Өзіміз ғасырлар тоғысы деп атап жүрген 2000 жылдың қоңыр күзінде — жаңа оқу жылы басталып жатқан кезде «Қызылжардағы педагогикалық институтқа Қарағандыдан жаңа оқытушы келіпті» деген хабар тарады. Басқаларды білмеймін, көрмесем де, танымасам да өзім қуанып қалдым. Оның себебі облыстық телеарнада «Ойтолқын» деген авторлық бағдарлама жүргізуші едім. Ашуын ашсам да қатты қиналып жүрдім. Өйткені ол кезде қазақша жақсы сөйлей алатын, өз ойын қиналмай жеткізетін адамдар тым аз болатын. Осылай күндер өтіп жатты. Біразға дейін институтқа келген жаңа оқытушыны мазалаған жоқпын. Бір ай өткеннен кейін ғой деймін, хабарласқанымда сөз айтпай келісті. Әріптес болып шықтық. Ашық адам екен. Ойындағысын бүгіп қалмайды, тура сөйлейді. Бүгінде есімі біздің өңірде ғана емес, республика жұртшылығына жақсы таныс ғалым, жазушы, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Зарқын Сыздықүлы Тайшыбаймен осылай таныстым. Содан бері де ширек ғасырдан астам уақыт зымырап өте шығыпты.
— Зақа, әңгімемізді сіздің журналистика саласына қалай келгеніңізден бастасақ деп отырмын.
— Бұл енді ұзақ әңгіме. Өйткені жас кезімнен армандадым, алдыма мақсат қойдым, сөйтіп күндердің күнінде журналист болып шыға келдім деп айта алмаймын. Оқырманға түсінікті болу үшін бала күнге оралуым керек. Сонда осы сұхбатты оқып отырған адам мені журналистік жолға өмірдің өзі икемдегеніне көз жеткізеді.
Менің әкем Сыздык, 1889 жылы туыпты. 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кезде патшаның жарлығына сәйкес қара жұмысқа алынып, окоп қазуға Белоруссияға жіберіледі. Содан жіберген жеріне жетті ме, жетпей орта жолдан қайтты ма, ол жағынан хабарым жоқ, 1917 жылғы көктемде шығысқа бет алған пойызбен келе жатып Омбыда түсіп қалады. Алғашында осында темір жол бойында жұмыска орналасады. Отызға толмаған кезі ғой, кейін тұрақты жұмыс іздеп Шығыс Қазақстан жағына асады: Зырян, Риддер деген қалаларда болады. Ауылдың малын баққаннан гөрі қара жұмыс істегеніміз дұрыс деген болуы керек, кейін екі ағасын шақырып алып, Тайшыбайдың үш ұлы Сергиополь — қазіргі Аягөзде темір жол құрылысына қатысады. Жер қазады, топырақ тасиды. Бірақ ағалары ауыр жұмысқа шыдай алмай ауылға кетіп қалады да, әкем сол жақта — орыс арасында қалып қояды.
Орыс арасында жүргенмен елмен байланысын үзбейді. Осы екі ортада колхоздастыру басталады. Сол кезде Көпбай деген ағасының ұлы Әмиін: «Ана жақта Сыздық жалғыз қалып қойды, семьясы жоқ, енді ол орыс болып кетеді», — деп Өскеменге барып, ағасын көшіріп әкетеді. Ата мекені — Қарқаралы ауданында Киров атындағы колхоз ұйымдасса керек, өзі кедей, өзі жұмысшы, кеңес өкіметі қолдап, сол шаруашылыққа басқарма қылып тағайындайды. Негізі оқымаған, бірақ аздап хат танитын, жаза алатын ғана сауаты болса керек.
Бұның бәрін неге айтып отырмын. Елден жырақта көп жүрген әкемнің орысшасы жақсы болғандықтан, менің тілім орысша шықты. Оның үстіне колхоздың шаруасымен Қарағандыға барған сайын орысша кітаптар әкеліп беретін. Сөйтіп, мектеп табалдырығын аттамай жатып орысшаға біршама төселіп қалдым. Кейін оған неміс тілі қосылды. Біздің ауылда ауып келген немістердің Освальд, Вася және Яков Келлер деген балалары болды. Солармен ойнаушы едім. Олардың анасы, есімі Марта бұрын мұғалім болыпты. Сол кісі балаларым ана тілін ұмытып қалмасын деп ұлдарын үйінде оқытты, сабақтарына мен де қатысып жүрдім. Сөйтіп, неміс тілін де меңгеріп алдым.
