Аннотация
Филология ғылымдарының докторы, проф. Шериаздан Елеукеновтың «Мағжан» атты туындысы 1995 жылы жарық көріп, оқырман жұртшылық тарапынан жоғары бағаланып, кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болғаны мәлім. Уақыт өте келе тәуелсіздік заманының үздік ізденістерінің бірі саналатын кітаптың маңызы артпаса, еш кемімеген. Жанры жағынан филологиялық эссе түрінде жазылған бұл кітап бұрын-соңды айналымға түспеген бай материалды ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдау, ақынды тудырған тарихи ортаны, сол кездегі қоғамдық қатынасты терең сипаттау негізінде Мағжан Жұмабаевтың жарқын бейнесін зор шабытпен өрнектейді. Ұлтымыздың көкейтесті проблемалары жайлы ақын толғаныстары бүгін де актуальді: Мағжан осы қазір тәуелсіздік мінберінен сөйлеп тұрғандай әсер етеді. Ол Абайдан соңғы ақын-жазушылардың алдыңғы қатарында қазақ елінің ендігі тағдырын жырына алтын арқау етті. Қазақтың кемеңгер ұлттық ақынының шығармагерлік ересен еңбегін барынша көрсете білген зерттеудің мәтіні жаңа басылымда өзгеріссіз, бұрынғы қалпында толық сақталды.
Кітап әдебиет зерттеушілеріне, жоғары оқу орны студенттеріне, жалпы әдебиетсүйер әлеумет үшін пайдалы құрал бола алады.
