«Халқымыздың қайта тумас данасы»

2024 жылдың 20 ақпаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері Әйтеке би Байбекұлының туғанына 380 жыл толуына арналған «Халқымыздың қайта тумас данасы» атты тарих сағаты өтті.
Іс-шараны белгілі жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат жүргізді.
Шараға зиялы қауым өкілдері, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері, 6637 әскери бөлімнің сарбаздары, кітапхана оқырмандары қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Облыстық соттың төрағасы Ербол Жанғазин өз баяндамасында Әйтеке бидің өнегелі өмірі, ел қамын жеген адал еңбегі, топ бастаған көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі, әділдігі туралы баяндай келе, оның өсиет, даналық сөздеріне тоқталды. Тәуке хан дәуіріндегі қазақ хандығының аса көрнекті билерінің бірі ретінде «Жеті жарғыны» шығаруға елеулі үлес қосқанын, бұл заңдар жинағының қазақ қоғамында маңызды рөл атқарғанын тілге тиек етті.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зылиқа Бимақанова Әйтеке бидің ата-тегіне жан-жақты тоқталды. Оның би шешендігімен, «қара қылды қақ жарған» әділдігімен бірге жоңғарлармен болған ұрыстарда қол бастаған батыр да болғанын, достары Төле, Қазыбек билермен және жауынгер замандастары Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек батырлармен бірге Қазақ елінің, халық жасақтарының басында болып, XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген бауырластарының басына түскен ауыртпалықтарды бірге көтергенін, қатерлі жорықтармен қанды шайқастардың қайғысын, жеңгенде қуанышын бірге көргенін, елінің еркіндігін, жерінің бүтіндігін бірге қорғасқанын баса айтты.
Өлкетанушы, «Асыл мұра» орталығының ғылыми қызметкері Дәстен Баймұқанов талай ғасырлық тарихымызда айрықша ілтипатпен аталатын билер институтының ұлттық мемлекетті қалыптастыруда маңызы зор болғанын тілге тиек етті.
Шараға қатысушылар «Кемел ойдың көсемі» атты кітап көрмесін тамашалады.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Коворкинг #ПарасатЖолы #Мейкерспейс #Информация #Чтение #Книги