Оқуға барамын, мамандық аламын, агроном боламын деп басымды тауға да, тасқа да ұрып жүргенімде ойламаған жерден Валентина Пронинаға кездесіп қалдым. Ол кісіні жақсы білуші едім, Мәскеудегі Тимирязев академиясын бітірген, жолдамамен тың игеруге келген, біздің ауылда агроном болған. Ол кезде Егіндібұлақта орыс жоқ. Ауылдағы орысша сөйлейтін жалғыз бала болғандықтан мені өзіне жақын тартып жүруші еді. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы екен. «Қайдан жүрсің? Кел, отыр, әңгіме айт», — деп жылы қабақ танытты. Мен колхоз басшыларының жұмыс күші жетпей жатыр деген желеумен оқуға жібермей жатқанын айттым. Сол арада Пронина: «Мен колхоз басқармасына ештеңе деп айта алмаймын. Оларға біздің билігіміз жүрмейді, — деді. — Қолымнан келетіні, кеше ғана аудандық газеттің редакторы «комсомолдық жолдамамен біреуді жіберші», — деп өтініш білдіріп еді. Барамын десең, қазір жолдама жазып беремін».
Колхоз басшыларына көңілім қалғаны сондай, көп ойланбастан, келісімімді бердім. Журналисттің кім екенін, қандай жұмыспен айналысатынын да түсініп жатқан жоқпын. Мақсатым — әйтеуір ауылға қайта оралмау.
Редакциядағылар да менің келгеніме қуанып, құшақтарын аша қойған жоқ. Редактор көрші бөлмеге ертіп апарып, мұртын ширатқан бір кісіге: «Мына баланы екі аптадай көр, не шығады екен», — деп жолдаманы сол кісінің алдына тастай салды. Анау да шіреніп қалған біреу екен, алдындағы қағазынан бас көтермей біраз отырды да, бұрыштағы үстелдің үстінде жатқан газет тігіндісін иегімен нұсқап: «Таныс, мақаланың қалай жазылатынын түсінуге тырыс», — деді.
Қайда барамын?! Тырыстым. Бәріміздің басымыздан өткен жай ғой, жазғандарымның біреуі жараса, біреуі себетке тоғытылып, бірде жадырап, бірде жабырқап жүріп жаттым. Бірақ бойымда бір сенім болды. Мақтанғаным емес, жас кезімде қиындықты көп көргендіктен бе екен, жұмыс дегенде шаршауды білмеуші едім. Сөйтіп, арада біраз жыл өткеннен кейін журналистік жолымды бастаған аудандық газетке бас редактордың орынбасары қызметіне тағайындалдым.
— Сіздің өмірбаяныңызда атқарушы билікте қызмет істегеніңіз жайлы деректер бар екен. Газетті өзіңіз тастап кеттіңіз бе? Әлде…
— Күндердің күнінде газеттен кетіп қаламын деген ой болған жоқ. Жап-жақсы істеп жаттым, жұмысым өзіме ұнайды. Жазушы Шерхан Мұртаза: «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» дегендей, қызығы да, шыжығы да болды ғой. Бәріне көне жүріп жұмысқа әбден төселіп алдым. Осылай алаңсыз жүріп жатқанда өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында Қу ауданының жартылай жабылуы бізге бұлтсыз күні найзағай жарқылдағандай әсер етті. Бәрі Хрущев деген патшаның кесірі. Алғашқылардың қатарында аудандық газеттің тағдыры пышаққа ілінді. Аяқ астынан жұмыссыз қалдық.
Осылай «Енді не бұйырады?» деп алакөңіл болып жүргенде аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы шақырады деген хабар жетті. Мекежан Нілдібаевты білуші едім. Бірден «Бізге кел», -деді. «Немен айналысамын?» «Іс қағаздарын жүргізуге көмектесесің. Офицер боласың». Келістім де іске кірісіп кеттім. Милиция қызметкерлері арасында орысша түгілі қазақша жазатындар жоқтың қасы. Облысқа орыс тілінде жіберілетін құжаттардың бәрі менің қолымнан өтеді. Арасында аудан прокурорына да көмектесемін. Осылай үш жыл өте шықты. Мына қызықты қараңыз, аудан қайта ашылды. Тағы да қызмет бөліс басталды. Орысшаға да, қазақшаға да жүйрік екенімді ескерген болулары керек, жиырма үшке әлі тола қоймаған мені аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындады. Артынан білдім, менің қабілетімді жақсы білетін Төлеубай Әбділдин деген ағамыз ұсынып, басқалар қолдапты. Бұл жұмыс та оңай емес екен. Таусылмайтын жиналыс, құлаш-құлаш баяндама, солардың бәрін жазамын деп қағаздан бас көтере алмай қалдым. Бұл қызметте алты жыл отырдым. Осы аралықта ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітіріп алдым, аспирантураға түстім. Журналистикаға аңсарым ауа береді. Арасында «газетке барайыншы» деп қыңқылдап қоямын. Бірақ басшыларым «тағы бір жыл, тағы бір жыл» деп алты жылға созды ғой. Ақыры не керек, сұранып жүріп бір кезде өзім істеген аудандық «Ленин туы» газетіне редактордың орынбасары болып ауыстым.
