📄 Статья

Халқыма деген махаббатым шексіз

Источник Солтүстік Қазақстан
Год 2025
Тематика

Аннотация

Атақты сөз зергері, жерлесіміз Ғабит Мүсірепов «Асылы, адам — өз өмірінің суретшісі. Ол өмірін сырлап, бояуға, оған ажар, түр беруге, тіпті әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді» деген екен. Әр адамның өмір жолының өзінше өрілуінің бір сыры осында жатқаны анық. Ат жалын тартып мінгеннен абыз жастың биігіне көтерілгенге дейінгі ұзақ жолда әр азаматтың парызы — халқына қызмет ету, адал еңбекпен мал табу деген ұстанымынан айнымай келе жатқан еліне еңбегі сіңген белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Құдайберген Қалиевтің де өз әлемі бар. Жақында 80 жастың төріне қадам басатын ардақты жан мен белгілі журналист-жазушы Жарасбай Сүлейменовтің арасындағы сыр-сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

— Құдайберген Қалиұлы, қарсы болмасаңыз, әңгімемізді өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамымыздағы құбылыстармен байланыстыра өрбітсек.

—  Жақсы. Қарсылығым жоқ.

— Әріптестерім талай белестерді артқа тастап, белгілі бір биіктерді бағындырған өзіңіз сияқты азаматтардан «Жаратқан өткен өміріңізді қайтарса, осы сүрлеумен жүрер ме едіңіз, әлде басқа жолды таңдайсыз ба?» — деп сұрап жатады. Бұл сауалдың жауабы да тереңде жатпаған сияқты, көпшілігі: «өткенге өкінбеймін» деп нық сөйлейді. Өмір болғаннан кейін адастырмайтын дұрыс жолды таңдай алмайтындар да болатын шығар? Осы жайында сіз қалай ойлайсыз?

— Өмір жолыма көз жіберсем, Алла маған берген ғұмырды дәл осы сүрлеумен қайта жүріп өтер едім деп нық айта аламын. Әрине, адам баласының қателіктері мен өкініштері болмай тұрмайды, бірақ жалпы алғанда мен тағдырыма разымын, тандаған жолыма өкінбеймін. Құдайға шүкір, жастайымнан ата-анам үйреткен адалдық пен еңбекқорлықтан айнымадым, соның арқасында халқымның ықыласына бөленіп, елімнің дамуына қажыр-қайратымды жұмсадым. 1966 жылы ауыл шаруашылығы институтын қызыл дипломмен бітіріп, қолыма тиер-тиместе ең шалғайдағы Тимирязев ауданына жас агроном болып аттандым. Сол кездегі тәртіп бойынша, қалада не жақын ауданда қалдыру мүмкін емес еді — жас маманды ел еңсесін көтеруге мұқтаж қиыр түкпірге жіберетін. Мен де солай туған жердің шақыруын қабыл алып, еңбек жолымды бөлімше агрономдығынан бастадым. Бұл мен үшін тағдырымның алғашқы үлкен сынағы болды, бірақ жас жүректегі жігер мен елге қызмет етсем деген арман мені осы қиындықтардан сүріндірмеді.

Жиырма екі жасыма жетпей қолыма диплом алып, тың өңірге аттанғаным — өмірлік жолымды анықтап берген шешім еді. Одан кейін бас агроном, кеңшар партия ұйымының хатшысы, директор, аудандық атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы сияқты жауапты баспалдақтардан өттім. Бәрінде де бір қағиданы ұстандым: абыройлы қызмет ету, тапсырылған жұмысты жан-тәніммен беріліп істеу. Сол ұстанымның арқасында қай қызметте де елдің сенімінен шығуға тырыстым. Кейін облыс әкіміне бірінші орынбасар болып тағайындалып, одан соң «Азық-түлік келісімшарт корпорациясын» басқару бақыты бұйырды. Осындай биік лауазымдар — мен үшін мәртебе ғана емес, ең алдымен, халық алдындағы зор жауапкершілік еді. Әр күн сайын туған жеріме не берем, халқым үшін не істей аламын деп өмір сүрдім. Сондықтан да қайта өмірге келсем де, осы жолымды тандар едім, себебі маған бақытымды да, беделімді де сыйлаған — халқым мен еңбек жолым. Өмірдің мәні атақ-даңққа қол жеткізуде емес, туған еліңнің топырағына не өнегелі іс қалдырдың — бар гәп осында деп түсінемін. Өткен күндеріме көз жүгіртсем, қандай қиындық көрсем де, сол сынақтар шыңдап, адам ретінде қалыптастырғанына шүкір деймін. Демек өткенге өкінішім жоқ, керісінше сол жолдан үйренгенім көп, нәтижесі көңіліме медет.

— Адамға қашанда ой серік қой, сексеннің сеңгіріне көтерілген шағыңызда оңашада ойға беріліп, өткен күндерді еске алатын, ғұмыр жолыңыздың ең бір жарқын, қымбат сәттеріне оралып ерекше бір күй кешетін сәттеріңіз бола ма? Қайталанбас сол бір күндер мен жылдарды тағы бір жаңғыртуға қалай қарайсыз?

— Сексеннің сеңгіріне шығып отырған шақта кейде оңаша отырып, өткен күндердің елесіне берілетінім бар. Әсіресе жастық шағымның жарқын сәттері жадымда мәңгі сақтаулы, соларды сағына еске аламын. Еңбек жолымның алғашқы жылдары — мен үшін қайталанбас қымбат кезең. Мәселен, 30 жасымда «Целинный» кеңшарының директоры болып тағайындалған күнімді ерекше толғаныспен еске аламын. Жас болсам да, сол кездегі аудан басшысы Виталий Михайлович Юдаков маған үлкен сенім артты. Біз бір мақсатқа жұмылып, бүтін бір кеңшарды гүлдендіруге кірістік. Есімде, сол кездері аудандық ұран болған бір мақсат бар еді: «20 мың халық, 20 мың шаршы метр тұрғын үй, әр гектардан 20 центнер астық алу!» — деп сонау елу жыл бұрын алдымызға үлкен меже қойдық. Біз жастық жалынымызды сол асқақ мұратқа қол жеткізуге арнадық. Нәтижесінде, небәрі бірнеше жылдың ішінде Тимирязев ауданы солтүстіктегі алдыңғы қатарлы аймақтардың біріне айналды. Кеңшарымызда жаңа үйлер, мектептер, балабақшалар бой көтерді, тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін жанымызды салдық. Осы жетістіктердің арасында есте қалғаны — 1979 жылғы үлкен еңбек жеңісіміз. Сол жылы аудан болып 1 миллион тоннадан астам астық жинап, гектар түсімі 27 центнерге дейін жеткен еді. Бұл — сол заман үшін рекордтық көрсеткіш, ортақ ұжымдық еңбектің жемісі болатын. Жастардың жалыны, аға буынның ақылы астасып, шалғай дала төсін берекеге бөледік — осы сәттерді жүрегімде мақтанышпен сақтап келемін.

Тәуелсіздік дәуіріндегі жарқын бір естелікті айтсам: 1992 жылы Солтүстік Қазақстан облысы ел бойынша астықтан тарихи рекордқа қол жеткізді — әр гектардан 30,4 центнерден өнім алынды. Қараңызшы, бір жылда ел қырманы қамбасын толтырды! Сол қызығы мен қиындығы аралас жылдарды қазір сағыньшшен еске түсіремін. Құлшынып еңбек еткен кездер ғой. Қарамағымда еңбек еткен жүздеген азаматтардың қуанышы, маңдай терлерінің өтеуі — астық тау болып үйілгенде төгілген алғыс… Мұны ұмыту мүмкін бе? Жастық шақтың сондай ұмытылмас күндеріне кейде ойша ораламын. Әрине, өткен күн қайта айналып келмейді; бақытты шақтар — өміріңнің бір бөлшегі болып, алға жылжуға дем беретін естелік қана. Дегенмен адам баласы балғын кезін, қажыр-қайраттың қайнаған шақтарын өмір бойы қимастықпен еске алады екен. Сол сияқты мен де еңбек пен достықтың қайнаған ортасындағы қайталанбас жылдарды ерекше бір сезіммен есіме аламын. Қол жеткізген табыстар, еңсерген белестер — бәрі тарихқа айналды. Бірақ солардың әр сәті мен үшін жүрекке ыстық, көңілге қуат.

— Дүние есігін ашқан әркімнің де алдынан шығатын сынақтар да, сұрақтар да көп. Осындай сауалдардың бірі мамандық таңдауға қатысты. Жол басыңда баршаны «Кім боламын?» деген сауал мазалайды. Сіз де осы сауалды өзіңізге сан мәрте қойған шығарсыз. Жалпы болашақ мамандығыңызды өзіңіз таңдадыңыз ба әдде ықпал еткен адамдар бодды ма?

— Мамандық тандау — әркімнің өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі. Мен де мектеп бітірер сәтте «Қандай мамандық иесі боламын?» деп көп ойланып, толғандым. Дегенмен туған жердің топырағына жақын болып өскен соң ба, кішкентайымнан жердің иісін сезіп, табиғат сырларын зерттеуге құмар болдым. Мектебіміздің білікті ұстазы, ұлты неміс Виктор Финк есімді кісі химия мен биология пәнінен сабақ беретін. Ол кісі біздің Николаевка ауылына жер аударылып келген екен, өзі парасатты, өте білімдар жан еді. Сол Финк ұстазым мені ылғи қолдап, бағыт-бағдар беретін. Бірде ол: «Құдайбергеннен білікті агроном шығады» деп мақтап, маған қанат бітіргені есімде. Мен таза қазақ ауылынан шығып, орыс тілінде білім алсам да, сол кісінің көмегімен орысшаны жетік меңгеріп, жаратылыстану ғылымдарына қатты қызықтым. Ұстазым менің бойымдағы осы қызығушылықты көріп, ауыл шаруашылығы саласына баруыма ықпал етті, агрономдық жолды тандауыма себепкер болды. Шынында да, жер-анамен жұмыс істеу — маған қонып туған қасиет сияқты. Әкем Қали — он саусағынан өнер тамған шебер, ұста, диқан жан еді, анам Қамиша да еңбекқор адам болған деседі. Сол кісілердің қаны тамырларымда тулап, мені топырақ құнарын бағалап, жердің жайын қастерлеуге бейімдеген шығар. Сондықтан өз қалауым да — туған өлкенің егіні мен төрт түлігіне қожа болатын, елге қажет агроном болу еді.

Мектепті жақсы аяқтап, 1961 жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түстім. Студенттік шақ мен үшін жаңалықтарға толы, ғылым-білімнің қыр-сырын меңгерген кезең болды. Институтта үздік оқып, теориялық білімді терең игеруге тырыстым — оның нәтижесін қызыл диплом алып шығуым көрсетті.

Осылайша мен болашақ кәсібімді ешкімнің мәжбүрлеуінсіз саналы түрде таңдадым. Әлбетте, өмір жолымда жақсы көрген, үлгі тұтқан ағаларымның кеңесі де әсер етпей қоймады. Бірақ негізгі шешімді жүрегімнің қалауымен қабылдадым. Аграрлық сала — менің нағыз стихиям екенін ерте түсіндім. Тың көтеру жылдарының да жас санама әсері зор болды: кең байтақ далаға жан бітіру, елді астықпен қамту идеясы менің жігерімді жанитын. Институт бітірген соң өз өңіріме сұранып, жолдамамен солтүстік топырағына келдім. Жас маман ретінде ештеңеден тайсалған жоқпын, бойымдағы бүкіл білімім мен ынтамды туған елімнің жаңа дәуірін құруға арнадым. Көп ұзамай, тәжірибемен шыңдалып, бас агроном, қызметіне жоғарыладым. Осылайша таңдаған мамандығым өмірлік тағдырыма айналды. Бүгінде артқа қарап, дұрыс таңдағаныма көзім жетеді; егер мамандығымды сүймесем, мұнша жыл табан аудармай ауыл шаруашылығында еңбек ете алмас едім. Жүрек қалауымен келген жолымнан ләззат тауып, елге қызмет етудің орасан қуанышын сезіне алдым.

— «Менің пірім Сүйінбай» демекші, әркімнің де үлгі тұтар тұлғалары болатыны анық. Сізді өмір жолында жеке қасиеттерімен жетелеген осындай тұлғалар болды ма?

Әр адамның өмірінде бағыт сілтер бір немесе бірнеше тұлға болады. Мен де өз жолымда үлгі еткен жандарды айта аламын. Біріншіден, мені дүниеге әкеліп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ата-анам — ең алғашқы ұстаздарым. Әкем Қали ауылға сыйлы, қолынан өнер тамған ісмер, момын, адал адам еді. Шешем Қамиша мен алтыға толғанда дүниеден озды, алайда әкем мен жақын ағайындарым сол аналық мейірімнің кемдігін білдірген жоқ. Әкемнің маған арнап қойған есімінің өзі көп нәрсені аңғартады: Кұдайберген — «Алланың  бергені» деген мағынада. Сол атқа лайық болуым үшін әкем жастайымнан әділдікті, еңбексүйгіштікті бойыма дарытты. Ауылдың үлкен-кішісі әкемді «Қали шебер» деп кұрметтейтін, сөзін тындайтын. Әкемнің мәртебесі мен үшін биік өнеге еді. Ал анамның жан жылуын көп сезіне алмасам да, аналық тәрбиенің орнын жақын апа-жеңгелерім толтырды. Сөйтіп, мен бір әулеттің сүйіспеншілігіне бөленіп өсіп, жақсылыққа, мейірімге, үлкенді сыйлауға бейім болып ержеттім. Адалдық пен адамгершілік деген қасиеттер алдымен сол ата-анамның қаны арқылы дарыды деп білемін.

Екіншіден, мектеп директоры Асқар Игібайұлы Игібаев ұстазымды әрдайым ерекше кадірлеймін. Ол кісі маған тек білім беріп қоймай, өмірлік бағыт-бағдар сілтеді. Сабақтан тыс уақытта да мені кітап оқуға, ғылымға кұштарландырды. Соның арқасында жас шағымнан үздіксіз ізденіс пен үйренуге деген дағдым қалыптасты, бұл қасиет мені кейін де алға жетеледі. Институтта оқып жүргенде де ұлағатты ұстаздарым болды, олардан агрономияның қыр-сырын ғана емес, өмірге деген тұғырлы көзқарасты үйрендім.

Кейін қызмет жолына түскенде көп ақылшы аға кездесті. Солардың бірі — Владимир Александрович Митронин деген азамат. Ол кісі Тимирязев ауданының бірінші басшысы болып ұзақ жыл еңбек етті, мені де жас кадр ретінде баулып, қанатының астына алды.

Тайшабек Тобылбаев ағам әр адамның кабілетін бағалап, еңбегін әділ саралай білетін, адамдармен ортақ тіл табысудың шебері еді. Соның арқасында өзім басқарған кеңшардың талай күрделі мәселелерін тізе қосып шештік. Тайшабек ағаның қамқорлығы, жұмыс істеу стилі менің де басшылық қабілетімді шыңдауға көмектесті. Ол кісіге карап, адам басқаруда талап пен жанашырлықты ұштастыруды принципшіл бола тұра қарамағындағы адамдарды бағалауды үйрендім.

Сонымен бірге мен сырттай үлгі еткен үлкен тұлғалар болды. Бала кезімде кітаптар мен газет беттерінен окып, есімін жаттап өскен кайраткерлер бар еді. Біздің Солтүстік өнір — талай мықтыларды түлеткен мекен. Мысалы, Бәйкен Әшімов, Мақтай Сағдиев, Кәкімбек Салықов, Ніл Болатбаев, Жаксылық Ысқақов, Есім Шайкин сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері еңбек жолдарын осы өлкеден бастап, кейін елге танылған тұлғалар болды. Жас Құдайберген сол кезде олардың қатарын толықтыратынын білген жоқ, әрине. Бірақ сол ағаларымның өмір жолы мен үшін өнеге мектебі еді. Олардың еңбекқорлығы, елге жанашырлығы, ұйымдастырушылық дарыны мені шабыттандыратын.

Кейін мен де осы кісілер жүріп өткен жолмен келе жатқанымды түсініп, олардың тәжірибесінен көп тағылым алдым және бәрімен жақсы қарым-қатынаста, сыйластық жолында болдым.

90-жылдардың басында облыс әкімінің орынбасары қызметінде жүріп, ел сенімін ақтау үшін талмай еңбек еттім. Әлі есімде, бір жолы Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің облысқа жұмыс сапарымен келгенде, ауыл шаруашылығындағы жетістіктерімізге риза болып: «Солтүстік Қазақстан — ел қамбасын астықка толтырып отырған қайнар өңір, еңбектерің жана берсін!» — деп қолымды қысып, жігерлендірген еді. Міне, осындай бір ауыз жылы сөздің өзі жаныма қанат бітіріп, тәулік бойы шаршамай жұмыс істеуге қуат беретін.

Тізе берсем, өмірімде жолыққан жақсы адамдар көп. Мен солардың әрқайсысынан жақсылық үйрендім, тәлім алдым. Әріптес, дос болған замандастарымнан да үлгі көретінмін. Олар бір қасиетімен ерекшеленсе, соны бойыма сіңіруге тырыстым. Кемеңгер Абай: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» дейді ғой — мен жолықтырған кемел тұлғалар маған дәл осы еңбектің бейнеті мен зейнетін түсіндірген, адамгершілік пен қарапайымдылықты ту еткен жандар болатын. Соларға қарап жүріп, өзім де қолымнан келгенше сондай болуға талпындым. Қандай жетістікке жетсем де, ол — маңдай терімді ағызған ұстаздарым мен маған сенім артып, қанат бітірген ағаларымның арқасы деп білемін.

— Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 34 жыл толады. Осы жылдар ел иесі, жер иесі — қазақтың санасына қандай өзгерістер әкелді? Біз қалыптасқан жағдайды дұрыс бағалап, уақыт талабына ілесе алып отырмыз ба? Тәуелсіздік жылдары қазақтың өз бойында қандай өзгерістер болды? Абайдың қарасөздеріндегі, Мағжанның жырларындағы бейғам қазақтың бейнесі көмескіленетін, келмеске кететін мезгіл жеткен сияқты.

— Биыл егемен ел атанғанымызға отыз төрт жыл толып отыр екен. Қарап отырсақ, аз уакыт емес. Осы жылдар халқымыздың ұлттық санасында үлкен өзгерістер әкелді деп ауыз толтырып айта аламын. Кеңестік кезеңнен шыққан қазақ қоғамы бастапқыда босаң қалыпта еді — жетпіс жыл бойғы бодандық сана, ұлттың өз мүмкіндіктеріне күмәнмен қарауы, өз қадірін өзі білмеуі сиякты жағымсыз сипаттарымыз болды. Абай атамыз өз заманындағы қазақтың бойкүйез мінезін «бейқамдық» деп сынады, Мағжан ақын жүрекпен жырлаған алаңсыз халық бейнесі де есте. Тәуелсіздік алған соң, біз сол етек-жеңімізді жинамаған күйімізден арылып, серпілуге тырыстық. Әрине, бұл бір-екі жылда бола қойған жоқ. Бірақ отыз жылда халқымыздың рухани тұрғыда ес жиып, жаңа болмыс қалыптастырғаны ақикат.

Ең алдымен, ұлттық намысымыз оянды. Қазақтың өз елінде азшылық болып қалу қаупі уақыт өте келе сейілді — қазір шүкір, халқымыздың саны өсті, қазақ ұлтының үлесі 70 пайыздан асты. Өзге ағайындарымызбен тату-тәтті өмір сүре отырып, қазақтың мемлекет құрушы ұлт ретіндегі жауапкершілігі артты. Бұл — санадағы үлкен өзгеріс. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан басталған демографиялық үрдістер соның дәлелі: шеттегі қандастарымыз жаппай атамекенге орала бастады. Бүгінде тағдырдың жазуымен бүкіл әлемге тарыдай шашылған қазақтың бір бөлігі атамекеніне оралып, Қазақстанда түтін түтетіп жатыр, ресми деректерге қарағанда, бүгінге дейін 1 миллионнан астам ағайын елге келді. Осылайша көпшіліктің көңілінде ұлттық тұтастық сезімі күшейді, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың басы қайта қосылуда.

Екіншіден, тіліміз бен діліміз жаңғырды. Бұрын «қазақ тілі құрып бітеді» деп уайымдайтын едік, қазір мемлекеттік тілімізді меңгерген жұрттың үлесі 90 пайыздан асты деп статистика көрсетіп отыр. Бұл — аз олжа емес. Тіпті бүгінгі таңда қазақ балаларының 80 пайызы мектепті ана тілінде тамамдайды, мектептердің 70 пайызы таза қазақша білім береді екен. Мұндайды біздің буын түсімізде көрмеп едік. Қазақ тілінің мерейі өсіп келеді, бұған жастар көп үлес қосуда. Жастар демекші, бұрынғы «маужырап, қамсыз жатқан» қазақтың бейнесі казір мүлде басқа. Жылтырағанға алданбай, ұлт қамы үшін ұйықтамайтын, тыным таппайтын жаңа қазақ жастары өсіп шықты. Олардың арасында әлемдік деңгейде оза шауып, білектің емес, білімнің күшімен ел намысын қорғап жүргендері аз емес. Спортшыларымыз халықаралық додаларда жеңістерге жетіп, көк Туымызды көкте желбіретті. Ғалымдарымыз жаңа заманда өздерінің ұлтына қызмет ете алатынын дәлелдеп келеді. Бизнесте, өнерде, техникада талай «қарадомалақ» балалар топ жарып жүр.

Үшіншіден, тарихымыз түгелденіп, жоғалтқан құндылықтарымыз қайтарылды. Тәуелсіздіктің арқасында Алаш арыстарының, кеңестік нәубет құрбандарының есімі ақталды. Бұрын атын атауға қорқатын Мағжан, Шәкәрім, Ахмет, Әлихан сынды ұлт тұлғаларын бүгін ұлықтап жатырмыз. Олардың еңбектері оқулықтарға енгізілді. Жасыратыны жоқ, кеңес заманында «қазақ тек мал баққан, мәдениеті төмен» деген сыңаржақ пайым санамызға сіңірілді, ал қазір әлемге ұлттымыздың бай мұрасы мен терең тамырлы мәдениетін танытудамыз. Бұрын бабаларымыздың кім екенін өзіміз білмей келсек, соңғы отыз жылда Алтын Ордадан бастап Қазақ хандығына дейінгі сан ғасырлық шежіремізді қайта зерделеп, әдебиетімізді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды жаңғырттық. Міне, осының бәрі — ел санасының өскені, ұлт рухының түлегені деген сөз.

Әрине, заман талабына ілесіп отырмыз ба, жоқ па — ол да маңызды сұрақ. Өмір бір орында тұрмайды, көш керуен секілді жүре түзелеміз. Меніңше, Қазақстан тәуелсіздік жылдары талай сынақтан өтті, қоғам біраз ілгеріледі. Әлемдік жаһандану бізге де әсерін тигізбей қоймады — көптеген жаңалық өмірімізге енді, экономикалық моделіміз өзгерді, ақпарат тасқыны санаға түрткі болды. Уақыт талабына икемделдік пе дегенде сол ортада өсіп келе жатқан жаңа қазақтың бейнесі бұрынғыдан өзгеше, өзіне сенімдірек дер едім. «Бейқам қазақ» енді ұйықтап жатқан жоқ, нарықтың талабы оны еңбекке, өмір талаптарына икемдеді. Дегенмен әр буынның кемшіліксіз болмайтыны сияқты, бүгінгі қоғамда да шешімін таппаған түйткілдер бар. Кейде рухани жұтаңдық көрініс беріп қалады, кейде ұсақталып кетеміз. Бірақ тұтастай алғанда, тәуелсіздік жылдары қазақ халқы сапалық өзгерістерді бастан өткерді, бұл өзгерістердің бағыты оң деп нық сеніммен айта аламын.

— Қазақтың ұлт болып ұйысуына көңілі толмайтындар да бар. Жалпы біз тәуелсіздік жылдары ортақ ұлттық құндылықтарымызды таптық па? Бүгінгі таңда бізге не жетпей жатыр деп ойлайсыз?

— Ұлт болып бірігу — аса күрделі үдеріс. Кейбір сыншылар «қазақ әлі біртұтас ұлт бола алмай жатыр, ортақ құндылықтар қалыптасқан жоқ» деп көңілтолмаушылық білдіреді. Мен мұндай пессимизмнен аулақпын. Иә, біз өтпелі кезеңде түрлі қиындықтарға тап болдық, бірақ осы отыз жылғы тәуелсіздікте ортақ ұлттық құндылықгарымыздың өзегі қалыптасты деп есептеймін. Тәуелсіздік — біздің ең басты құндылығымыз. Қазіргі қазақстандық қоғамды ұйыстырып тұрған не десек, ол — осы тәуелсіздіктің тұғыры. Яғни елдің егемеңдігі, шекарамыздың берік болуы, мемлекетіміздің дербестігі — бүкіл халыққа ортақ мұрат. Осы жолда қандай жан болса да аянып қалмайды деп ойлаймын. Жасырары жоқ, арамызда тәуелсіздіктің қадірін бағамдай алмайтын, оның маңызын сезінбейтін жастар да, тіпті ересектер де кездеседі. Бірақ жалпы алғанда, қалың қазақтың жүрегіндегі ең киелі кұндылық — бостандық, еркіндік, тәуелсіздік! Сонымен бірге, отыз жылда ұлт ретінде табан тірейтін кұндылықтарымызды орнықтыруға күш салдық. Ата Заңымыз, мемлекеттік рәміздеріміз, ұлттық валютамыз — мұның бәрі халқымыздың ортақ мақтанышы емес пе?!

Конституциямызда жазылғандай, Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, кұқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды. Яғни еркіндік, әділдік, тең мүмкіндік сияқты қағидаттар — баршамыз қастерлейтін құндылықтар.

Мысалы, кейбіреулер «бізде мемлекеттік идеология жоқ» деп налиды. Ақиқатында, мемлекетіміздің идеологиялық тұғыры — Ата Заңдағы қағидаттар, сол арқылы бекіген ортақ құндылықтар. Конституциямыз адам құқығы, тіл, жер, бірлік секілді негіздерді айқындап берді. Меніңше, осының өзі біздің идеологияның іргетасы іспетгі. Бұдан бөлек, тәуелсіздік жылдары түрлі ұлттық стратегиялар қабылданып, жүзеге асуда — «Қазақстан-2030», «Қазақстан —2050» сияқты ұзақ мерзімді жоспарларымыз, «Мәңгілік ел» сынды идеялық тұжырымымыз жарык көрді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынып, ұлттың санасын жаңартуға бетбұрыс жасалды. Демек, біз ортақ арман-мақсатымызды айқындап алып, сол жолда жұрт болып жұмылып келеміз. Бұл да — ұлттық деңгейдегі құндылықтарды таптық деген сөз емес пе?

Әрине, қоғам дамуы біркелкі емес, кемшіліктер де бар. Мысалы, ортақ ұлттық идеология толық қалыптасты ма десек, мен де томпиып «иә» дей алмаспын. Бәлкім, әлі ізденетін нәрселер бар шығар? Бізге не жетпейді? Меніңше, рухани тұтастықты арттыру, ұлттық тәрбие мен намысты күшейту жағы әлі толық жолға қойылмаған. Жаңғыру деген тек экономика өсіп, қала салумен шектелмейді. Ұлттың мінезі, қоғамның сипаты бірге жаңғыруы тиіс. XXI ғасыр — бәсеке ғасыры. Біз дүниежүзілік аренада өз орнымызды нығайту үшін алдымен ұлттық бірегейлігімізді сақтап, соның негізінде жаңашыл болып, білім мен мәдениетті қатар дамытуымыз қажет. Кейде қазақтың ұйымшылдығы кемшін, әртүрлі көзқарасқа, пікірталасқа келгенде ұпайымыз бөлініп кетеді. Осындайда ортақ ұлттық мүдде дегенді ұмытпауымыз керек. Қай мәселеде де «біз — бір халықпыз, тағдырымыз ортақ» деген түсінік басты құндылығымызға айналуға тиіс. Бұл бағытта қазір жұмыстар жүріп жатыр. Ел Президенті үнемі ұлттық бірлікті бірінші орынға қояды, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, тарихи әділдікті қалпына келтіру шараларын қолдап келеді. Тәуелсіздік жылдары біз ұлттық құндылықтар жүйесін түгендеп, түп негізімізге қайта оралдық, енді соны сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек. Меніңше, бүгінгі қазаққа жетпей жатқан нәрсе — сол құндылықтарға деген беріктік пен бірлік қана. Шүкір, рухани іргетасымыз қаланды, оны одан әрі нығайту — келер күннің үлесі.

— Сіздің қоғамның қазіргі дамуына зер салып, зерделеп отыратыныңызға күмәнім жоқ. Жетпіс жыл бодан болдық. Бәрінен айырылып қала жаздадық. Қазір жоғалтқанымызды түгендеп жатқан жайымыз бар. Осылардың бәрі ұлттық мемлекетке іргетас бола ала ма?

— Кеңестік кезеңде біз талай нәрседен айырылдық, талай қазынамыз көмескіленді. Тәуелсіздік алғасын сол жоғалтқандарымызды түгендеумен келеміз. Енді осының бәрі болашақта ұлттық мемлекетке берік іргетас бола ала ма деген занды сауал туындайды. Менің жауабым: иә, болады, тек дұрыс пайдалана алсақ болғаны. Ел болып еңсемізді тіктеген шақта алдымен тілімізді қалпына келтірдік — бұл мемлекттік құрылымның ең басты тірегі. Ұлан-байтақ жеріміздің атаулары орысша аталып кеткені бар еді, қазір құдайға шүкір, тарихи жер-су атаулары қайта оралып, облыс, аудандарымызға дейін өз атауын иеленіп жатыр. Бұл да — ұлттық жадымызды жаңғыртудың бір негізі. Жер демекші, ата-бабасының қонысын сырт көзден сақтап қалу — кез келген мемлекеттің басты міндеті. Осы ретте Қазақстан шекарасын халықаралық деңгейде бекітіп алған санаулы елдің бірі екенін мақтанышпен айтамын. Құрлық бойынша шекарасы ең ұзын алты елдің қатарындамыз, яғни мұрамыз — жерімізді заңды тұрғыда қорғап, болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыруды шештік. Бұл да — ұлттық мемлекетіміздің беріктігін қамтамасыз ететін үлкен жетістік.

Жоғалтқандарымыздың бір бөлігі рухани салт-дәстүрлеріміз болатын. Дегенмен қазіргі таңда ұлттық салт-санамызды түгелге жуық қайта түлетіп алдық. Той-томалағымыз, Наурызымыз, ас беру, бата оқу барлығы жаңғырды. Енді ешкімнен қорықпай, ешкімге жалтақтамай, ата жолын ұстануға мүмкіндігіміз бар. Дініміз қайта оралды, мешіттеріміз бой көтерді. Кеңес одағы кезінде өлкемізде саусақпен санарлық қана мешіт қалса, бүгін Қазақстанда 2700-ден астам мешіт ашылып, халықтың игілігіне жұмыс істеуде. Кезінде сүрілген талай ғибадатханалар жаңғыртылып, қайтадан бой көтеруде. Дін мен дәстүр — халқымыздың рухани қазығы, сол екеуін түгендеп алғанымыз мемлекетімізге құйған негізгі рухани іргетас деп ойлаймын.

Енді осының бәрі ұлттық мемлекетке тұғыр бола ала ма дегенге келсек, әрине, саяси тәуелсіздік пен ұлттық жаңғырудың жемістері өзара ұштасқанда ғана мықты мемлекет құра аламыз. Біздің басты жетістігіміз — өз алдымызға шешім қабылдап, дербес саясат жүргізе алатынымыз. Бұл, сөзсіз, мемлекеттіліктің ең үлкен белгісі әрі кепілі. Ал жоғалған құндылықтарымызды қайтару — сол мемлекеттілікті мазмұнмен толтыру процесі. Қаншама жыл бодандықта болып, тарихымызды, тілімізді, дінімізді тұмшалап келген халықпыз. Енді тәуелсіз ел ретінде сол жоғымызды тауып, жыртығымызды жамап жатырмыз. Бұлар түбінде жаңа Қазақстанның темірқазығына айналады деп сенемін.

Мысалы, қазақ тіліне кең өріс берілуі — бір ұлтты біріктіретін ең үлкен күш. Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерСонда ғана біз іргетасы мықты, шаңырағы биік ұлттық мемлекетке айналамыз.

— Кешегі кеңес заманындағы өмір сіздің көңіліңізге қандай әсер қалдырды?

— Кешегі кеңес заманында өмір сүрген кезеңім — менің өмірімнің қомақты бөлігі. Ол дәуір маған не берді, қандай әсер қалдырды деп ой елегінен өткізіп қарасам, тарихи әділетсіздігі де, тәлімді тұстары да болған екен. Ең алдымен, жас кезімнен КСРО деген алып империяньщ шеткері аймағында тұрғанымызды сезінетінмін. Қазақ тілі төрден ысырылып, далада қалып бара жатты, қазақы салт-дәстүр қолданыстан шығып, көненің сарқыншағы есебінде кдралды. Бұл — жанымызға бататын, ішімізден тынып жүретін үлкен қасірет еді. Мысалы, мен өзім ауылда қазақ мектебін бітірдім, бірақ біраз пәңді амалсыз орысша оқыдық «Қазақша тәлім алғым келеді» деуге де дәрмен жоқ заман. Бір қарағаңда, кеңес билігі ана тілінде оқытатын мектепті мүлде жауып тастаған жоқ. Бірақ соның өзінде табиғи болмысымыздан алшақтай бастағанымызды сезінетін едік.

Қазақтың небір тұғырлы тұлғалары қудаланып, еңбектері жарық көрмеді, тарихымыз бұрмаланып оқытылды. Осы жағдай менің көңілімде түйткіл болып, санамның бір түкпірінде әділдікке деген ашыққан сезімді қалыптастырғандай. Бәлкім содан да болар, тәуелсіздік таңы атқанда бірден ұлттық жаңғыру ісіне білек сыбана кірістік — іште жүрген шерді тарқатудың орайы келгендей, жоғымызды жоқтап, барымызды түгендеуге құлшына шықтық.

Дегенмен кеңес заманынан бойымызға сіңген жақсы қасиеттерді де жоққа шығаруға болмас. Мысалы, сол кезде адамдардың мінезі қарапайым, қанағатшыл болды. Қазіргідей емес, ешкім бірден байып кетуді көздемейтін, нанын адал еңбегімен тауып, бала-шағасын асыраса, соны қанағат тұтатын. Өзімнің жастық шағым малшы -жұмысшы қауымның арасында өтті. Сондағы абзал жандардың тазалығын, кең пейілін ұмыта алмаймын. Ұлт пен ұлыстар арасында ала-бөле көзқарас болмады, бәріміз кеңес халқы деген атпен өмір сүрдік. Орыс, неміс, украин, кәріс, шешен — біздің кеңшарда әртүрлі ұлттың өкілдері тұрды, бәрімен дос, тату болдық. Институтта да көп досым өзге ұлттан еді, олардың да менімен тең қарым-қатынаста болғанын сезінетінмін. Бұл — кеңес кезінің берген бір тәрбиесі шығар. Адамды ұлтына қарамай сыйлау, жұмысшы-шаруа, интеллигенция деп алаламай құрметтеу — маған осы қасиеттер сол кездегі ортадан жұқты. Еңбек жолымды бастаған «Интернационал» кеңшарында сан түрлі ұлттың адамдары бір шаңырақ астында ұйымшылдықпен жұмыс істеді.

