Оралбек Ботбай кітаптарының тұсаукесері

Жуырда С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қоры жаңа құнды еңбектермен толықты. Белгілі кәсіпкер, филантроп, қарымды қаламгер Оралбек Қожамжарұлы Ботбай кәсіпкерлік бағытқа арналған «Келешекке жетелеген 7 сапар», «Нұрлы нөсер», «Нысап сайын береке» және тарихи деректермен толыққан «Төле би», «Бәйдібек баба» атты кітаптарын кітапханаға сыйға тартты.
Бүгін кітапханада аталған кітаптардың тұсаукесері өткізілді.
Оралбек Ботбай «Нысап сайын береке» кітабында кәсіпкерліктің қыр-сыры, оған негіз боларлық өмірлік ұстанымдары туралы қалың оқырманмен ой бөліседі.
«Нұрлы нөсер» атты еңбегінде ел мен жер, адам мен заман, кәсіп пен нәсіп, өнер мен өмір турасындағы ой толғамдарын ортаға салады.
«Келешекке жетелеген 7 сапар» атты кітабында шет елдерге жұмыс сапарлары барысында өзін толғандырған елдік мәселелер жайындағы ой тебіреністері мен жолжазбалары жинақталған.
«Төле би» атты танымды, құнды еңбекте Төле би жайлы ақын-жазушылардың шығармалары мен ғалымдардың зерттеулері біріктірілген.
«Бәйдібек баба» атты еңбекте атақты би жайлы халық ауызында айтылып жүріп, әлі де бір топтамаға топтастырылмаған әңгімелер жинақталған.
Тұсаукесерді Солтүстік Қазақстан облысының Азаматтық альянс төрағасы Жанат Мұхаметжанов жүргізді. Тыңдаушылар ретінде М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің 3-курс студенттері қатысты. Алдымен автормен толығырақ танысу үшін «Замандастар» атты деректі фильм көрсетіліп, О.Ботбайдың өмірі, қызметі және елімізді өркендетуге, мәдениет, өнер саласын дамытуға қосқан үлесі, қайырымдылық іс-шаралары туралы толық таныстырылды. Содан соң жазушы, журналист, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат автормен сырттай таныстығы, кездесулері туралы естеліктерімен бөлісті, автордың кітаптарына қатысты пікірін білдірді.
Оралбек Қожамжарұлы ұлттық мәдени мұраны насихаттау және сақтау, білімді, әлеуметтік белсенді жастарды тәрбиелеу саласында көптеген игі істер мен бастамаларға мұрындық болып жүрген азамат. Ауылдарды әлеуметтік жағынан қолдау, түрлі өнер фестивальдеріне, айтыстарға демеушілік ету тәрізді жақсы істерімен де жұртшылыққа таныс.
Тұсаукесерде Оралбек Ботбай ZOOM арқылы байланысқа шығып, кітапханаға ризашылығын білдірді. Автор кітапхананың жас оқырмандарын кітап оқуға ынталандыру мақсатымен, келер жылы маусым айында кітапхананың жас оқырмандарының арасынан белсенді он адамды Түркістан қаласына он күнге тегін демалысқа апаратынын жеткізді.
Шараның соңында модератор авторға кітапхана оқырмандары мен ұжымы атынан тарту еткен кітаптары үшін алғыс білдірді.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО#Информация #Мероприятия #Книги #Чтение #Коворкинг #ПарасатЖолы#Мейкерспейс #ГодДетскойЛитературы