Аудандық газетте бір жылдай істеген соң, аспирантураны бітіруім, кандидаттық дисертациямды қорғауым керек, Алматыға жақындайын деген ой келді. Ол кезде үйлі-барандымын, қолымда шешем бар. Оларды тастап кете алмаймын, ал топырлатып алып баруға қалтам жұқа. Осылай қиналып жүргенде бұл мәселенің де шешімі табылды. Басшылық «Алматыдағы екі жылдық жоғары партия мектебіне барасың» деді. Сөйтіп, 1972 жылдың 1 қыркүйегін Алматыда қарсы алдық.
Партия мектебінде жақсы оқыдым, коғамдық жұмыстардан да шет қалған жоқпын. Партия мектебінің «Фрунзевец» деп аталатын қазақша-орысша көптиражды газеті бар еді, соның редакторы болдым. Оқудан босай қалсам, дәл жанындағы республиканың орталық архивіне жүгіремін. Әйтеуір селеңдеп бос жүрген күнім болған жоқ.
— «Болар бала бесігінде бұлқынады» дегендей, зерттеушілікке ерте ден қойған екенсіз ғой.
— Иә, кейін ол да менің өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды ғой. Сөздің орайы келіп жатса, кейінірек оған да тоқталармын.
1973 жылы Жезқазған облысы мен Ағадыр ауданы құрылатын болды. Осыған байланысты Қазақстан Компартиясының орталық комитеті Мәскеу жоғары партия мектебін бітіріп келген Қасымбек Медиевті ұйымдастыру бюросының құрамына енгізіп, Алматыға шақыртып алды. Ол кісімен Егіндібұлақта бірге істегенбіз, менің жоғары партия мектебінде оқитынымды біледі. Көмегі керек деп басшыларымнан сұрап алды. Онда да қағаз жұмысы көп екен, жаңа облыстың, ауданның басшыларын тағайындау керек, телефоннан түспейсің, шақыру керек, құжаттарын толтырасың. Осылай жиырма күн Қасымбек Медиевтің қасында болып, орталық комитеттің қара жұмысымен айналыстым.
Әңгімеміз монологқа айналып бара жатқан жоқ па?
— Оны мен де байқап отырмын, Бірақ «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, біздің әңгімеміздің ауқымы өте кең болғандықтан, желісін үзуді жөн көрмей отырмын. Қаласаңыз, Қарағанды облысындағы ауыс-түйістерді осымен шектеп, Қызылжар топырағына қалай келіп қалдыңыз, соған көшейік.
— Жаңағы әңгімемді аяқтайын. Ағадыр ауданына менің бұрынғы бастығым Көпей Жұмашев бірінші хатшы болып баратын болды. Ол кісі бұрын Егіндібұлақта аудандық атқару комитетінің төрағасы болған. Аудандық атқару комитетінің төрағалығына Қасымбек Медиев тағайындалды. «Енді үшінші хатшы кім болады?» дегенде Медиев мені атапты. Ешкім қарсылық білдірмепті. Ағадырға барамыз деп жиналып жатқанда күтпеген жағдай болды. Жоғарыдағылардан «үшінші хатшы әйел адам болуы керек» деген нұсқау түсіпті. «Жазған құлда жазық бар ма?!», оған да көндік.
Осыдан кейін Қарағандыға қайту жағын ойластыра бастадым. Мәселем әне шешіледі, міне шешіледі деп жүргенде, Жезқазған облысына Жақан Қошанов келе қалмасы бар ма? Ол кісі облыстық атқару комитетінің ұйымдастыру бөліміне меңгеруші болып бекіпті. Ол кісімен бұрыннан таныстығым бар еді. Медиев екеуі ақылдаса келіп маған: «Ағадырға барасың», — деді. Онда екі ай атқару комитетінің хатшысы қызметін атқарып, сайлауын өткізіп, қағаздарын түгендеп бердім.
