«Шәкәрім оқулары» атты ақын өлеңдерін жатқа айту республикалық байқауы

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 2024 жылдың 12 наурызы күні ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын балалар мен жасөспірімдер арасында насихаттау мақсатында Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бастамасымен «Шәкәрім оқулары» атты ақын өлеңдерін жатқа айту республикалық байқауына облыстық іріктеу кезеңі өтті. Облыстық байқауға Солтүстік Қазақстан облысына қарасты кітапханалардың жас оқырмандары, мектептің 5-8 сынып оқушыларынан барлығы 14 оқушы қатысып, өз білімдерін сынады.
Ардагер ұстаз , Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері –Қарақат Шалабаев, Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің негізін қалаушы және жетекшісі, Республикалық ақындар айтысының жүлдегері — Жарқын Жұпархан, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінің кітапханашысы — Зәмзәгүл Рамазан сынды қазылар алқасы қатысушылардың жетістіктерін бағалады.

Осы «Шәкәрім оқулары» атты республикалық байқауға қала және аудан мектептерінен іріктеліп алынған жеңімпаздар белсене қатысты. Қатысушылардың ақын шығармаларын жатқа мәнерлеп оқуы, өлеңді таңдауы және оқу шеберлігі, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтауы, сахнада өнер көрсету мәдениеті және қазақтың ұлттық киім кию үлгілері басты назарға алынды.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі 1 орынды Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық- классикалық гимназияның 5 «а» сынып оқушысы Ақжарқынұлы Әзиз иеленіп, Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды. 1-3 орын алған жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар берілді. Байқауға қатысқан барлық қатысушылар дипломдармен марапатталды.
Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алған жерлесіміз Ақжарқынұлы Әзизге сәттілік тілейміз!