Тағы бір жағы — тәртіп, жауапкершілік пен сыйластық. Кеңес заманының заңы қатал болды, тәртіп бұзсаң — кешірмейді. Сол себепті жұмысқа да, қоғамдық іске де немқұрайды қарау сирек кездесетін. Біз жастайымыздан жинақылыққа, тәртіпке үйрендік. Тіпті сол кездің адамы уәдесіне берік, сертіне адал деп жатады — ол да социалистік қоғам сіңірген қасиет болар. Жоғарыдан берілген жоспар, міндет болса, соны мүлтіксіз орындауға тырысатын едік. Елдің бәрі айлық алатын, жұмыссыз жүрсең — ұят саналатын. Есесіне, материалдық жағынан қатты мұқтаждық көретінбіз деп айта алмаймын: мемлекет тегін білім берді, медициналық қызмет те тегін көрсетілді, үй кезекпен болса да тиетін. Бұл да кеңес жүйесінің әлеуметтік теңгермешілдігін білдіреді.

Дегенмен менің көңіліме ауыр тиген дүние — ұлттық болмысымыздың еленбеуі. Мәселен, әкем Қали діндар адам болған екен, бес уақыт намаз оқыды. Бірақ біз өскен ортада Дінді ұстайтын үлкендер аз болды, көбін «халық жауы» деп құртқан соң, ауылда ешкім ашық діни жоралғы жасамайтын. Бала күнімізде Құранды ешкім ашық оқи алмайтын, жаназа намазы жасырын оқылатын. Тек ата-әжелеріміздің сыбырлап айтқан дұғасын құлағымыз шалатын. Міне, осындай ақтандақтар көңіл төрінде қалыпты. Яғни кеңес дәуірін біржақты қаралау да, біржақты мадақтау да дұрыс емес деп ойлаймын. Ол заманның бізге үйреткен сабағы — бір жағынан, ғылым-білімге жол ашты, шынықтырды, ұлттар достығын насихаттады; екінші жағынан, ұлттық болмысымызды тұншықтырды. Бәлкім сол контрасты әсерден шығар, қазақ халқы азаттықтың қадірін жан-жүрегімен сезінеді. Өз басым сол кеңес мектебінен өткеніме өкінбеймін: ол кездің де сабағы мен тәлімі бүгінгі іске жарап жатыр. Ал ең бастысы, халқымыз қайта еңсе тіктеп, өзінің байырғы болмысын табуға мүмкіндік алды.

— Зиялылар бізде мемлекеттік идеология жоқ дегенді жиі айтады. Сіз осыған келісесіз бе?

— Идеология мәселесі — тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен талқыдан түспей келе жатқан тақырып. Рас, кеңестік идеологияның сеңі бұзылған соң, бір кезең идеологиялық вакуум болғаны шындық. Сондықтан зиялы қауымның «бізде мемлекеттік идеология жоқ» деп дабыл қағуы занды құбылыс еді. Алайда қазір отыз жылдан асты, сол вакуумды бірте-бірте пайдалы мазмұнмен толтырдық деп ойлаймын. Мемлекеттік идеологияны мен Конституциямызда қаланған қағидаттар мен құндылықтар жиынтығы деп түсінемін. Мысалы, Ата Заңымызда мемлекеттің тәуелсіздігі, жер тұтастығы, қазақ тілі — мемлекеттік тіл, ұлттық бірлік, әлеуметтік әділеттілік, заң үстемдігі, демократия сияқты негізгі ұстанымдар тайға таңба басқандай жазылған. Ендеше осының өзі — бізді ортақ мақсатқа жұмылдыратын идеологиялық тұғырнама. Кей сарапшылар: «Мемлекеттік идеология — ол Конституциямыздың өзі емес пе?» — дейді. Мен де осы пікірге қосыламын. Қолданыстағы Конституциямызда ескерілмей қалған ұлттық мүдде жоқ. Барлығы қамтылған. Демек сол құндылықтарды басшылыққа алып, қоғамды дамытсақ — біздің идеологиямыздың орындалғаны.

Ал егер идеология дегенде белгілі бір ұран немесе ресми доктринаны айтып отырса, ол енді басқа мәселе. Кешегі коммунистік жүйеде партияның айқын идеологиясы болды — марксизм-ленинизм, коммунизм құру мұраты. Бүкіл ағарту, үгіт жұмыстары соның төңірегіне құрылған еді. Қазір заман баска, бір идеологияға шектен тыс байланудың да қажеті жоқ шығар. Бір жағынан, Конституциямыз да «ешбір идеология мемлекеттік немесе міндетті бола алмайды» деп кепілдік береді. Бұл дегеніміз —       елде плюрализм бар, әр азаматтың өз пікірі мен сенімін ұстануға еркі бар деген сөз. Сондықтан «ортақ идеология жоқ» деп кінә артпас бұрын, осы еркін плюрализм жағдайында халықты ортақ бағытқа жұмылдыра білу маңызды. Меніңше, біздің билік осыны ескере отырып жұмыс істеп жатыр. Бір мысал — «Мәңгілік ел» идеясы. Онда қоғамдық келісім, экономикалық өсім, тарихқа тағзым, білім культі сияқты құндылықтар көрсетілді. Бұл идеяны халық жылы қабылдады, оның құндылықтарын мектеп бағдарламасына енгізіп, насихаттады. Келесі мысал — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Мұнда ұлттың коды саналатын салт-дәстүр, тарих, тіл, өнерімізді жаңаша паш ету көзделді. Әсіресе жас буынның санасын жаңартуға, саналы патриотизм қалыптастыруға мән берілді. Латын әліпбиіне көшу мәселесі де — ұлттың санасын жаңғыртуға арналған бастама. Осы бағдарламалар да өзінше идеологиялық бағыт-бағдарымызды айқындап берген құжаттар. Әрине, олардың орындалуында кемшіліктер болуы мүмкін, бірақ жалпы мақсаты — ұрпақты ұлтжандылыққа, білімпаздыққа, ашық саналыққа тәрбиелеу.

Мен «идеология жоқ» деген пікірге толық қосылмаймын. Идеология бар, ол — тәуелсіздік, ұлттық прагматизм, Отанға қалтқысыз қызмет ету идеясы. Бұл үштік баршамызға ортақ. Тәуелсіздік — басты құндылығымыз. Оны баянды ету — әр азаматтың міндеті. Ұлттық прагматизм — заманауи қоғамға бейімделу, білім-ғылым арқылы озық елдер қатарына қосылу. Отанға қызмет — мемлекетімізді нығайту, қазақ елінің абыройын асқақтату. Міне, осының өзі — үлкен идеология. Егер әрбір қазақстандық осы мұраттарға адал болса, біздің идеологиялық кемеміз ешқайда адаспай, тура жүзеді.

Ал енді кейде ұрандатқанды жақсы көретініміз бар. «Неге нақты бір идеология жарияламайды?» деп. Тәуелсіз елдің идеологиясы — ұлттық мүддені қорғау. Ұлттық мүдде дегеніміз не? Ол — қазақ халқының тілі, жері, салты, болашағы. Осы төрт нәрсені көздің қарашығындай сақтасақ, қорғасақ, дамытсақ — идеологиямыздың жеңгені сол. Қазір біреуді «сен ана идеологияны неге ұстанбайсың?» деп қинамаймыз, ешкімді ешнәрсеге мәжбүрлемейміз. Бірақ мемлекет өз тарапынан ел болашағына қажетті құндылықтарды сіңіруге тырысуда. Ол — тіл саясаты, рухани жаңғыру саясаты, жастар саясаты, білім саясаты деп түрлі салада көрініс тауып отыр. Сондықтан мен айтар едім: мемлекеттік идеологиямыздың өзегі — ұлттық құндылықтар жүйесі. Тамыры терең ұлттық құндылықтарды арқау ете алсақ қана болашағымыз баянды болмақ. Біз сол бағытта келе жатырмыз. Әрине, заманның сынақтары толастамайды. Идеологиялық майдан да күрделі. Ашық акпарат кеңістігінде кейде жалған идеологиялар жамау-жасқау боп жайылып кетеді. Оған қарсы тосқауыл қою да — біздің идеологтарымыздың міндеті. Бұл ретте ақпараттық қауіпсіздік, жастар тәрбиесі, интернет мәдениеті сияқты мәселелерді де идеологияның бір тармағы деп қарастыру керек. Бүгінгі таңда ұлттық идеологиямыз — мемлекет пен қоғамды ұйыстыратын қуатты құрал екенін ұмытпай, оны жетілдіре беруіміз қажет.

— Бәріміз де ауылдан шықтық қой. Жалпы қазақтың алтын бесігі — ауыл. Кезінде қазақтардың дені ауылда тұрды, соңғы кезде олардың біразы қалаға көшіп кетті. Осыған кейбіреулер қуанатын секілді. Олардың айтуынша, бар жақсылық — қалада. Осыған дейін қазақ соның бәрінен құр қалып келді, урбанизация қазаққа пайдалы құбылыс дегенді айтады. Сіз қалай ойлайсыз?

— Бәріміз де ауылдан шықтық, ауыл — қазақтың алтын бесігі дейміз. Бірақ соңғы кездері жастар түгілі орта буынның өзі қалаға үдере көшіп жатыр. Біреулер мұны қуаныш санап: «Бар жақсылық қалада, ауыл сорлап келді, қазаққа урбанизация пайдалы» деп алақайлайды. Мен мұндай үстірт көзкараспен келіспеймін. Қазақ пен ауыл — егіз ұғым, оны бөліп қарауға болмайды. Ауыл — біздің мәдениетіміздің, тіліміздің, салт-дәстүріміздің қайнар көзі. Қаладағы қазақтың өзі түп-тамырын ауылмен байланыстырады. Сондықтан ауылды жердің әлсіреуі — бүкіл ұлттың әлсіреуімен пара-пар деп білемін.

Әрине, урбанизация — заман талабы, табиғи құбылыс. Дүние жүзінде қала халқының үлесі артып келеді. Қазақстан да бұл процесстен сырт қалған жоқ: қазіргі күні халқымыздың 60 пайыздан астамы қалалық, ал ауыл халқы 38 пайыз шамасында ғана қалды. Кеңес одағы тұсында да индустрияландыру саясаты қазақтарды біртіндеп қалаға шоғырландырған болатын. Бірақ сол кезде де қазақтың басым бөлігі ауылдық жерде өмір сүрді. Қазір міне, керісінше — көпшілік қалада. Бұл, бір жағынан, қоғамның ілгерілеуі сияқты көрінуі мүмкін. Жастар білім іздеп, жұмыс іздеп қалаға барады. Қаланың мүмкіндігі, қызметі көбірек екені рас. Үлкен өндіріс, зауыттар, жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтар — бәрі қалаларда. Сондықтан көп қазақтың қалаға көшуі заңды экономикалық процесс десек те болады.

Дегенмен осы құбылыстың кері тұстарын да ойлауымыз керек. Ашығын айтайын, ауылды толықтай бос қалдыру — ұлттық апатпен тең.

Ауыл — біздің ұлттық болмысымыздың, демографиялық өсіміміздің тірегі. Кезінде тың игеру жылдары менің туған өңіріме жан-жақтан халық ағылды. Қазақ ауылдары өзгеріске түсті, көп ауылдар жойылып кетті. Соңғы он жылда да Қазақстанда 580-нен астам ауыл картадан өшіп, жабылып қалды деген дерек оқыдым. Әрине, нарықтық экономикада халық қайда жағдайы жақсы, солай көшетіні түсінікті. Бірақ «ауылда болашақ жоқ» деп біржола ор қазуға болмайды. Ауыл — біздің асыраушымыз. Ауылдың топырағы болмаса, қаланың табағына ас қайдан түседі? Біз урбанизацияға ұмтылғанда осы жағын естен шығарып алсақ, түбінде ұтыларымыз анық.

Мен өзім ауыл шаруашылығында жарты ғасырдан астам жұмыс істедім. Кеңшарлар тарағаннан кейін де фермерлерге көмектестім, мемлекеттегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін саланы басқардым. Сондағы түйгенім: ауылдың табиғи артықшылығы бар, оны ешбір қала жоққа шығара алмайды. Қаладағы жақсыны ауылға жеткізу керек, сонда ғана екі тарап теңеседі. Қазір мемлекет осы бағытта талай жобаларды қолға алды. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бар, мақсаты — ауылдың инфрақұрылымын жақсартып, қала мен ауылдың тұрмыс сапасындағы алшақтықты азайту. Бұл — өте құптарлық іс. Интернет тарту, жол салу, мектептер мен ауруханаларды жөндеу, мәдениет үйлерін ашу — осының бәрі ауылда жүріп жатыр. Егер ауылдық жерде де жарық су байланыс жұмыс болса, халықтың ныс жұмыс болса, халықтың бәрі қалаға ағылмас еді. Сондықтан астана, облыс орталықтары ғана жарқырап, қалғаны қараңғы қалмауы тиіс. Мемлекет қала мен даланы қатар дамытуы шарт, сонда ғана теңгерім болады.

Қазақта «Үйренген жеріне көрген түстей» деген сөз бар. Ауылға үйренген адам қалада сарыла бермейді, түбі өзіңнің туған жеріңе жетпейді. Қалада мүмкіндік көп болғанымен, қиындық бірге жүруі мүмкін — бәсеке, стресс, әлеуметтік теңсіздік, қымбатшылық… Ал ауылдың ауасы таза, жұрты қарапайым, қарым — қатынасқа бай. Мен мұны қала тіршілігін де көрген соң салыстырып айтып отырмын. Сондықтан урбанизацияны тек оң құбылыс деп қабылдамаймын. Оның пайдалы жағы — ел экономикасы жаңарып, инновация, өндіріс дамиды, жаңа буын қалыптасады. Ал зиянды жағы — ұлттық негізімізден көз жазып қалуымыз мүмкін. Ауыл әлсіресе, ана тілдің мәйегі солғындауы ықтимал. Қаланың қазағы көбіне орысша сөйлейтіні де белгілі жайт еді, қазір шүкір, өзгеріп келеді. Бірақ қалада орта басқа ғой — сырттан келген ақпарат, басқа мәдени ықпал басым. Сондықтан ауылдағы жұртымыздың басым болуы белгілі бір тепе-теңдікті ұстап тұрды.

Қазір заман басқа — ақпарат заманы, технология заманы. Сол себепті ешкімді «ауылда отыр» деп мәжбүрлей алмаймыз. Ұлттық стратегиямыз — халықты қалалық па, ауылдық па, қай жерде де бақытты ету. Осы тұрғыдан алғанда, менің ойым — ауылды жойып алмай, сақтап қалуымыз қажет. Иә, Қазақстан урбандалу жолында, бұл үрдісті тоқтату мүмкін емес. Бірақ урбанизация қазаққа тек сонда ғана пайдалы, егер ол ауылды да қамтып, ауылдық жерге серпін беріп отырса. Менің көкейімде жүргені де — дәл осы мәселе. Жергілікті өзін-өзі басқару, ауыл шаруашылығын қолдау, шағын ауылдарды біріктіріп, тірек елді мекендер жасау — осының бәрі мемлекет саясаты арқылы шешімін тапса деймін. Қазір көптеген ауылдардың жағдайы түзелді, бірақ әлі де кейбірінде мектеп жоқ, жолы нашар, интернеті нашар. Мұны көрген соң жастар тұрақтамайтыны анық. Ендеше сол кемшіліктерді жою — біздің борышымыз. Ауыл еңсесін тіктесе – халықтың жүрегі орнына түседі. Қала — экономикамыздың күретамыры болса, ауыл -мәдениетіміздің, ұлттық келбетіміздің жүрегі. Сол жүрек тоқтамауы керек.

— Осы бір сұрағым жанды жеріңізге тиіп кеткендей ме қалай? Өзіңіз ауылыңызға жиі барасыз ба? Жалпы ауылды сағынатын кездеріңіз бола ма?

— Алдыңғы сұрағыңыз жанды жеріме тиді (күлді). Ауылым жайлы сөз қозғалса, ішім жылып қоя береді. Мен өзім де ауылға жиі барып тұрамын, апта сайын демейін, бірақ мүмкіндік туған сайын туған жердің топырағын бір иіскеп қайтуға тырысамын. Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Шал ақын ауданына қарасты Бірлік ауылы — менің туып-өскен жерім. Шіркін, Бірліктің табиғаты қандай ғажап! Көкшенің етегіне жақын қоныс, айналасы толқыған сары қамыс, жазық даласы масатыдай құлпырады. Бала күнімде сол ауылдың әр бұтасын, әр талы мен тасын, көлдері мен бұлақтарын жүгіріп жүріп танып өстім. Қазір көзім жұмулы күйде бүкіл ауылымды елестете аламын — көкорай шалғыны, көгілдір көлдері көз алдымда мөлдіреп тұрады. Ауыл — менің жанымның бір бөлшегі, сондықтан онымен байланысым ешқашан үзілген емес.

