Ұлы Дала дүбірі

2024 жылдың 11 қаңтарында Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына арналған «Ұлы Дала дүбірі» = «Встреча в великой степи» атты кең ауқымды панорама көрмесінің тұсаукесері өтті.
Бұл – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — этникалық спорт түрлері бойынша халықаралық спорттық жарыстар. Олар ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.
Көрмеде көшпенділер тарихы бойынша бірегей материалдар, ғылыми еңбектер, кітаптар, қазақ өнері бойынша альбомдар, спорттық жетістіктер мен ұлттық ойындар туралы иллюстрациялар мен басылымдар жинақталған, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін бейнелейтін медиаресурстар мен сәндік бұйымдар ұсынылған.
Іс-шара Ақан сері атындағы облыстық филармонияның «Әлқисса» фольклорлық ансамблінің орындауында ұлттық әуендермен ашылды.
Жүргізушілер екі тілде көрмеге шолу жасап, ойындардың тарихы, негізгі ережелері мен бағдарламасы туралы айтып берді. Спорт бағдарламасына және қазақтың ұлттық спорт түрлеріне тоқталды.
Күрес бойынша БЖСМ-нің жас спортшылары қазақ күресінің кейбір тәсілдерін көрсетті.
Іс-шараға қонақ ретінде СҚО-ның құрметті азаматы, спорттағы дарынды балаларға арналған мектептің негізін қалаушы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ж.С. Тасеменов қатысты.
СҚО ІСБ қоғамдық даму және ақпарат орталығының Жастар бастамалары бөлімінің қызметкері С. Сәбитов және әл-Фараби атындағы қазақ мектеп – лицейінің оқушылары тоғызқұмалақ ұлттық зияткерлік ойынын ойнап, қатысушыларға ойын тәртібін үйретті.
Іс-шара «Әлқисса» фольклорлық ансамблінің орындауындағы Қазанғаптың «Ақжелең» күйімен аяқталды. Қатысушылар естелікке суретке түсті.
Көрме жыл бойы жұмыс істейді. Барлық ниет білдірушілерді экскурсияға шақырамыз.