«Мағжан және ұлттық болмыс». Ғылыми-танымдық семинар

30 наурыз күні кітапханада даңқты жерлесіміз, ақын, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы аясында ҚР Ұлттық ұланы академиясымен бірлесе «Мағжан және ұлттық болмыс» тақырыбына ғылыми-танымдық іс-шара өтті. Іс-шарада полковник Архат Тәттімбетов, Академияның Тілдік дайындық кафедрасының бастығы, майор Ақмарал Сәркенқызы сөз сөйлеп, Мағжан Жұмабаевтың жай ғана ақын емес, ұлт болашағы үшін күрескен қайраткер екенін баса айтты, залда отырған жастарды Мағжанның аманатына адал болуға, үмітін ақтауға шақырды. Шара барысында Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасалып, бейнефильмдер көрсетілді. Ақын, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Жұмабек Рахимов, кітапхананың дарынды оқырманы Мөлдір Қыстаубаева және жас ақын, курсант Абидкалиев Нұрхан өздерінің Мағжан Жұмабаевқа арнаған жалынды жырларын оқып берді. Академия курсанттары ақынның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты өлеңдерін, Сәрсенов Имран және Файзрахманов Тамир ақын өлеңдерінің орыс тіліндегі аудармасын оқыды. Барлық оқылған өлеңдерді курсанттар Серікбай Олжас және Ерболат Арыстан домбырада тамаша күйлермен сүйемелдеп отырды. Іс-шараның соңында қатысушылар кітап көрмесімен танысты.