Жас кезде, әрине, шаруамен шапқылап, ауылға жиі ат басын бұруға уақыт болмауы мүмкін. Бірақ жүрегім әрдайым туған жерім деп соғады. Кеңшар директоры, аудан, облыста лауазымды қызметте жүргенде қол тимей кететіні рас. Дегенмен мен елге белгілі азамат атансам да, өзімді «ауылдан шыққан Құдайберген» деп есептеймін.

Қайда жүрсем де, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін ойлап жүремін. Бір қуантатыны, қызмет бабымен іссапарларға жиі шықтық қой — сонда жол түссе, ауылға соғып кететінмін.

Ауылға барғанда арқамнан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қаламын. Қарапайым ауыл кісілерінің жүзін көру, солардың қоңыр тіршілігін көру маған бір ерекше күй сыйлайды. Жас кезде велосипедті көлік қылып, Бірлік пен Николаевка арасында талай шапқылағаным есімде. Қыстың қақаған аязы да, жаздың аптап ыстығы да бізге кедергі емес-тін: қызық қуып ауылдан ауылға асыр салып жүре беретінбіз. Бүгінде, міне, техника мен көлік заманы — бірақ мен сол балалық шағымның аңғал дүниесін катты аңсаймын кейде. Қыста бетіңді қарып түсетін аяз, жазда жүзіме шуақ төгетін күн — соның бәрі туған жерімнің мені еркелеткен естен кетпес естеліктері екен ғой. Қазір сол ауылға барғанда, баяғыдағы бала Құдайберген болғым келіп кетеді (күлді). Төбесі аласа, жып-жылы үйлер, қоршауда тұрған момын қозы-лақтар, кешкісін бұлақтың басында суға толы шелегін көтеріп қайтқан келіншектер… Осындай қарапайым суреттердің өзі жүрегімді елжіретеді.

Жалпы мен ауылдан ешқашан іргемді аулақ салған жан емеспін. Өзіңіз білесіз, қызмет бабында да көбіне ауыл шаруашылығына жақын болдым.

Зейнетке шыққан соң, ауыл шаруашылығы корпорациясын басқардым. Қазіргі танда, құдайға шүкір, елімізде мал өсіру, егін салу қайта жанданып келеді. Ауылға мемлекет көңіл бөле бастады. Осындай жаңалықтарды естігенде марқайып қаламын. Ал ауылдың мәселесі ушығып бара жатса, оған жаным ауырады. Сондықтан ауылдас ағайындарыммен жиі сөйлесемін, не қажет, не мұқтаждары бар — құлақ түріп отырамын. Қолымнан келген көмегімді аямаймын. Туған ел деген — адам өміріндегі ең қасиетті ұғым. «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» дейді халқымыз, мен үшін туған ауылымның әрбір түтіні — қымбат. Қазіргі қаладағы қарапайым тұрмысым қанша жайлы болса да, ауылдың жүртындай алаңсыз рақат жоқ шығар.

Сағыныш деп қалдыңыз ғой, шынымды айтсам, кейде түсімде бала кезімдегі ауылымды көремін. Сол сүрлеу жолдар, сол қыстаулар, үйлер, көзкөрген адамдар… Ояна салып «апыр-ай, шіркін, уақыт деген зымыран, бір кездері шулап жүрген сол ағайынның көбі бүгінде бақилық болды-ау» деп бір мұңайып аламын. Бірақ артынан шүкір деймін: сол ағаларым мен жеңгелерімнің көзі — балалары, немерелері өсіп жатыр, ауылдың түтіні түзу. Мен ауылыма барған сайын қабірстанға кіріп, аруақтарға құран оқытамын. Ата-баба рухына тағзым етіп, дұға бағыштасам, жүрегім бір жеңілдеп қалады. Ауыл деген — тек өмірдің басталған жері емес, әулетіңнің тамыры жатқан қасиетті мекен. Сондықтан ауылды сағынбау мүмкін бе?! Алыс сапардан оралғанда, кіндік қанымыз тамған жердің топырағын маңдайға басып, тәубе ететініміз содан. Мен де ауылға барғанда дәл солай рақаттанамын. Туған жердің тасы да сүйкімді дейді ғой, сол рас, кейде бала құсап ауылдың көшесіне көз тастап тұрып, әр үйдің анадайынан мені танып, амандасып жатқан адамдарын көргенде көңілім босап кетеді. Сағыныш — туған жерге деген махаббаттың бір көрінісі ғана, ал махаббатым еш сөнбек емес. Ауылым тұрғанда — менің де бақытты бала күнім, қайталанбас жастық шағым тірі секілді сезіле береді. Сондықтан туған ауылыма жыл сайын ат басын бұрып тұру — мен үшін жазылмаған заң.

— Сіз кезінде жоғары билікте қызмет істедіңіз, талай азаматтармен араластыңыз. Сол кездегі басқару жүйесі мен қазіргі билікті, сол кездегі қызметкерлер мен қазіргі қызметкерлерді салыстыратын кездеріңіз бола ма?

— Кезінде кеңес дәуіріндегі басқару жүйесінде де, тәуелсіздік жылдарындағы билік жүйесінде де еңбек еттім. Ол екі кезеңнің ерекшеліктерін салыстырып ойланатын сәттерім аз емес. Кешегі кеңестік басқару — қатаң тәртіпке, бір орталыққа бағынуға негізделген иерархия болатын. Яғни нұсқау жоғарыдан түседі, оны бұлжытпай орындау — жергілікті басшылардың міндеті. Ол жүйенің артықшылығы — вертикаль мықты болды, кемшін тұсы — жергілікті жердің ерекшелігі еленбей, кейде шамадан тыс орталықтық үстемдік жүрді. Ал бүгінгі басқару жүйеміз — тәуелсіз елдің өз қажеттілігіне қарай қалыптасқан, біршама децентрализацияға ұмтылған құрылым. Яғни қазір әр деңгейдегі әкімдіктерде өзіндік өкілеттер бар, заңнама соған қарай бейімделген. Дегенмен әлі де орталықтың ықпалы басым, әсіресе қаржы-экономикалық тұтқалар орталықтан шешіледі. Оны теріс деуте келмес, унитарлы мемлекетпіз, бірақ болашақта басқаруды оңтайландырып, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейте берсек құба-құп.

Ал енді сол кездегі қызметкерлер мен қазіргі қызметкерлерді салыстырсақ, бұл енді қызық тақырып. Біздің буын — бейнетқорлау, шыдамдылау, тәртіпке үйренген буын еді. Бәлкім заман солай болды ма, білмеймін, бізге талап қатты еді. Жоғарыдан бір нұсқау түссе, күн-түн демей орындайтынбыз, үстелдің үстінде қағаз шашылып жатса да, жұмысты аяқтамай кетпейтінбіз. Жүктелген міндетті атқармай, ертеңге қалдыру деген атымен болмайтын. Тіпті басшылардың өзі қол астындағы маманның кемшілігін кешірмейтін қатал болды.

Мысалы, біз жас кезімізде аудан басшыларынан кәдімгідей именетінбіз, олар не айтса да үндемей тындайтынбыз. Қазіргі жастарда ондай шектен тыс именшектік аздау, олар еркін, ойындағысын ашық айта алады. Бұл, бір жағынан, жақсы: сөз бостандығы, өз пікірін білдіре алу — демократиялық қоғамның көрінісі. Екінші жағынан, бүгінгі буынның тәртіпке мойынсұнуы төменірек тәрізді, басшыға бұрынғыдай құрметпен қарау жағы кемшін бе деп қалам. Жалпы бір айырмашылық — бұрын қызметкерлер арасында идеалистік көзқарас басымырақ болды. Елдің мүддесі үшін аянбай тер төгу, жауапкершілікті терең сезіну — бұл қасиеттерді партиялық тәр-бие күштеп те болса қалыптас-тырды. Ал қазір нарықтың әсері ме, адамдардың көбі материалдық пайдасы бар істің соңына көп түседі де, қоғамдық, идеологиялық шаруаларға құлшынысы аздау. Жастар мансапқа жылдам жетуге тырысады, «атымды шығарсам, тез өссем» деген ниет. Бізде ондай амбиция болды деп айтпаймын, болмай қалғаннан емес, «әуелі ісіңмен дәлелдеп ал» деген принцип мықты ұсталды. Көтерілгің келсе, әуелі төменгі сатылардың бәрінен өтіп, ысылып барып жоғарылауың керек еді — оның да дұрыс жағы бар. Қазір екінің бірі жасында басшы боп шыға келеді, бірақ кейде тәжірибесі кемшін, халықпен жұмыс істеудің әдіс-тәсілін толық меңгермегенін байқап қаламыз.

Сол кеңес заманында мен секілді жігіттің отызға жетпей кеңшар директоры болуы үлкен оқиға саналатын. Өйткені орта буынның бәрі тізімде тұратын, әр лауазымның өз кезегінде тұрған мықтылары бар еді. Тіптен ертеректе «30-ға толмағанды басқарма қылма» деген жазылмаған қағида да болған. Ал қазір қарап отырсақ, 30-35 жаста министр, әкім болып жатқандар бар — бұл, әрине, таңғаларлық жайт. Бір жағынан, мақтанасың: міне, қазақ жастары қандай алғыр, қабілетті, кешегі біздер еңбектеніп жүріп жеткен биікке олар ерте шығып жатыр деп. Екінші жағынан, көңілінде сәл алаң да тұрады: жас қой, тәжірибесі толысты ма екен, қателесіп жүрмесе игі еді деп. Әйтеуір қазіргі кадр саясаты жылдам, динамикалық сипат алғанын мойындау керек. Бұл — нарықтың сұранысы шығар. Себебі қазіргі технология, жаңа экономика кәрі-құртанды жүрісінен оздырып жіберетіндей. Компьютер, инновация дегенді жастар тез меңгереді, сондықтан соларды алдыңғы шепке қоюға тура келуде. Мұны түсінемін. Бірақ қалай десек те, жастар мен аға буынның арасындағы сабақтастық үзілмеуі керек. Бұрын да солай болған: бізді үлкендер тәрбиеледі, біз кейінгілерді үйреттік. Қазір де жас әкім, министрлердің қасындағы кеңесші ағаларына құлақ түргені артық етпейді деп білемін. Елімізде тәжірибелі мемлекет қайраткерлері баршылық, солардың көрген-білгенін жастар кәдеге жаратса, ұтпаса — ұтылмайды.

Ал жалпы басқару жүйесі туралы айтсам, мен қазір мемлекеттік қызметкерлердің кәсібилігі артқанын байқаймын. Біздің кезімізде дипломы бар, партиялық мектептен өткен адам мықты саналды. Бүгінгі күннің мамандары оның үстіне шет тілдерін біледі, халықаралық тәжірибе алмасқан, аналитикалық қабілеті зор жаңа кадрлар өсіп шықты. Бұл — қуанатын жағдай. Әсіресе «Болашақ» стипендиясымен оқып келген біраз жас басшылыққа келіп, тың реформалар ұсынып жатыр. Бұрын ондай мүмкіндік жоқ еді. Сондықтан әр дәуірдің өз талабы бар. Кеңестік жүйе кертартпа, шектеулі болса да, өз заманында жұмыс істеді. Қазіргі ашық қоғамда басқару мүлде басқа әдістерге сүйенеді — жариялылық, есеп беру, халықпен коммуникация орнату. Біздің буында ондай дағдыларға аса мән берілмейтін. Қазір заман солай: әкім қара халыққа жақын болмаса, сөзін тындамаса — көп отырмайды. Бұл да дұрыс үрдіс. Яғни бүгінгі билік пен бұрынғы биліктің айырмасы — халықтың талабы өсті, соған сай қызмет ету қажет.

Қорыта айтсам, әр заманның басқару жүйесінің жақсысынан тәлім алып, жаманынан сабақ шығара білген жөн. Мен бұрынғыны даттап, бүгінгіні мадақтайын деп тұрған жоқпын, тек екеуінің де артық-кем тұстарын көрдік. Екеуінен де түйгенімді ортаға салып отырмыз. Қазіргі буынға өзім ақыл-кеңес айтудан жалыққан емеспін. Жастар «Ақсақал, кеңес беріңіз» деп келсе, әрқашан дайынмын. Өйткені кезінде бізді үйреткен, өсірген үлкендер еді, енді біздің парыз — сол эстафетаны жалғау. Басқару деген — жүктің ауыры, жауапкершілігі мол іс. Оны жұмыла атқарғанда ғана елге пайдасы тиеді. Бұрын да солай болған, қазір де солай.

— Нарық кезінде байлар көбейді. Оны оң өзгеріс ретінде қабылдап жатқандар да бар. Қысқа жібі күрмеуге келмей жатқандардың да саны аз емес. Сіз қалай ойлайсыз, осы жай түбінде бізді тұйыққа тіремей ме, текетіреске алып келмей ме?

— Нарық келгеннен кейін байлар мен кедейлер көбейді деген рас. Бұрын кеңес кезінде бәріміз бірдей едік — жалақымыз шамалас, дәулетіміз деңгейлес, айырмашылық көзге ұрып тұрмайтын. Қазір қоғам өзгерді, біреу алысқа кетті, біреу кейін қалды. Бұл — заңдылық, бірақ шектен тыс кетсе, әлеуметтік теңсіздік түбі тұрақтылыққа сызат түсіруі мүмкін. Шамадан тыс байыған топ пен күнін әрең көріп жүрген кедей топтың арасы алшақтап кетсе, қоғамда жік пайда болады. Мұндай дисбаланс ақырында әлеуметтік текетіреске ұрындыруы ықтимал.

Мен сізге бірер нақты цифр айтайын. Сарапшылардың зерттеуінше, Қазақстанда ең ауқатты 10 пайыз халық ел байлығының 60 пайызына ие екен. Ал халқының жартысына жуығының айлық табысы тым төмен — тіпті ең төменгі жалақы мөлшеріне жетпейді. Міне, осыдан-ақ қоғамдағы теңсіздіктің қаншалық үлкен екенін аңғаруға болады. Байлар байыған үстіне байып, кедейлер кедейлене түсу тенденциясы анық байқалады. Мұны дер кезінде реттемесек, ертең кеш болады. Біріккен Ұлттар Ұйымы болсын, басқа халықаралық ұйымдар болсын, «әлемдегі ең үлкен қауіп — әлеуметтік теңсіздік» деп дабыл қағып жатыр. Себебі теңсіздік тек экономикалық мәселе емес, оның саяси, моральдық зардабы бар. Бай мен кедейдің арасы алшақтаса, араздық, күншілдік, наразы көңілкүй туындайды. Ол билікке сенімсіздікке ұласады. Ақыры әлеуметтік жарылысқа жетелейді. Тарихта талай революция, төңкерістер осындай теңсіздіктен пайда болған. Сондықтан бұл — өте нәзік, салмақты қарайтын проблема.

Қазақстанда қаншама реформалар жасалды. Бірақ өкінішке қарай, қоғамда бай мен кедейдің айырмасы жыл санап көбеймесе, азайған жоқ. Бұған не істеу керек? Меніңше, әлеуметтік әділеттілікті күшейту қажет. Яғни халықтың аз қамтылған тобына мемлекет көбірек қолдау көрсетуі керек. Кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан отбасыларға жан-жақты көмек беру — мемлекеттің мойнындағы міндет. Соңғы жылдары осы бағытта бірқатар іс атқарылды: атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы отбасыларға жәрдемақы, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау шаралары күшейді. Бұл дұрыс. Алайда тек бюджеттің көмегімен кедейлікті түбегейлі жеңу қиын. Мұнда жүйелі тәсіл керек: экономиканы әртараптандыру, өңірлердің тең дамуы, ауыл мен қаланың теңесуі, білім беру арқылы әлеуметтік лифт жасау, ең бастысы — халықтың табысын арттыру. Мысалы, биылғы жылдың бірінші тоқсанында ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз табыс табатын тұрғындардың үлесі 5,2 пайыз болды деген дерек оқыдым. Бұл дегеніңіз — миллионнан астам адам кедейлік шыңырауында күнелтіп жатыр деген сөз. Бұған қоса, орта тап жұқара бастады, байлар еселеп байыды. Міне, осы процесс бізді аландатуы керек.

Оған қоса, ел ішіндегі байлықтың әділетсіз бөлінуі қоғамдық санада жағымсыз пікір тудырып отыр. Халықтың көзі ашық, ақпарат көп. Мәселен, 2020 жылы мемлекет басшысы Тоқаев мырза «Қазақстан байлығының тең жартысы небәрі 162 адамның қолында» деген дерек келтірді. Ойлап қараңызшы, 19 миллион халықтың байлығы 162 алпауыттың уысында деген сөз ғой. Бұл шындық талайға ой салды. Расында, бір шоғыр элитаның аса бай болып, қалған жұрттың тең жартысы несиеге, қарызға өмір сүріп отырғаны әділет пе? Әділет емес. Әділет болмаған жерде ашу-ыза тумай қоймайды. Елімізде 8,6 миллион адам түрлі қаржы ұйымдарына қарыз екен, тұтынушылық несие 9,5 триллион теңгеге жетіпті. Ал сол уақытта кейбір банктер акционерлеріне жүздеген миллиард теңге дивиденд түсіріп отыр. Осы теңсіздікті көргенде, менің де ішім удай ашиды. Халқымыз бейбіт, шыдамды ғой, бірақ шыдамның да шегі бар. Қаңтар оқиғасы секілді дүрбелеңдер — көбіне әлеуметтік теңсіздіктің, әділетсіздіктің шегінен асқанда бұрқ етеді. Бізге ондай жолдың керегі жоқ.

