«Тағылымы мол дарын»

2024 жылдың 24 сәуірі күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында тікелей эфирде қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы жерлесіміз Сәбит Мұқановтың туғанына 124 жыл толуына арналған «Тағылымы мол дарын» атты Мұқанов оқулары өтті (эфирге сілтеме).

Тікелей эфирде белгілі жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы жерлесіміз Сәбит Мұқановтың өнегелі өмір жолы, шығармашылығы туралы баяндай келе, оның адамдық, азаматтық адамгершілік қасиеттеріне, жазушылық ерекшеліктеріне, жас жазушыларға көрсеткен қамқорлығына жан-жақты тоқталды.Сонамен бірге қазіргі кейбір жас жазушылардың заман мен замана талабын ескермей, Сәбит Мұқановтың Алаш қайраткерлері туралы айтқан сөздерін ұрандатып, оған кінә таққысы келетіндігі де сөз болды. Жақсыбай Самрат өз баяндамасында осындай орашалақ пікірлерді әшкерелеп, олардың негізсіз екенін дәлелдеді.

Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марал Зейнел-Ғабиқызы Сәбит Мұқановты алғаш рет мектепте оқып жүрген кезінде көргенін, ол кездесудің өте әсерлі болғанын, Сәбит Мұқановтың өзінің әкесі жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың шығармаларының басылып шығуына көрсеткен қамқорлығын тілге тиек етті Эфирдің соңы Сәбит Мұқановтың өлеңдерін оқумен аяқталды.