табиғаттан пана іздеген. Табиғат анамен тілдесіп, осындай алып тұлғаға айнала білді. Осынау өмірде ерте есейіп, өмірде көргенін кітапқа арқау еткенін ол жетім балаларға өмірдің қандай екенін ұғындырғысы келеді.
Ақберен Елгезек өз сұхбатында: «Болмаған балалық шақ» – менің ішкі трагедиям, менің тағдырым. Оны шығармасқа болмайтын еді. Естеліктер ішті мүжіп жеп қойды. Оқырмандар осы кітапты оқыған соң менің өлеңдерімді түсіне бастағанын жеткізді»,- дейді.