Ендеше бай мен кедейдің арасын жақындату үшін шұғыл шаралар керек. Біріншіден, мемлекет әлеуметтік саясатты күшейтуге тиіс. Ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңмен өсірген жөн. Халықтың тұрмыстық тапшы қажеттіліктерін өтеуге жәрдемдесу керек. Екіншіден, салықтық саясатты өзгерткен абзал. Әл-ауқаты жақсы, тұрмысы бақуатты азаматтар қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. Мен шын жүректен байып, кәсіп жасап жатқан адамдарға қарсы емеспін. Тек сол ауқаттылар табысының бір бөлігін ел игілігіне қайтарып отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Прогрессивті салық дейміз ғой, кіріс көп болған сайын соған сай салық ставкасы да жоғарылау — әділетті норма. Көп елдерде бар тәжірибе. Бізде де осыны енгізуді жиі айтады, мен де қолдаймын. Байлардың байлығына салықты көбейту, прогрессивті табыс салығын енгізу қажет деген пікірлер орынды. Қайталап айтайын, бай болуға қарсы емеспіз, бірақ байлығың артып жатса, оның зекетін кедей-кепшікке беруді ұмытпа. Бұл — ата- бабамыздың да өсиеті.

Үшіншіден, қоғамда қайырымдылық пен жанашырлық құндылықтарын дәріптеуіміз керек. Ауқатты адам байлығым мәңгілік емес, «халықтың несібесі бұйырған шығар» деп ойлап, қолындағысымен бөлісуді парыз санаса. Кедейге жәрдем беру тек мемлекетке қарап қалмауы тиіс, қоғамда әр бірлік құмға сіңген судай болмай, шөліркегенге жетіп жатса игі. Бай кәсіпкерлерге қаратып айтып отырмын: халықты жұмыспен қамтып отырсыңдар, рақмет, бірақ одан тыс та әлеуметтік жауапкершілікті күшейтіңдер дегім келеді. Бүгін ел ішінде көп көтеріліп жүрген мәселе — жер асты байлығынан түсетін табыстың игілігі халыққа қарапайым жолмен жетуі.

Кей елдерде мұнайдан түскен пайдадан әр азаматқа үлес бөлінеді. Бізде ондай механизм қарастырылмаса да, мемлекет әлгі табыстарды бюджет арқылы халыққа қайтарады: жол салып, мектеп, аурухана ашып дегендей. Мұны халық әрдайым түсіне бермейді. Сондықтан билік әлеуметтік саясаттың әсерін арттыру үшін тікелей қолдау формаларын да енгізіп жатыр (жалақы көтеру, жәрдемақы тағайындау сияқты). Бұл да — теңсіздікті азайтуға бағытталған шаруа.

Қысқасы, қоғамдағы бай-кедейдің арасы алшақтауы — жақсы нышан емес. Ауызбіршілігімізге сызат түспесін десек, осы мәселені шұғыл шешуіміз керек. Маған кейде кейбір қалталылардың көзқарасы ұнамай қалады: қара халықтың тұрмысын, елдің әл-ауқатын жете бағаламайды, тек өзінің бизнесін күйттеп жүре береді. Бұл — дұрыс емес. Абай атамыз ондайларды «малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деп сынаған. Сол сияқты, ақшам бар деп астамсу — құндылықтарымызға жат. Бізде ұлтгық дәстүр бойынша бай кісі — өз ауылының қамқоршысы, кембағалдың қолдаушысы болуы тиіс. Сонда ғана бай мен кедейдің ортасы жарасады. Жалпы теңсіздік тұрақтылыққа қауіп төндірмеу үшін әрбір ауқатты адам әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, әлжуаз топтарға қайырымын көбірек тигізгені жөн. Сол мәдениет қалыптасса, қоғамымыз ізгіленеді, әлеуметтік араздық ушыға қоймас. Ал мемлекет өзінің реттеуші функциясын әділ атқарғанда, заң алдында баршамыз тең болғанда, халықтың билікке сенімі артады. Бұл да — әлеуметтік үйлесімнің басты факторы.

— Иә, уақыт шапқан аттай зымырап өтіп жатыр. Бөгелу, токтау жоқ. Біздіц көз алдымызда бірнеше ұрпақ алмасты. Болашақ иесі — жастар деп өзімізден кейінгілерге үміт артамыз. Ол дұрыс та шығар? Өзіміз де жас болдық қой. Сіз қызмет баспалдақтарымен тез өстіңіз, 30-ға толар-толмаста шаруашылық басқардыңыз. Ол заманда екінің біріне мұндай сенім көрсетіле бермейтін. Қазір жағдай өзгерді. Жастар тез осіп жатыр. Осы жайында сіз не ойлайсыз?

— Иә, уақыт шапқан аттай жүйткіп өтуде. Біз көз алдымызда бірнеше ұрпақ ауысқанын көрдік. Өзіміз де жас болдық. Отызға толар-толмаста шаруашылық басқарғанымыз рас, ол заманда екінің бірі бұндай сенімге ие бола бермейтін. Қазір заман басқа: жастар жастайынан тез өсіп жатыр, бұған өз басым қуанамын, бірақ кейде алаңдайтыным да бар.

Жалпы жастар — елдің болашағы. Біз бүгін бармыз, ертең зейнетке кетеміз, артымыздан ерген жас буынға үміт артамыз. Бұл — өмір зандылығы.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары білімді, талапты жастар көп шықты. Қарап отырсаңыз, қазір ел тізгінін ұстап жүрген азаматтардың бір шоғыры — тәуелсіздік жылдары қалыптасқан, 40-50 жас аралығындағы адамдар. Олар өз кезеңінде баспалдақтармен өсіп жетілді. Ал қазір одан да кіші, тіпті отыздың ар жақ-бер жағындағы жігіттер үлкен лауазымдарға келіп жатыр. Жаңа ғана айттық, ең жас министр небәрі 36 жаста екен. Ал 38 жасында қаланың әкімі атанған жастар бар. Мұндай мысалдар бұрын-соңды болмаған. Бұл нені көрсетеді? Бұл — мемлекеттік кадр саясатының жасарып, жылдамдап келе жатқанын көрсетеді. Оған қуанбасақ, ренжитін дәнеңе жоқ. Себебі жаңа заман талаптары басқаша: жаңа технологияны шемішкеше шағатын, бірнеше тілді еркін меңгерген, әлемдік экономиканы барлауға бейім, құймақұлақ жастар керек-ақ. Біздің жастар сол үдеден шығып келеді.

Бірақ мен бір нәрсені жастарға әрдайым ескертемін: қызметте тез өстім екен деп, дандайсуға, тәжірибені елеусіз қалдыруға болмайды. Қанша жерден білімің заманауи, көзқарасың озық болса да, өмірлік тәжірибені кітаптан оқып ала алмайсың. Тәжірибе — жылдар мен еңбекпен келеді. Сондықтан лауазымға тез жеткен жас жетекшілер төңірегіндегі тәжірибелі мамандардан, ақылман ағалардан үйренуден қашпағаны абзал. Өкінішке қарай, кейде ондай сәттерді байқап қаламын: кеше ғана келген жас басшы бұрыннан істеп жүрген көне кадрларға менсінбеушілік танытады, «сен ескі тәсілмен қалдың» деп тиіседі. Бұлай ету дұрыс емес. Жаңаны енгіземін деп бұрынғының бәрін сызып тастау — қателік. Дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білген басшы ғана үлкен нәтижеге жетеді. Бұл — менің ұзақ жылдық қызметімде көңіліме түйген қағидам.

Мен отызға жетпей кеңшар басқарғанда, шаруашылықтың жілігін шағып, майын ішкен біраз ағалар болды қасымда. Солардың кеңесіне құлақ түрдім, үйрендім. Жас басыммен білместікпен шалыс қадамдарға баруға талай рет тәжірибелі агрономдар мен зоотехниктерден құралған команда жол бермеді.

Егер мен өзімді «директормын, сендер маған бағынасыңдар» деп олардың пікірін тындамасам, кім біледі, жіберген қатем де көп болар ма еді? Құдайға шүкір, көптің арқасында, үлкендердің демеуінің күшімен қиын белестерден аман өттік. Сол себепті қазіргі жас басшыларға айтарым — көптің кеңесіне жүгініңдер, ақсақалдардың ақылын тыңдандар.

Қазіргі жастардың білімділігіне сүйсінемін. Біздің кезімізде мұндай мол мүмкіндік болмады. Қазір шетелде оқып келгендер, түрлі тренингтерден өткендер көп. Оның үстіне цифрлы дәуір, ақпарат тасқынының ортасындасыздар. Яғни іздеген дүниеңді әп-сәтте тауып аласың, керегіңді компьютерден оқи қоясың. Мұның артықшылығы да, кемшілігі де бар. Артықшылығы — білім алу жеңілдеді, кемшілігі — кейде үстірттікке бой алдыру қаупі бар. Сондықтан жастарға тереңдік жетіспейді ме деп алаңдаймын. Жастар көп нәрсені біледі, бірақ кейде үстірт біледі. Бір мамандықты толық игеріп, тәжірибесін шыңдауға енді келгенде, басқа салаға секіріп кете береді. Бұл — тұрақсыздық. Өз жолыңды анық таңдау, соған бүкіл ынта-ықыласпен беріліп еңбек ету — кез келген карьераның берік негізі. Біз солай өстік, он жұмыстан он жұмысқа секірген жоқпыз, әр баспалдақта тиянақты істер тындыруға тырыстық. Қазір заман басқа, мобильдік қажет шығар. Дегенмен жастық қызбалықпен бірден бәйгеге ұмтылғаннан гөрі, аптықпай жүйелі өсу артық. Жас болсаң да сабыр мен парасатты серік ету — нағыз кемел басшының сипаты.

Қорыта айтқанда, қазіргі жастардың қызметте тез өсуі — заман талабы. Бұған үрке қарауға да болмайды. Өйткені дүние жүзі жасарып келеді, технология жаңаруда, оны игеру үшін жаңа дем, тың серпін қажет. Қазақтың жастары қай кезде де алғыр болған, біз сонау кеңес дәуірінде де комсомол-жастар бригадасы дегенді құрып, талай тиімді істер атқаратынбыз. Жастарға сенім арту — меніңше, дұрыс үрдіс. Президентіміз де «Жастар кадрлық резервін» құрды, көптеген лауазымға соларды тағайындап, мүмкіндік берді. Бұл — мемлекет ұстанымы. Біз бұған қуанамыз. Бірақ қуанғанмен, ескертерімізді де айтып отыру — парыз. Мен өзім осындай сұхбат, отырыстарда жастарға кеңесімді айтып жүремін. Қабыл алатындары бар, алмайтындары бар — ол өз еркі. Кезінде өзім де жас болдым, арынды болдым, бірақ үлкендердің жолымен жүріп, сол кісілердің батасын алғанда ғана ісім өнетінін байқадым. Сондықтан жастарға да сол батаның, сол тәлімнің шарапаты тиюге тиіс. Оны жоққа шығармай, қастерлей білсе — нұр үстіне нұр. Қызметте тез өскенге марқайып, «болдым-толдым» деу опа бермейді. Өсу бар жерде, сынықтарға толы жолда құламаудың, адам болып қалудың жөні бір басқа. Жас келе осыны түсінесің. Қысқасы, жастардың жалындап алға шығуы дұрыс, тек жалындары жанып тұрып жарыққа айналу үшін сабыр мен тәжірибе керек екенін ұмытпаса игі.

— Жастарға қатысты әңгіме қозғалғанда айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселе — қазіргі жастар компьютерге тым әуестеніп, кітап, газет-журнал оқудан қалды. Осыған не айтасыз?

— Оныңыз рас, жастар ғаламтор мен компьютерге әуестеніп, кітапты қолына алуды қойды. Бұған қатысты екі ұшты ойым бар. Бір жағы, шын мәнінде де, кітап оқитын жастардың қатары селдіреп бара жатқандай. Бұрын біздің заманымызда жұрт қағаз кітапты құшақтап жататын. Қазір экранға телміріп отырады. Әлеуметтік желілер, ойындар, фильмдер — бәрі қолдың астында. Сөйтіп, көркем әдебиет оқуға ынта азайғаны рас. Статистикаға жүгінсек, Қазақстан халқының небәрі 17 пайыздайы ғана кітапты тұрақты оқиды екен. Бұл — өте төмен көрсеткіш. Яғни қоғамымыздың бестен бірі ғана кітапқұмар, қалғаны мүлде оқымайды деуге болады. Бұл, әрине, алаңдатарлық жағдай.

Екінші жағы, бүгінгі жастар оқымайды деген бос сөз деп те жатады кейбірі. Мысалы, кітапханашылар «кітапханаға келіп отырған жастар бар, оларды көрмеген соң үлкендер солай ойлайды» дейді. Бұл да жоқ емес: қазір жастардың арасында кітап клубтарын құрып, бірге оқитын топтар пайда болуда.

Қалаларда «буккроссинг», кітап алмасу деген жақсы трендтер бар. Яғни жастардың ішінде кітапқа ықылас қойған саналы топ өсіп келеді. Олар тіпті әлеуметтеніп, топтасып, оқыған кітабын талқылап, насихаттап жүр. Мұны өз көзіммен көріп қуанамын. Мысалы, Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасы соңғы жылдары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа келбетке ие болды. Сол жерге барғанымда жастардың келіп, іші толып отыратынын көріп тәнті болдым. Баяғыдай шаң басқан кітапхана емес, заманауи компьютер, интернет қойылған жайлы орын. Келушілерге кофе ішетін орынға дейін қарастырылған. Демек, егер жастарды кітап окуға тартуға жағдай жасасақ, олар аса қарсы емес екенін аңғардым.

Дегенмен кітаптан жаппай алыстау — бүгінгі уақыт шындығы. Қағаз кітап оқудан гөрі қысқа ролик көріп, қысқа мәтін парақгауға үйренген буын қалыптасты. Осы орайда, әрине, ақпараттық технологиялардың дамуы басты себеп. Қазір кез келген мәліметті интернеттен әпсәтте табуға болады. Кітап ашып, ұзақ іздеу, конспект жасау әдеті келмеске кеткендей. Бұрын біз кітапқа түскен деректі дәптерімізге түртіп, қорытынды жазып үйренсек, қазір Сtrl+F арқылы бәрін табады (күлді). Сондықтан жастарды бір жақты жазғыру да артық. Заман ағымы сондай — ақпарат цифрлы форматқа өтті, кітап оқу ұғымының өзі өзгерді. Біреу гаджетінен электронды кітап оқиды, оны біз сырттай байқамауымыз мүмкін.

Дегенмен, рухани тереңдік үшін кәдімгі баспа кітаптың орны бөлек дер едім. Өйткені ұзақ мәтінді көз майын тауысып оқу Щ миға жаттығу, ойға азық береді. Ал кысқа хабарламалар легі арқылы сана үзік-үзік ақпаратқа үйренеді де, терең пайым жасай алмайды. Сондықтан мен жастарға мүмкіндігінше классикалық тәсілмен кітап оқуды ұсынар едім. Аса құнды шығармаларды қолға ұстап, иісін сезініп оқығанға не жетсін! Біздің буын осылай тәрбиеленді. Ежелден қазақ «кітап — білім бұлағы» деп келді. Қазір де солай: ғаламтор теңізінен ақпар алғанмен, оны бекітіп, сараптау үшін кітап кө-мектеседі. Кітап — жүйелі білімнің қайнар көзі. Мысалы, тарихты интернеттегі қысқа мақаладан біліп шықсаң, ол үстірт болуы мүмкін. Ал белгілі тарихшының қалың монографиясыноқысаң, сол кезеңге терең бойлайсың. Кітап — ойлауды үйретеді, талдауға баулиды, қиялыңды ұштайды. Осы қасиеттері үшін де кітап оқу маңызды. Ой мен қиял — адамды адам ететін құдірет. Егер бүгінгі жас тек сурет пен қысқа ролик қарап, таңдай қақса, онда ойлау қабілеті төмендейді, есте сақтауы нашарлайды. Дәрігерлер де мұны растайды: кітап оқымаған адамның жады әлсірейді дейді. Сондықтан бұл — тек руханият емес денсаулық мәселесі де.

Әрине, компьютер заманын кері қайтара алмаймыз. Цифрлы дәуірдің озығына жүгіне отырып, кітап оқу мәдениетін қатар дамытуымыз қажет. Бұған ең алдымен ата-ана мән беруі керек. Отбасында ата-анасы кітап ашпайтын үйде баланың да кітапқа құштарлығы тумайды. Біз бала күнімізде электр жарығы жоқ болса да, шамның жарығымен кітап оқитынбыз. Мектептің, ұстаздың талап-талғамы бөлек еді. Қазір ұялы телефондағы ойынның қызығы кітапты жеңіп бара жатыр, бұл шындық. Сол себепті балаларды кітап оқуға баулу үшін бала-бақшадан, мектептен бастап жүйелі жұмыс керек. Үйде ата-ана кітап оқып, баламен бірге ертегі оқып отырса, бала да кітапты досындай көреді. Бұл — дәлелдеуді қажет етпейтін қарапайым ақиқат.

Ал енді компьютер мен ғаламторды мүлде жаман деуден аулақпын. Жо-жоқ, жастар заман ағымынан қалмауы керек. Бәсекеге қабілетті болу үшін олар ІТ-ді, цифрлы технологияны терең меңгерсін, бірақ сонымен бірге классикалық әдебиетті, сапалы кітаптарды да ұмыт қалдырмасын деймін. Мемлекет те осыған жағдай жасап отыр — кітапханалар сандық жүйеге көшуде, еліміздегі үлкен қалаларда «оқу халқы» жобалары өтуде. Кітап жәрмеңкелері, әдеби конкурстар көбейді. Мысалы, былтыр «Оқитын ұлт» деген бағдарламалық жоба қолға алынды. Оның аясында мектептерде «оқырман көшбасшы» сайыстары өтті, жас оқырмандар форумдары ұйымдастырылды. Бұл — қуанышты үрдіс, ұлттың оқуға деген қызығушылығын арттыруға сеп болар деп үміттенемін.

