Елбасы күні — елдікке кұрмет

1 желтоқсан – Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы айтулы күндердің бірі. Өйткені 1991 жылы дәл осы күні бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев егемен елдің Тұңғыш Президенті болып сайланды. Сол сәттен бастап ел тағдыры Ұлт көшбасшысының қолына сеніп тапсырылды. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар берген Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз.
Бүгін біздің кітапханада осы айтулы мерекенің қарсаңында белгілі жазушы, қоғам қайраткері, СҚО Құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменовпен тікелей эфирде кездесу өтті.
Кездесуде Жарасбай Қабдоллаұлы бұқаралық ақпарат құралдары саласында еңбек ете жүріп, Тұңғыш Президентіміздің облысымызға келген сапарлары барысында, Елбасының Қытайға мемлекеттік сапарында кездескен сәттерін еске алып, сол кездесулерден алған әсерлерімен бөлісті. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды Тәуелсіздік алған сәттен бастап дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізудегі ерен еңбегі, өлшеусіз үлесі жайлы пікірін ортаға салды. Қазіргі таңда елімізде жастардың дамуы үшін мүмкіндіктердің көп екенін алға тарта отырып, жастарды білім алуға, елімізді дамытуға аянбай үлес қосуға шақырды. Тікелей эфирден кейін кітапханаға Елбасы туралы солтүстікқазақстандықтардың ой-пікірлерін, лебіздерін топтастырған «Жасампаз» атты кітап-альбомды және өзінің «Сөнбейтін шырақ» атты кітабын тарту етті.