Тікелей эфир «Бірге оқимыз»

2021 жылдың 21 қыркүйегі күні сағат 16.00-де Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында тікелей эфирде «Бірге оқимыз» онлайн жобасы аясында қаламыздың Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қалиева Айнұр Молдашқызы өзі оқыған көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің «Атау-кере» романы жайлы сөз қозғады.
«Атау-кере» — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, талантты жазушы Оралхан Бөкейдің соңғы туындысы. Шығарма желісі төрт кейіпкер арасында өрбиді: басты кейіпкер – омарташы, аңшы жігіт Ерік, оның әйелі – Айна, Еріктің сыныптасы, кейінгі жылдары ішімдікке салынып кеткен аспирант жігіт Таған және Еріктің анасы Нүрке кемпір. Кейіпкерлердің мінездері әртүрлі. Мысалы, Ерік – дүниеқұмар, мінезі қатты болса, Айна – мейірімді, ақкөңіл жан. Ерік тек ақшаны ойлайды, ол ешкімді аямайды. Ақша табу жолында ол шетелден будан араларды алдыртады. Ал Айнаның жүрегі кең, ол енесі Нүркені құрметтейді, ауру кемпірді барынша күтеді. Оқиғаның соңында будан аралар есік алдында демалып отырған Нүрке кемпірді шағып өлтіреді. Қазаққа күйеуге тиіп, мұсылмандықты қабылдаған кержак қызы Нүрке (Нюра) о дүниеге аттанарда шоқынады.
Автордың ойын түйіндеп кетсек, әр адам өз ұлтына, өз діні мен мәдениетіне адал болуы керек. Сондай-ақ автор оқырманға дүниеқоңыздық жақсылыққа әкелмейтінін айтқысы келеді. Адалдық пен адамгершілік мәселесін көтерген бұл шығарманың жастарға берер өнегесі зор.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО#Информация #Мероприятия #Книги #Чтение #Коворкинг #ПарасатЖолы#Мейкерспейс #ГодДетскойЛитературы #БіргеОқимыз