«Қиын тағдырлы жазушы»

2023 жылдың 12 мамыры күні С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада жерлесіміз, жазушы, публицист Әбдірахман Көшерұлы Айсариннің туғанына 125 жыл толуына арналған «Қиын тағдырлы жазушы» атты еске алу кеші өтті.
Шараға ақын-жазушылар, журналистер, зиялы қауым өкілдері, Әл-Фараби атындағы №18 мектеп-лицейдің, Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектептің оқушылары, кітапхана оқырмандары, Ә.Айсариннің туыстары, ұрпақтары қатысты.
Шараны Сәбит Мұқанов атындағы ОӘҒК-ның бөлім басшысы Майра Әшімова жүргізді. Шараға қатысқандар Әбдірахман Айсариннің өмірі мен шығармашылығы, отбасы, қызметі жайлы толық құнды ақпарат алды.
Алғашқы сөз сөйлеген Ә.Айсариннің інісі Ысқақ Көшерұлының келіні Сапыш Шұбайқызы Ә.Айсарин туралы атасы Ысқақ Көшерұлының өз аузынан естіген көптеген құнды мәліметтер келтіре отыра, Ә.Айсариннің өзі ғана емес, інісі Ысқақ Көшерұлы да теперіш көріп, көптеген қиындықты басынан кешіргені жайлы әңгімеледі.
Ә.Айсариннің үлкен қызы Айнаның қызы, жиені Күләш Шаяхметова өзінің осындай адамның ұрпағы екенін мақтаныш тұтатынын тілге тиек етті. М. Жұмабаев сияқты азаматтармен бірге жүрген, сол заманда бірге қызмет атқарған, елге еңбегі сіңген нағашы атасы Ә. Айсариннің де есімі мәңгілік халық жадында сақталатынына сенемін дей келе, нағашы әжесі Мәдина Қостанкелдіқызынан (Ә.Айсариннің зайыбынан) естіген көптеген мәліметтерді тілге тиек етті, нағашы атасы Ә.Айсарин ұсталғаннан кейінгі әжесі Мәдинаның «халық жауының әйелі» ретінде көрген қорлықтарын, оның да Алжирде тұтқында болғанын, босап шыққаннан кейінгі әжесінің өмірі жайлы тебірене айтып берді..
Ә. Айсариннің інісі Ысқақ Көшерұлының келіні Орынбасар Зейноллақызы
Көшерова Ә.Айсарин туралы Ысқақ атасынан естігенін әңгімелеп таратты. Жерлесіміз, жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың үйлеріне бірнеше қайтара келіп, сұхбат алғанын әңгімеледі.
Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марал Оспанова әкесі Зейнел-Ғаби Иманбаевтың қолжазбасын ала келіп, әкесінің Ысқақ Көшерұлынан алған сұхбатынан Ә.Айсариннің өміріне қатысты жерлерінен үзінді оқып берді.
Шараға қатысушылар «Халқымыздың ардақты перзенті» атты кітап көрмесін тамашалады. Слайд көрсетілді.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Коворкинг #ПарасатЖолы #Мейкерспейс #Информация #Чтение #Книги