Түйіп айтқанда, ғаламторға телміріп, кітаптан қашудың соңы жақсылыққа апармайды. Қазіргі жастар мұны түсінсе деймін. Компьютер — жақсы қызметші, бірақ жаман қожа дейді ғой, яғни технологияны пайдалану керек, бірақ соған тәуелді болып қалмау керек. Кітап сияқты асыл досың тұрғанда, одан қол үзіп кетпеуің абзал. Рухани қорек, интеллектуалдық өсу, сөз байлығын молайту — осының бәрінде кітаптың атқарар рөлі айрықша. Сондықтан қазақ жастары әлемдегі замандастарынан қалыспай, смартфонды да ұстап, сүйікті кітабын да қолынан тастамай жүретін деңгейге жетсе — нұрлы болашақ сонда деп білемін.

— Өзіңіз кітап оқисыз ба?

— Өз басым кітапты серік етіп келе жатқан адаммын. Бала күнімнен кітапқұмар боп өстім. Әкем жарықтық қолыма алғаш Құрманғазының өмірі жайлы шағын хикаятты ұстатқанда небәрі 7 жаста болсам керек, ал қызығып оқып шыққаным есімде. Содан бастап кітап менің айнымас досыма айналды. Мектепте жүргенде ауыл кітапханасын тауысып, ескі газеттерге дейін қопарып оқыдым. Ол кездегі әдеби орта бөлек еді: ұстаздарымыз, ата-аналарымыз бізге кітап оқуды үнемі насихаттап отыратын. Соның шарапаты тиді, бойымда әлі күнге кітапқа деген құмарлық сөнген жоқ. Қазір де қолым қалт еткенде кітап ақтарамын, газет-журнал оқимын. Оқымаған күні бір нәрсе жетіспейтіндей мазам кетеді.

Мен өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен адаммын ғой. Сонда да, қолым босаса, көркем әдебиет оқуға тырысатынмын. Ал үлкен лауазымдарда жүргенде енді, уақыт тапшы болды. Кейде іссапарға темір жолмен шығамыз, сол пойызда ұзақ жолда шаруаң жоқ кезде кітап оқып алатын әдетім бар еді. Жас кезімде қазақ классиктерін жата-жастана оқыдым. Әуезовтің «Абай жолын» неше мәрте қайталап шыққаным есімде: әр оқыған сайын жаңа сыр ашатын ғажайып туынды ғой. Мұқағали, Қадыр, Кәкімбек, Фаризалардың поэзиясына тәнтімін — кітап сөрелерімде үнемі тұрады, арасында қолыма алып, бір-екі өлеңін қайталап оқып қоямын. Бұл көңілге бір ерекше шуақ сыйлайды.

Жалпы кітап оқу мен үшін — жан тыныштығының бір тәсілі дер едім. Қиын-қыстау кезеңдерде шаршап-шалдығып келгенде үйде ермек қылып кітапқа үңілер едім. Сонда өзіңді басқа әлемде жүргендей сезініп, жаның жадырап шыға келеді.

Кейде жақсы кітап оқығаның — бір адаммен сырласқанмен тең деп жатады ғой, расында да, ұлы жазушылардың шығармасынан мол ғибрат аласың, соны өз өміріңде пайдаланып жатасың.

Қазір жасыратыны жоқ, тарихи кітаптарға, мемуарларға, өмірбаяндық әдебиеттерге көбірек көңіл бөлемін. Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» деген кітабын бас алмай оқып шыққанмын. Өзім білетін оқиғаларды оның көзқарасы, жадында қалған детальдар арқылы тану қызық еді. Сол сияқты белгілі қоғам қайраткерлері туралы шыққан зерттеу кітаптарды, эсселерді іздеп жүріп қараймын. Бұл — мүмкін жас ұлғайған соң болар —  тарихқа, жақында өткен жылдарға мойын бұрып, саралап жүрудің бір түрі.

Ал жалпы, кітап — мен үшін таусылмас қазына, рухани азық. Оқыған әр шығармамнан бір үзім болса да білім алсам, ой түйсем, соның пайдасы өміріме жәрдем. Мысалы, мен Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесін» жас күнімде қалай құныға оқысам, жуырда сол романға қайта көз жүгірттім. Байқасам, кей тұстарын бұрынырақ түсінбеген екем, енді мәнін жаңаша ұғып отырмын. Яғни кітап оқыған сайын сені өсіре береді, берер сабағы таусылмайды. Сондықтан менің қатарластарым — сексенге таяса да кітаптан қол үзбеген достарым бар — соларға қызығамын. Біз бірбірімізге көрген жақсы фильмімізді, оқыған жаңа кітабымызды айтып, бөлісіп отырамыз. Тіпті немерелерімізге лайықты кітап сыйлап, оларды кітапқа баулуға тырысамыз. Мен де, мәселен, кітап дүкеніне барсам, немереме бір ертегі, бір танымдық кітап ала келемін. Балаларды да кітапты құрметтеуге, оны жыртпауға, қастерлеуте үйретемін.

Әрине, заман көшіне сай электронды кітап деген шығып жатыр. Өзім де кейде планшеттен, телефоннан мақалалар, зерттеулер оқып қаламын. Бірақ нағыз кітаптың орнын басатын дүние жоқ. Қолыңа алып, парақтап, сөзіне үңіліп, әдемі мұқабасын ұстап, иісін сезіну — одан алар ләззат ерекше. Сол сезімді қазіргі жастарға да тілер едім. Өзім кітапты жастан серік еткеніме қуанамын, өйткені бүкіл өмірімде кітап оқығаннан зиян шеккен жерім жоқ, керісінше, үлкен пайдасын көрдім. Қаншама шешім қабылдар сәтте оқығанымнан түйгенімді кәдеге жараттым, қиын жағдайда кітаптағы жолдар демеу болды. Баба сөзін оқып отырсаң, соның өзінде бір ем бар. Абайдың қара сөздерін парақташы — тұнып тұрған тәрбие, философия емес пе? Жастар Абайды толық оқып шықса, рухани иммунитеті мықты болмақ. Мен заманымыздың заңғар жазушыларының сөзінен демеу тауып отырамын. Сапарларымда, тіпті жұмыста да үстелдің тартпасында ұстап жүретін бір-екі кітабым болады. Мысалы, Бауыржан Момышұлының нақылдарын оқығанды ұнатам. Бір ғажабы, жақсы кітап адамға үміт береді, қамшылайды, жігерлендіреді. Сондықтан менің байламым: кітап — қай заманда да қасиетін жоймайтын қазына. Адам баласы кітаптан қол үзбесе екен, әсіресе қазақтың жастары кітапқа жақын болса екен деп тілеймін. Мен өзім де осы жасқа келгенде жастықтың рухын кітаптан аламын, әр шығармадан жаңа ой, жаңа шабыт алып отырамын. Ендеше кітап — менің досым, досымнан айырылмаспын.

— Халық арасында «қазіргі жастар болмашы қиындыққа шыдай алмай бәрінен шеттеп қалады, боркемік, әлжуаз» деген сөздер де айтылып қалады…

— Шыны керек, ондай мінезді байқатып алатын жастар жоқ емес. Бірақ бұл жаллы барлық жас буын сондай дегенді білдірмейді. Әр дәуірдің жастарының мінез-құлқын, қасиетін әртүрлі сынап-мінейтін бұрыннан бар ғой. Абай атамыз да кезінде «қазақтың баласы қой боғындай», «жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп, жастардың бойкүйездігін сынаған. Әр буын алдыңғы буынға жақпай тұратыны — өмірдің жазылмаған заңдылығы сияқты. Сондықтан бүгінгі жастардың төзімсіздігі туралы түбегейлі үкім шығаруға мен қарсымын. Олар да заманның перзенті. Олар өскен орта бөлек, көрген тәрбиесі басқа. Біз кеңес заманында таршылық көрдік кейде жоқшылықты бастан өткердік. Соғыс пен ашаршылықты көрген ата-аналарымыз бізді «заман тыныш болса болды, ештеңеге мойыма» деп өсірді. Ал бүгінгі ата-аналар керісінше, баласын ештеңеден таршылық көрсетпеуге тырысты — қиындық атаулыдан қорғап бақты. Мұның нәтижесінде біраз бөлігі шыдамсыз, шытынағыш болып өскені рас па деп ойлаймын.

Бірақ мен жалпы бүгінгі буынды әлжуаз, боркемік деп кесіп айтуға болмайды дер едім. Олардың төзімділігі басқа формада көрінеді. Мысалы, біз білмейтін жаңа стресс түрлері қазір көп — ақпараттың тасқыны, қаланың қарбаласы, бәсекенің шиеленісі — осының бәріне жастар көндігіп жүр. Бір қарасаңыз, бұрынғыдан оңай заман сияқты: тоқшылық, бейбітшілік. Бірақ бұл буынның ішкі әлемінде күресі де аз емес. Техника дамығалы адамдардың жүйкесіне салмақ түсіретін факторлар көбейді. Мұны да ескеру керек. Мен ауылда өстім: ұлан-байтақ дала, еркін көсілген кеңдік. Қазіргі қала баласы төрт қабырғада, телефонға телміріп өсіп жатыр — оның да жүйкеге әсерін қараңыз. Содан келіп, қиындыққа төзім кемиді.

Тағы бір жағы — тәуелсіздік ұрпағы көп нәрсеге еркін жетті, бұрынғыдай қатты мұқтаждық көрген жоқ. Біз тауқыметті көріп шынықсақ, олар қолда барды қадырлеуге аса мән бермей қалуы мүмкін. Ата-ананың міндеті — сол бардың қадірін білуге баулу. Өкінішке қарай, кейбір ата-ана өзі жоқшылықты көргендіктен баласына соны көрсетпеуге тырысамын деп, перзентінің психологиясын қате қалыптастырады: «балам ауырмасын, балам қиналмасын» деп, барлық кедергіні алып тастайды. Ал өмірде кедергі болмай қоймайды ғой. Ертең мектеп бітіріп, үлкен өмірге араласқанда сондай бала шын сынақты көргенде шошып кетеді. Сондықтан тәрбие отбасынан басталады деген сөздің жаны бар. Балаға қыңқ еткізбей, барлық жағдайын жасап өсіру — түбі жақсылыққа апармайтынын үлкендер түсінуі керек.

Ал бүгінде «жастар бос кеуде, әлжуаз» деген жалпы пікірмен келіспеймін. Біздің жастарда намыс бар, көздерінде от бар, білек күші, жүрек соғысы — бәрі бар. Тек кей жағдайда оларға аздап шыдам мен сабыр, ерік-жігерді шыңдау қасиеті жетіспейтіндей. Оны түзету қиын емес. Мектеп қабырғасында, университетте түрлі шынықтыру, қатайту жұмыстарын жүргізуге болады. Бізде әскерге шақырылғанға дейін әскери машық, алғашқы медициналық көмек, еңбек тәжірибесі сабақтары өтетін. Қазір қалай, оны да қарап отыру керек. Кейбір мектептерде еңбек сабағы атымен жоқ, технология пәні деп қояды, бірақ бала шеге де қағып көрмейді. Бұл дұрыс емес. Жас жеткіншекті еңбекке баулу, бойын үйрету — төзімділікке тәрбиелеудің ең тиімді жолы. Техника меңгерсін, компьютер білсін, бірақ кішкене болсын қолмен жұмыс істеп көрген баланың еті тірі болады, кез келген қиындыққа бейімделгіш келеді. Ата-ана да балаға үйде орын тауып беруі керек — жұмсау, көмектестіру, жауапкершілік жүктеу. Өкінішке орай, көп ата-ана «өзім істеп қоя салайыншы» деп, баласын жұмсамайды. Бала жалқау болмаса да, қабілеті ашылмай, ынтасы жойылады. Осындай аспектілерді ойлау керек.

Қиындыққа шыдау мәселесіне келсек, бұрын «жігіттің үш жұрты, жеті атасы, қырық сынағы» деп рухани дайындық беретін. Қазір ол жоққа тән. Бірақ нарық заманы біз ойлағаннан да қиын болуы мүмкін. Егер шынымен бүгінгі қазақ жастары әлжуаз болса, елдің болашағы бұлыңғыр болар еді.

Мен оптимиспін: қазақ жастары, қанша сын айтсақ та, көбі алғыр, қажет кезде шыдамдылық танытып жүр. Ауыртпалық түссе, елін-жерін қорғайтынына сенемін. Мұны 2020 жылғы пандемияда көрдік, волонтёр жастар жанкешті еңбек етгі. Кейінгі қаңтар оқиғасында да арандатушыларға ермей, сабыр танытқан саналы жастар көп болды. Осы фактілер бүгінгі буынның ішкі шынығуы бар екенін көрсетеді. Олар ауырмайды деген сөз емес, әлбетте. Бәлкім, біздей белден бейнет кешпеген соң шыдамдары аздау көрінуі мүмкін. Оны қоғам болып, ақсақалдар болып тәрбиелеу керек.

«Сендер нашарсындар» деп күнде айта бергеннен түк шықпайды. Қайта жастарға сенім артып, оларға рух беру қажет. Сонда олар кеудесін тік ұстап, қайраттанары сөзсіз. Кез келген буын мақтағанды ұнатады, сын естісе, еңсесі түседі. Біздің де жас күнімізде бойымызда кемшіліктер болды, біреу келіп «боркеміксің» деп бетімізге басса, намысқа тимей қоймайды. Адам өзін дәлелдеуге тырысады, әрине, бірақ тым шектен тыс сынай берсе, сағы сынуы да мүмкін. Сондықтан осы мәселеде үлкендер жағы да тепе-тендікті ұстағаны абзал. Жастарды орынсыз кемсітпей, орынды мақтап, қанаттандыру керек, қажет жерде ақылмен, тәжірибемізбен бөлісу керек. Сонда жастар ересектердің сенімін ақтауға ұмтылады.

Өмір болған соң қиындық бола береді, әр ұрпақ өз ауыртпалығын көтереді. Мен бүгінгі буынның да қилы кезеңдерде шыңдалып, төзімділігі артып келе жатқанына сенемін. Әсіресе соңғы пандемия жағдайы, күрделі экономикалық ахуал жастарға да сабақ болды. Осыдан сабақ алған ұрпақ шынығып, алдағы сынақтарға дайын тұрады деп ойлаймын. Сынға сынбай, шындала түсетін жастар көп бізде, соны көріп, кейде іштей марқайып отырамын. Қайсарлығы артып, ел жауапкершілігін мойнына ала білсе, бүгінгі буынның алдында үлкен үміт түр.

— «Ой да көп, уайым да көп — ойлай берсең, Ой да жоқ, уайым да жоқ — ойнай берсең» дегендей, өңірімізге ғана емес, елге жақсы танымал тұлға, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері болғандықтан, бірді айтып, бірге кетіп, қазбалап сұрап жатырмын. Енді туған тіліміздің жай-күйіне ойыссақ, осы орайда атқарылып жатқан істерге, нәтижелерге көңіліңіз тола ма?

— Туған тіліміздің бүгінгі ахуалы — мені жиі толғандыратын мәселе. Қазақ тілі тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік мәртебеге ие болды, әрине бұл — үлкен жетістік. Содан бергі 30 жылдан аса уақытта тіліміздің қолдану аясы кеңейді десек, қателеспейміз. Бұрын қазақ мектебін ашу мұң болып еді, қазір балалардың басым көпшілігі қазақ мектептерінде білім алуда. Жастардың көбі қазақша сөйлейді, мемлекеттік қызмет пен білім саласы бірте-бірте қазақ тіліне ойысып келеді. Бұның бәрі — оң өзгерістер. Мен кеңес өкіметінің соңғы жылдарында облыстық деңгейде басшы қызметте жүргенде де қазақша іс жүргізуді армандайтынмын. Бірақ амал не, ол кезде қазақ тілінің қолданысы шектеулі еді: жергілікті қазақтардың өзі қағазын орысша жазатын. Ал қазір — шүкір, кез келген мекемеге барыңыз, қазақша қызмет көрсетуге даяр. Былайша айтқанда, қазақ тілінің мәртебесі өсіп келеді, бұл жүрегімізге қуаньші ұялатады.

Дегенмен көңіл толмайтын жайттар да бар. Ең бастысы — қазақ тілін білу бар да, оны кәсіби тұрғыда қолдану бар. Қазір құжат айналымы қазақшаға көшті дегенімізбен, сол құжаттың сапасы қалай? Кейде іс қағаздарындағы аудармалардың олқылығы, шорқақтығы көзге ұрып тұрады. Бұл — әлі де мамандардың жетіспеуі, қазақ тілінде еркін жаза алатын кадрлардың тапшылығы дер едім. Мемлекетгік мекемелерде терминологияны қолдану, аударма ісі толық жолға қойылды деп айта алмаймын. Оны мен ғана емес, мамандардың өзі сынап жатады. Яғни тілдің заңды мәртебесі көтерілгенімен, іс жүзіндегі қадірі өз деңгейіне жетпей отыр. Бұл — өтпелі кезеңнің қиындығы шығар. Өйткені кешегі орыс мектебін бітірген қаншама буын әлі қызметте жүр, олар қазақша үйренуге тырысып жүрсе де, бірден жоғары деңгейде жаза қоймайды. Осы алмасу кезеңі өтіп, орнын тәуелсіздікте өсіп, қазақша ойлап, оқыған жастар басқанда бұл мәселе шешілер деп ойлаймын.

Екінші мәселе — тіліміздің қоғамдағы нақты Қолданысы. Әлі де болса үлкен қалаларда, кейбір салаларда орыс тілінің үстемдігі сезіледі. Мысалы, бизнес саласы, қаржы саласы, ғылымның кей бағыттары негізінен орыс және ағылшын тілінде жүр. Қазақ тілі толыққанды қызмет атқаруы үшін оны экономиканың, ғылымның тіліне айналдыру шарт. Бізде әдебиет, өнер, тұрмыстық қарым-қатынаста қазақ тілі кең қолданылады, ал ғылым-техникада, ақпараттық технологияда кенжелеп тұр. Мемлекет мұны түсініп, ғылыми терминологияны қазақшалау, ІТ саласының тілін бейімдеу бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. Осы үрдіс нәтижесін берсе, қазақ тілінің өрісі тіпті ашылады деп сенемін. Үшінші мәселе — тілді үйрету әдістемесі. Қазіргі таңда қазақ тілін білгісі келетін басқа ұлт өкілдері де көп, бірақ олар үшін оңтайлы әдістеме керек. «Қаз-Тест» деген жүйе бар, курстар бар, дегенмен бұларды жетілдіре беруіміз қажет. Ал ең маңыздысы — тілімізге деген ықылас өзімізде тұрақты болса, оның болашағы зор. Әсіресе жастардың патриотизмі тіліне деген жанашырлығынан басталуға тиіс. Жастар ана тілін сән көріп, мақтан тұтып, күнделікті қолданыста асыл қазынадай пайдаланып жүрсе, өзгеге де үйретеді, мәртебесін де көтереді.

Мені қуантатыны, қазір қазақ тілін меңгерген өзге этнос жастары көбейді. Оңтүстік аймақтарда өзбек, ұйғыр бауырларымыз қазақша сайрап жүр. Орыс тілді отбасылардың балалары да мектепте қазақшаны жақсы үйреніп шығып жатыр. Мемлекеттік қызметке тұру үшін қазақ тілін білу керек, оны еріксіз болса да үйреніп алады. Осындай практикалық себептер де өз жемісін беруде. 90-жылдардың басында қазақтардың өзі қазақша сөйлеуден қысылатын, ал бүгінде мемлекеттік тілде сөйлесең, «айхай, неге орысша сөйлемейсің?» дейтіндер азайды. Кешегі мен бүгінгінің арасы — жер мен көктей. Осы үрдісті бұдан әрі дамытуымыз қажет.

Қазіргі қазақ тілін дамыту бағдарламалары халықты қанағаттандырады деп айта алмаймын. Жұрт «30 жылда неге толық қазақшаланып кетпедік?» деп сұрайды. Оған объективті де, субъективті де факторлар бар. Объективтісі — Қазақстан көпұлтты мемлекет, бәрін күшпен қазақша сөйлету мүмкін емес (ондай мақсат жоқ та). Субъективтісі — кейбір шенеуніктердің самарқаулығы, немқұрайдылығы, кешегі «орысша басым» көзқарастан шыға алмай жүргені. Бірақ қазір жоғары билік те бұл мәселеге нық кіріскен: Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақ тілінің мәртебесі толық үстемдікке жететін кезең келетінін, ол үшін бәріміз еңбек етуіміз керектігін айтты. Осы сөздер халықтың көкейіндегіні дөп басты деп ойлаймын. Жастарға, болашаққа сенеміз, қазақ тілі Қазақстанды біріктіруші фактор боларына кәміл сенімдімін. Оған негіз де жоқ емес: жаңағы айтқан статистика — 92 пайыз халық мемлекетгік тілді меңгерген дейді. Бұл — өте қуанышты дерек. Егер шынымен солай болса, бір-екі онжылдықта қазақ тіліне сырттан аударма жасап әуре болмайтын халге жетеміз. Бәлкім, бір буын ауысса, қазақ тілін білмейтін адам қалмас.

Жалпы тіл жайы — ұлт жайы. Тіл — тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол — бүкіл мәдениетіміздің айнасы. Сондықтан ана тіліміздің дамуы баршамыздың ортақ міндетіміз. Менің жанымды ауыртатыны — қазақтың өз ішінен «қазақ тілінің қажеті шамалы, орысша-ақ өмір сүреміз ғой» дейтін нигилист жастардың шығуы. Ондайға қарным ашады. Өз ана тілін менсінбеген адамнан ертең не опа күтуге болады? Мұндай керітартпа пікірлер жоғалуы керек. Құдайға шүкір, қазір көпшілігі қазақ тілінің құдіретін түсініп келеді. Жастар баласын қазақ мектебіне береді, өздері қазақша үйренуге тырысады — мұның өзі сананың жаңғыруы. Яғни тіл мәселесінде алға ілгерілеу бар. Ендігі басты мақсат — қазақ тілін ғылым мен технология, бизнес пен мәдениет, білім мен медицина — барлық салада толыққанды іске асыру. Бұл үшін кешенді шаралар жалғасуы керек. Біз қол қусырып отырмай, белсенді атсалысуымыз қажет. Мысалы, қазір көшелер мен ғимараттарда қате жазылған қазақша жарнама, мандайша жазулар толып тұр. Соны сауатты жастар, еріктілер бірігіп, түзетіп жүр. Мұны қарапайым ғана мысал ретінде айтып отырмын — үлкенді-кішілі әрқайсымыз ана тіліміздің тазалығы мен дамуына үлес қоссақ, нәтиже көп күттірмейді.

Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, «тілге қызмет — ұлтқа қызмет». Сондықтан менің барлық замандастарыма, жастарға айтарым: қазақ тіліне бейжай қарамаңыздар, қолдан келсе, сөреміздегі бар қазақша кітапты оқып, ісімізді қазақша жүргізейік. Ұрпаққа өнеге сондайда беріледі. Сонда ғана қазақ тілі шынымен қоғамның барлық саласында үстемдік құрады. Қазірдің өзінде бірқатар салаларда тұғырға шықты, ал кейбірінде әлі әліпбиі енбегендей. Сол мешеулік кетсе, көздеген межеге жетеміз. Мен қазақ тілінің болашағына зор сеніммен қараймын, біздің тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз ынтымақты болғанда, ана тіліміз елімізбен бірге жасай береді деп кәміл сенемін.

— Менің ойымша, сайып келгенде, осындай өзекті мәселелердің бәрі тәрбиеге, отбасының тағылымына келіп тірелетін сияқты. Осы жайындағы ойыңызды да білгім келеді.

— Өте орынды айттыңыз, қоғамдағы барлық өзекті мәселелер ақыр соңында отбасы тәрбиесіне келіп тіреледі. Мұны мен жиі ойлап, талай жерде айтып та жүремін. Отбасы — шағын мемлекет дейміз. Сол шағын мемлекеттегі тәлім-тәрбие дұрыс болса, одан шыққан әрбір бала үлкен мемлекеттің саналы азаматы боп ержетеді. Қазіргі қоғамдағы түрлі түйткілдердің түп-тамырын тектесек, көбінің ар жағынан отбасындағы тәрбиенің олқылығы шығып жатады. Сондықтан мен отбасылық құндылықтарды сақтауға, ата-ананың жауапкершілігіне, баланың тәрбиесіне әрдайым ерекше мән беремін.

Өзімнің өмірімді мысалға алайын: мен 6 жасымда анамнан айырылдым, бірақ нағашыларым болсын, әкемнің ағайын-туысы болсын бәрі менің жетімдігімді білдірмей өсірді. Ауылдың қауымдастығы, туыстық қарым-қатынасы сондай еді: бір баланы жетім деп қарамай, ортақ мейірімге бөлейтін. Сол қасиет мені қатайтып, қиындыққа мойымайтын етіп шыңдады. Егер мен сол кезде шиеттей сары баламын деп шетке қағылсам, кім біледі, өмір жолым басқа арнаға түсер ме еді. Жоқ, жақындарым тәрбиені, жылуды аямады. Әкем Қали да мені қас-қабағымен тәрбиеледі: әр қылығымды бағып, жөнге салып отырды. Мектепте озат болуымды қадағалады, үлкендерді сыйлауды, адалдықты, уәде үдесінен шығуды санама құйды. Қарап отырсам, менің барлық адамгершілік ұстанымдарым, қоғамда көрген-білгенімнің алғашқы дәні сол отбасымда алынған екен. Отбасындағы тәрбие қазығы мықты болғасын кейін орта мектепті де үздік бітірдім, қалаға барып институтта да қағілез болдым. Жан-жақтан бақылап, дұрыс бағыт беретін ата-ана, туыстар болмай, бала қадағалаусыз өссе, күндердің күнінде сүрініп кетуі ғажап емес. Соны естен шығармауымыз керек.

Бүгінде жастардың тәртібі, мәдениеті, тіл үйренуі, дін ұстануы сияқты талай сұрақ туындайды. Соның шешімі, негізі, қайнар көзі — үйдегі тәлімде жатыр. Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі. Баланың ақ парақтай санасына ең алғашқы жазуды жазатын — ата-анасы. Кей ата-ана, өкінішке қарай, осыны сезінбейді. Олар «мектепте үйретер, қоғам тәрбиелер» деп жауапкершілікті сыртқа ысыра салады. Ондай немқұрайдылық түбі өкінішке алып келеді. Біз мектепте ұстазды бұлжытпай тыңдайтын едік, өйткені үйде әке-шеше «ұстаздың сөзін жерге тастама» деп құлағымызға құйып отыратын. Қазір кейде ата-аналардың өзі мектепке келіп, мұғалімге ұрсып, баласының көзінше небір сөз айтады — мұның бәрі отбасындағы тәрбиенің ақсап тұрғанын көрсетеді. Сондықтан әуелі ата-ана тәрбиеленуі керек. Ата-ана өз баласына өнеге бола алмаса, басқаның берген тәлімінен қайран аз. Баласы темекі тартпаса дейді, бірақ өзі шегеді. Балам өтірік айтпасын дейді, бірақ өзі қулық жасайды, өтірікті судай сапырады — оны бала көріп отыр. Ендеше ертең сол әдетті бала қайталайды. Мен өзім ата-ана ретінде ондай қателіктерді жібермеуге тырыстым. Балаларыма жастайынан «еңбектен, шындықты айт, үлкенді сыйла» деп құлағына құйып өсірдім. Шүкір, перзенттерім үмітімді ақтады. Олар да қазір үй болып, бала тәрбиелеп отыр. Немерелерімді де сол баяғы дәстүрмен өсіруде. Үйге келгенде мен де араласып, ақыл-кеңес айтып отырамын. Атам қазақ «тойған жерге емес, тұрған жерге берсін», — дейді ғой — бұл тәрбие көрген, жолы дұрыс жан қайда жүрсе де өз басын алып шығады деген мағынада айтылған. Сондықтан ең алдымен, отбасын түзеу керек деп әр сөзімде айтамын.

Қоғамдағы тәртіп, имандылық, адамгершілік сынды құндылықтардың бәрі үйдегі қарапайым тірліктен басталады. Егер әр отбасының шаңырағы берік, түтіні түзу шықса — мемлекетіміздің іргесі де берік болмақ. Керісінше, отбасы құндылықтары әлсіресе, ажырасу көбейсе, бала далада қаңғып қалса — ол түбі жақсы нәтиже бермейді. Кейбір қылмыскерлердің өмірбаянын зерделесеңіз, ойрандалған отбасының, бақылаусыз өскен бейбақтың тағдыры екенін көресіз. Сол себепті біз отбасы институтын қолдауымыз керек. Қазір шүкір, мемлекет отбасыларға көп көмек беріп жатыр: әлеуметтік төлемдер, жәрдемақы, көп балалыға жағдай жасау – мұның бәрі отбасы берекесін сақтауға арналған игі іс. Бірақ тек ақшалай қолдаумен шектелмей, идеологиялық тәрбие де керек. Теледидар, интернет бетінде отбасы құндылығын насихаттай-тын дүниелер көбейсе деймін. Қазір өкініштісі, жұрт еліктейтін кейбір әнші-әртістердің өздері отбасының қадірін кетіріп жүр — ажыраса салады, үйлене салады, жеңіл қарайды. Бұл да жастарға теріс өнеге береді. Сондықтан өнер жұлдыздары, спортшылар секілді танымал тұлғалар сөзбен де, іспен де дұрыс жол көрсеткені жөн.

Мен өз ұстанымым бойынша, баланың тәрбиесіне, ең алдымен, әке жауапты деп санаймын. Алайда қазіргі заман кейде әкенің рөлін төмендетіп жіберді ме деп аландаймын. Бұрын қазақ отбасында әкенің сөзі заң болған. Бүгінде әртүрлі жағдаймен толық емес отбасылар көбейген: бірде анасы жоқ, бірде әкесі жоқ. Әкенің тәрбиесін көрмей өскен балада бір кем дүние болады. Әйел адам қанша мықты болса да, әкенің орнын баса алмайды. Сондықтан мүмкіндігінше баланы әке-шеше бірге тәрбиелегені абзал. Бұл — менің жеке пікірім ғана емес, бүкіл әлемдік тәжірибе көрсеткен ақиқат. Сондықтан мемлекетіміздің де отбасыларды сақтап қалуға күш салғаны дұрыс. Жастар үйленіп, бір-екі айда ажырасып жатса, отбасы институтының қадірін жоғалтқанымыздың белгісі. Бұл жағдайды дереу түзету қажет, әйтпесе мұның шеті қоғамға тиіп жатыр: әкесіз өскен ұл-қыз мейірімнен қағылады, психологиялық жарақат алады. Ертең олар да сондай жауапсыз қадамдардан тайынбайтын болып шығады. Бұл тізбек үзілуі керек.

Қай заманда да, қай елде де отбасылық тәрбиеден асқан тәрбие жоқ. Бұл — қағида. Біз қоғамды жақсартқымыз келсе, әуелі әр шаңырақтың бақытқа бөленуіне жағдай жасайық. Соның ішінде ата-ананың балаға, баланың ата-анаға деген сүйіспеншілігін, сыйластығын арттырайық. Ағайын-бауыр арасын жақындатайық. Сонда бұл қарым-қатынас үлкейгенде қоғамдағы ізет пен инабатты, ұят пен қайырымды қалыптастырады. Мысалы, мен өзім бір салтты үзбей келемін: отбасы мүшелеріміздің туған күнінде, мерекеде міндетті түрде бас қосып, бір дастарқан басында отырамыз. Немерелерім ата-әжесіне қолқабыс етеді, аналары дастарқан жаяды, өзім батамды беремін. Көзінде шуақ, көңілінде қуаныш тұрады бәрінің. Осындай кішкентайдан сіңген қарым-қатынас, береке-бірлік сезімі баланың жадында өшпейді, ертең олар да сол өз шаңырағында жалғастырады. Міне, тәрбиенің бір көрінісі. Бұны айрықша айтып отырғаным — кейде қазір бәріміз бір үйде отырып алып, әркім телефон шұқылап отырады да, бір- бірімен сөйлеспейді. Бұл деген қатыгездіктің алғышарты сияқты. Қан жақын адамдардың өзімен араласпаған адам ертең сыртқа қандай мейірім төгеді? Бұл да маңызды. Сондықтан отбасылық құндылықтарды жаңғырту керек, бұрынғы ата-әже институтын қайтадан үлгі ету қажет. Біздің кезде әжелеріміз ертегі айтып, немересін бауырына басып, салт-дәстүрді құлағына құйып отырушы еді, қазір ол жоқтың қасы.

Қысқасы, ең үлкен реформа — отбасын түзеу. Отбасы түзелсе, қоғам түзеледі. Бір сөзбен, ұрпақтың бойына ізгілік пен парасатты, иман мен қайырымды сіңіруде отбасының алар орны орасан. Абай атамыз айтады: «Адамның жақсы болмағы — әуелі түзелмек өзінен, соңына ата-анасы, ағасы, туған-туысы, ұстазы» дейді. Міне, бірінші өзінді жөнде, екі ата-анаң тәрбиеле, үшіншісі бауыр-туысың, төртіншісі ұстазың деп отыр. Яғни отбасылық тәрбие алдыңғы қатарда тұр. Осы өсиетті ұмытпасақ екен. Мен ақсақал ретінде қайда барсам да жастарға: «Үйленген соң ажыраспаңдар, шаңырақтарың шайқалмасын. Балаларыңды жұптарың жазылмай өсіріңдер, ата-әжелеріңнің көзінше балаларыңа ұрыспаңдар, бала тәрбиесінде ынтымақты болыңдар», — деп ақыл айтып жүремін. Көбі құп алып жатады. Үмітім сол — қазақтың шаңырағы биік, керегесі кең, уығы берік болсын. Сонда ұлттық тәрбие өздігінен-ақ орнына келеді. Елдің ертеңі осындай саналы, тәрбиелі ұрпақтың қолында болады.

— Осыған орай, мынадай бір сұрақ. Қазақ ұрлық дегенді білмеуші еді. Қазір біреудің мүлкіне көз алартушылар көбейіп кетті. Басшы да, қосшы да біреудің (көбіне мемлекеттің) дүниесін қағып кетуге құмар. Осы кеселден қалай құтыламыз?

— Өкінішке қарай, соңғы жылдары қоғамда біреудің мүлкіне қол сұғу, әсіресе мемлекеттің, халықтың қаржысын жымқыру дерті белең алды. «Қазақ бұрын ұрлыққа жақын емес еді, бұл қайдан шықты?» деп күйінесін. Шынында да, бабаларымыз ұрлықты ауыр күнә санаған. «Ұрының арты қуыс» деп, ұрлық қылған кісі түбінде ұятқа қалатынын әрдайым айтып отырған. Қазақ түсінігінде ұры болу — ең масқара қылыкқтың бірі. Сондықтан ауылда жүз қараны бағып отырса да, ұрыға ұрлатып, өзі малына ие бола алмаса, бұл да намысқа сын деп есепда «халық жауы» деп кінәсіз талай ерлеріміз атылып кетті, ал мына жүрген жемкорлар іс жүзінде нақты халық жаулары. Елдің несібесін жеп, жемқорлыққа жол бергендер елді кедейлендіреді, мемлекетіміздің дамуын тежейді. Осының кесірінен әлеуметтік әділетсіздік өсіп отыр, ол туралы бұрын айттық.

Осы кеселден қалай құтыламыз? Меніңше, ең алдымен, құқықтық мемлекетті толыкқанды құру қажет. Заңды қатайту керек және оны мүлтіксіз орындау керек. Жемқорлықпен ұсталып, миллиондарды жеп қойып, түрмеде телмірген талай шенеунікті көріп отырмыз. Соның өзі кейбіреулерге сабақ болмай түр. Демек, тек жаза ғана емес, адамның ішкі тежеуіші, иманы болуы керек. Иманы бар, арлы адам ондайға бармайды. Кеңес кезінде дін әлсіреп, адамдардың көбі Құдайдан қорқу дегенді ұмытқан еді. Тәуелсіздік келді, мешіт салынды, жұрт намаз оқуға көшті. Бірақ оның өзі кейде көзбояу сияқты: мешітке барып жүрген кейбір пенде тысқа шыққан соң пара алып жатқанын естиміз. Бұл не? Бұл — тәрбие, рухани тоқырау. Демек, ұрлықпен күрес — бұл тек зандық не экономикалық мәселе емес, бұл — руханият мәселе. Бала кезінен адалдыққа баулу, имандылықты сіңіру керек. Ұлтын, елін сүйген адам өз халқынан ұрламайды. Өзіне жүктелген аманатты қиянат қылмай, орындап шығады. Сондықтан отаншылдық пен адалдық — жемқорлыққа қарсы күрестегі басты қару дер едім. Біз жастарды осы екі қасиетке тәрбиелеуіміз керек.

Одан бөлек, мемлекеттік жүйедегі ашықтық, цифрландыру да жемқорлықты тыюға сеп. Қазір адам факторын азайтып, қызметтерді автоматтандыру қолға алынды — бұл да дұрыс жол. Әрине, ең үлкен міндет — сананы өзгерту. Халық болып жемқорларды жек көруді үйренейік, жылы қарауды доғарайық. Баяғыда: «Ой, жоспарда отырғанның бәрі ұрламаса болмайды» деген әңгіме болушы еді. Яғни елдің өзі оған бой үйретті. Енді олай емес, азаматтық қоғамның талабы өсті: жемқорды көрсек, атын атап, айыптаймыз. Бұл да тоқтау болар. Жалпы ұрыны өз ортамызда әшкерелеу, оған жирене қарау мәдениеті қалыптасуы керек. Көпшілік оны жақтырмаса, жұрт жек көрсе, ол да ойланар.

Ал бізде, керісінше, әлі күнге дейін байдың бәрін сыйлаймыз, оның ол байлықты қандай жолмен жинағанын ескере бермейміз. Бұл дұрыс емес. Адал бай мен арам байды ажыратып, әрқайсысына өз көзқарасымызды білдірейік.

— Тағы бір сұрақ. Сіздің сексенге келдім деп селкілдеп, кәрілікті мойындап отырмағаныңызды білеміз. Қашанда халықтың, қызу істердің ортасында жүресіз. Сізді қолтығыңыздан демеп жүрген қандай күш?

— Сексенге келдім деп селкілдеп отырған жайым жоқ, бұл рас (күлді). Көпшілік арасында, елдің ортасында әлі күнге дейін бірге жүргеніме шүкір етемін. Қатарластарым «Құдайберген, қайдан күш-қуат аласың?» деп қалжыңдап сұрап жатады. Шыны керек, мені алға жетелейтін бірнеше тірек бар, соны сізбен бөлісейін.

Біріншісі — елге, халыққа деген сүйіспеншілік. Халқымның алдында адал қызмет атқарсам, солардың жағдайы жақсарса, еңсемді тік ұстап жүрсем — міне, бар күш-қуатымның қайнары осында. Мен зейнетке шықсам да, қолымды қусырып отыра алмадым. Өйткені ауылда, елде өзекті мәселелер әркез болып тұрады, содан мен шет қалғым келмейді. Қоғамдық істерге, жиындарға белсене араласатыным сондықтан. Қайбір жылы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болдым, бұл да маған жаңа міндеттер жүктеді. Кезінде маған сенім артып, қызметтес болған кейінгі буын — қазір олар басшы, мен соларға ақыл қосып, білгеніммен бөлісемін. Ел мүддесі үшін керек болсам, ұшып тұрамын, шаршауды білмей кетемін. Бұл — халқыма деген махаббатымның шексіздігі, осы сезім маған үнемі қанат бітіреді.

Екіншісі — отбасымның қолдауы, сүйікті зайыбымның махаббаты. Менің жарым биыл 80 жасқа толды, екеуміз алпыс жылға жуық отасып келе жатырмыз. Жарым Сәуле — ақылдың кені, сабырдың, мейірімнің символы дер едім. Ол ертеректе көп ауыртпашылық көрді: жас кезінде менің оқуымды аяқтауыма мүмкіндік жасап, ауылда тұрьш мені күтіп, талай сынақтан өтті. Кейін еңбек жолым басталғанда да Сәуле сол қиындықты бірге бөлісті. Балаларды бағып-қағу, үй шаруасын дөңгелету — соның бәрін менің мойныма салмай, өзі арқалады. Мен ерте кетіп, кеш келетін жұмысымда алаңсыз болдым, өйткені үйімде бәрі берекелі екенін білетінмін, Жарыма осы үшін ғұмыр бойы қарыздармын. Ол кісі мені «сіз» деп сөйлеп, бірде-бір рет көңілімді қалдырып көрген емес. Менің әр бастамама демеу көрсетіп отырды. Осындай тізгін тартпай, қайта қанаттандыратын жар кез келген ер-азаматтың бағына бұйыра бермейді. Мен сол бақытты күйеумін. Сәуле екеуміздің махаббатымыз әлі күнге дейін сәулесін шашып келеді десем, артық емес. Балаларымыз өсіп, немере-шөбере сүйіп отырсақ та, бір-біріміздің қадірімізді қартайған сайын терең ұғынамыз. Жас күнімізде босағасы босап тұрған талай отбасыны Сәуле екеуміз бірігіп сақтап қалғанымыз бар, талай адамға ақыл айттық. Өйткені біз сезінген сыйластық пен сенімнің дәмін өзге де жандар көрсе екен дейміз. Әлі күнге дейін менің көп жұмысты мойымай атқаруым — сол үйдегі береке, жарымның жан жылуының арқасы. Саусағының ұшын да қимылдатпай-ақ маған күш береді. Бір ауыз жылы сөзі талай жылғы шаршауымды басып тастайды. Сондықтан айтар едім: барлық ер-азаматтың артындағы тірегі — адал жары. Сәуле болмаса, Құдайберген бүгінде кім болар еді, қайтер еді, ойлағым да келмейді. Құдайдан сол жарымның мерейін үстем етіп, деніне саулық беруін тілеймін. Біздің балаларымыз да аналарының арқасында қанаттанып, өмірден өз жолдарын тапты. Немерелеріміз де әжесінің тәрбиесін бойына сіңіріп өсіп келеді.

Үшінші — айналамдағы ағайын-туыстың, дос-жаранның ізгі ниеті мен қолдауы. Адам жалғыз жүріп көп іс тындыра алмайды. Әрқашан тіршілік етсең, елмен араласасың. Менің де құдай қосқан ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жолдастарым бар. Солардың көрсететін сый-құрметі жанды жадыратады. Кейде олармен бас қосуға баруға ерінесің, не шаршап тұрсаң да, жиындарына барып, бір әзілдесіп, сөйлесіп қайтсаң, демалып қаласың. Жүзіндегі шынайы күлкілерін көріп, сөзінен өзіме деген сыйластығын байқап, төбем көкке жеткендей болады. Бұлар да — адамның қуат алар энергиясы. Мен туған жеріме, сыныптастарымның, құрдастарымның ортасына жиі барып тұрамын. Сол барған сайын жасарып, арқаланып қайтамын. Олар «сен әлі тыңсың ғой, біздің қолбасшымызсың» деп әзілдеп көтермелегенде өзімді жас жігіттей сезінемін (күліп). Адал достар адамның өмірін ұзартады деп жатады ғой, рас. Мен де достарымды бағалаймын. Олар да мені білгеннен сыртымнан да, өзімнің көзімше де құрметтеп отырады. Елдің азаматтарының шынайы сүйіспеншілігі — сарқылмас қуат көзі. Олар үшін қандай шаруа болсын бітіріп беруге әзірмін. Қолыңнан келіп тұрса, көмектесесің, келмей жатса, алдына түсіп бірге жүресің, осылай ағайыншылықты үзбедім. Соның арқасы шығар, күні бүгінге дейін «бір жерге Кұдайберген атамыз келіпті» десе, жұрт ет-жақынын көргендей есікке ұмтылады. Осыдан асқан мерей бар ма адамға? Сол үшін Жаратқанға алғысым шексіз. Ауырсам, халымды сұрап телефон, хабарлама толастамайды, қуанатын хабар болса, жамырасып бөліседі — мен осындай бауырмал ағайын, ықыласты дос-жаранның арқасында мәңгі жас күйде жүремін дер едім.

Төртіншіден — өзімнің өмірлік ұстанымым, ұдайы жұмысбасты болып жүргенім де маған күш берсе керек. Мен ыңылдап ән айтып, таңертең үйде бос отыра алмайтын адаммын. Зейнетке шықсам да, күні бойы шаруадан бас алмаймын. Өйткені маған еңбек ету — тыныс алу, демалу секілді табиғи қажеттілік. Бір шаруаның басы қайырылса, ертесіне екіншісін іздеп тұрамын. Бұрынғы заманда Шоқан Уәлихановты жерлесіміз Сабырбай ақын «ән салмайды дегенде, ән салады» деп сипаттапты. Сол секілді мен «демалып жатыр» дегенде, демалмай, басқа бір істің басын қайырып жатамын (күліп). Ішкі жан дүниемнің конструкциясы солай біткен шығар, білмеймін, жалқаулық — маған жат. Өзімді-өзім бос отырғызбаймын. Қолыма бір кітап алып оқимын, компьютерде ескі суреттерді реттеймін, газет шимайлап, мақала жазамын — әйтеуір, жас кездегідей жоспармен жүремін. Осы динамика мені сергек ұстап тұрған секілді. Қозғалыс — өмір дейді ғой, расында, қозғалған сайын тұла бойыңа қан жүгіріп, жаңа күнге жігермен оянасың. Сондықтан еңбек терапиясы — ең күшті терапия деп білемін. Өзін сергек сезінгісі келгсн адам ең алдымен, бос жатпасын. Қолы қалт етсе, немересін жетектеп серуендеуге шықсын, болмаса ат мініп жайлауға барсын, әлде жок, ауласындағы бақшасын баптасын — әйтеуір бір іспен айналыссын. Сонда жан-дүниең де, тәнің де семіреді. Менің көп жылғы байқап жүрген формулам — осы.

Жігер беретін бір күш — Аллаға сенімім. Мешітке үнемі бара бермесем де, Кұдайдың алдында есеп беремін деген пайым маған өмірдің сан кезеңінде қуат сыйлады. Болмашыға күйіп-піспей, алдағы күннен үмітімді үзбеуіме себеп болды. Алладан медет тілеп барып, талай қиындықты еңсердік. Сондықтан иманым — тірегім.

Міне, осы айтқан нәрселер — менің маздап жанған шырақтарым, соның сәулесі маған күш-кайрат береді. Халқым, жарым, туыстарым, дос-жаран, еңбек, иман — осы алтын діңгектер тұрғанда, Құдай қаласа, әлі де ортамда абыроймен жүре беремін деп ойлаймын.

— Қазақ сөздің қадірін біледі. Сексенге келген Жетес биден тоғыз жасар Төле: «О, қасиетті ата! Ат берсеңіз — өліп қалады, тон берсеңіз — тозьш қалады», — деп өлмейтін, тозбайтын бұйымтайын айтып, бата алған екен, жоғарыда айтылған әңгімелердің түйші болсын — жастарға баталы сөзіңізді айтсаңыз.

— Қазекем «Сексенге келген атадан бата сұра» дейді, бүгін орталарыңда сексеннің сеңгіріне көтерілген ақсақал болып тұр екенмін — ендеше, айналайын жастар, сендерге айтар баталы ақылым бар.

Ардақты ата-бабаларымыз өмір бойы аңсаған тәуелсіздіктің туын біз, міне, желбіретіп, сендерге аманат етіп тапсырып отырмыз. Енді сол көк туды құлатпай, тәуелсіз елдің шаңырағын биік ұстау — сендердің міндеттерің. Еліміздің ертеңі — өз қолдарыңда. Тәуелсіздік деген құдіретті ұғымның салмағын дұрыс түсініңдер. Ол үшін тарихты біліп, бұрынғы өткен тар жол, тайғақ кешулерді санадан шығармай, әрқашан отаншыл, мемлекетшіл болып өсулерің керек. Жеріміздің әр сүйемін қадірлеңдер, тіліміздің әр сөзін ардақтаңдар, дәстүріміздің әр үрдісін дамытыңдар. Ұлтты сүю — бос сөзбен емес, нақты іспен көрінсін: жақсы оқыңдар, заман талабына сай мамандық игеріңдер, ерінбей еңбек етіндер. Көздерің оттай, көңілдерің дауылдай, білектерің болаттай болсын!

Мен сендерге өткен өмірден көп нәрсе айтып, ақыл үйреттім. Соның барлығын көңілдеріне тоқып, керегін зерделеріңе түйіп алсаңдар, қате баспайсыңдар. Үлкенді сыйлауды ұмытпаңдар, кішіге қамкор болыңдар. Бұл — қазақтың тәрбиесінің мәйегі. Ата-ананы құрметтеңдер, ата-әжелеріңнің батасын алындар. Бастарына түскен сынаққа сабырлы болыңдар, жеңіске масаттанбаңдар. Жүректерің таза болсын, ниеттерің ақ болсын! Сонда Құдай тағала жар болып, әрқашан абыройларыңды асырады.

Мұсылман жастарысыңдар, иман мен ұятты ту қылып ұстаңдар. Ұят деген — адамды адам қылатын өлшем. Ұяты бар жан ешқашан жамандыққа бармайды. Сондықтан ұяттарыңды сақтасандар, Кұдай да жар болады, халқымыздың да мерейі үстем болады. Пейілдерің кең болсын. Бір-біріңді көре алмаушылық, іштарлық деген жаман қасиеттен сақтанғайсыңдар. Бірлік пен татулықты бағалаңдар. Қазақтың қай тарихын қарасаң да, жеңісінің кілті бірлікте болған. Қазір де заман солай, ынтымақсыз іс бітпейді. Берекені көздесеңдер, бір-біріңнен тартынып қалмай, аянбай сол мақсатқа бірге ұмтылыңдар.

Жалқаулықтан алыс жүріңдер, талаптанудан шаршамаңдар. Көздеген армандарына қажырмен ұмтылсаңдар ғана жетесіңдер. Армаңдарың асқақ болсын, еңбекқор болындар. Елдің қамын жейтін азамат болыңдар. Халқың сендерге үміт артып қарайды — сол үмітті ақтаңдар! Ынтасыз жас — қызығы жоқ гүл сиякты. Сондықтан әр ісіңе ынта қой, талпын, тынбай үйрен, білім ізде. Абай атамыз айтқан бес асыл істі өмірлік серік қылыңдар: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым осы бесеуі бойларыңда жүрсін. Сонда көздерің ақылға, көңілдерің нұрға толады.

Ал енді ақсақалдық батамды берейін: Е, Алла, жар бола гөр! Жастарымыздың талап-талпынысын оңынан жаз! Елдің тұтқасын ұстайтын өздеріңе деннің саулығын, ақылдың шалқарын, істің берекесін бере гөр! Сүрінсе, сүйей гөр, қателессе, кешіре гөр! Алла желеп-жебеп жүрсін. Үбірлі-шүбірлі больш, өсіп — өнсін. Ғұмырлары ұзақ болып, ел-жұртының арасында абыройға кенелсін. Ақ тілек — мұраттарына жеткізе гөр! Қазак елінің бағын ашар перзенттер осы жастардан шықсын. Қырандай самғаңдар, қарақтарым! Тарыктырмасын, жарылқасын, жастарға өрлей беруді нәсіп қылсын. Бақыттарың тастүйін, пейілдерің кең болғай.

—  Тәуелсіздіктің тұғыры жастармен мәңгі берік болғай! Әумин!


Сұхбаттасқан Жарасбай Сүлейменов. «Халқыма деген махаббатым шексіз» // Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 7 қазан.- 6 б.

// Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 10 қазан.- 8 б.

// Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 14 қазан.- 6 б.

// Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 17 қазан.- 7 б.

// Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 21 қазан.- 6 б.

// Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 31 қазан.- 8 б.

// Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 4 қараша.- 8 б.

// Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 7 қараша.- 9 б.

// Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 11 қараша.- 9 б.

// Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 14 қараша.- 9 б.

// Солтүстік Қазақстан.- 2025.- 18 қараша.- 8 б.