— Осыдан кейін журналистік қызметке қайта оралдыңыз, облыстық газеттің құрылыс, мәдениет бөлімдерін басқардыңыз. 1992 жылы ректордың шақыруымен Қарағанды университетіне ауысып, қазақ тілі кафедрасында сабақ бердіңіз. Кейін журналистер даярлайтын факультеттің ашылуына бастамашы болдыңыз. Содан Қызылжардан бір-ақ шықтыңыз. Бұл қалай болды?
— Қырғыздың Мар Тәшімұлы Бәйджиев деген бір басына сан қасиет қонған публицист, драматург, журналист, театр және кино режиссері, әдебиеттанушы, аудармашы, керемет жазушысы болған. Атақты адам, әлемдік деңгейдегі тұлға. Сексен алты жасында қайтыс болды. Әкесі Тәшім Бәйджиев те белгілі ұстаз, жазушы болыпты. Оның пьесалары Францияда, Англияда, Германияда, Италияда қазір де қойылып жатыр. 2000 жылы Қырғызстанда бір жас ғалым оның шығармашылығынан диссертация қорғады. Мен сол шараға аппонент ретінде шақырылдым. Мар Тәшімұлының Қазақ мемлекеттік университетімен байланысы бар екен, сондағы таныстары мені сыртымнан мақтап, қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы көп жазады деген ғой. Содан ана кісі мені шақырып алып, «сізден бір көмек сұрағалы отырмын», — деді. «Осындай атақ-даңқы дүркіреп тұрған адамға менен қандай көмек керек?» деп таңғалдым. «Менің әкем репрессия құрбаны, 1937 жылы атылып кеткен. Содан бері ешқандай хабар, дерек жоқ. Қатты қиналамын, әлі күнге сүйегінің қайда жатқанын білмеймін. Көзі тірісінде анамның аузынан «КАРЛАГ» деген бір ауыз сөз шығып еді. Мұхтар Әуезовтің аспиранты болған. Білетінім осы ғана. Ойлағанда көкірегім қарс айырылады. Менің де жасым келіп қалды ғой, бір хабарын ести алмай кетемін бе деп қорқамын. Осыған бір көмек жасасаң деп сұрағалы отырмын». «Жақсы, іздестіріп көрейін», —дедім.
Осылай Қырғыз елінен үлкен аманат арқалап қайттым. Есімі Шыңғыс Айтматовпен қатар аталатын тұлғаға қалай көмектесемін деген ой мазалай берді. Тәубе, бұл кезде архивпен жұмыс істеудің қыр-сырына қанық едім. Келе салып іске кірістім. Ақыры не керек, табылды. Ол кісіге қатысты іс прокуратураның архивінде жатыр екен. Қайда, қашан қайтыс болғаны анықталды. Барлық құжаттар, суретіне дейін табылды. Дереу Мар Тәшімұлына телефон шалып, жағдайды хабарладым, суретінің көшірмесін салып жібердім.
Арада көп уақыт өткен жоқ, Мар Тәшімұлының өзі келіп қалды. Екі мәшинамен келіпті. Өңкей атақ-даңқынан ат үркетін ығайлар мен сығайлар. Қой сойып үйге шақырып, қонақ қылдым. Жақын танысып, коп әңгімелестік. Қоштасарда «Міндетті түрде біздің елге келіп қонақ болып кетіңіздер», — деді. Содан екі-үш жыл хабарласып шақырып тұрды. Бара алмадық. Ұят болды. Қазақ «Шақырғанға бармасаң, шақыруға зар боларсың» демей ме, Гүлекең 2000 жылы «Қой, жұмыс таусылмас, барып қайтайық», — деді. Айтты, болды. Тез жиналып, жолға шықтық.
Құрақ ұшып қарсы алды. Қол-аяғымызды жерге тигізбей күтті. Сол кезде Қазақстаннан, Ресейден 7 жоғары оку орнының ректоры келіп жатыр екен. Солармен кездестірді. Біразымен Мәскеуде бірге оқыпты. Араларында Ғалым Мұтанов та бар. Сол кезде жасы әлі 40-қа тола қоймаған болуы керек. Қарағанды одақ кезінен белгілі, үлкен қала ғой, жағдайды сұрайды. Өзіме қатысты жайларды айтып жатырмын. «Журналистика кафедрасын аштық» деп бір мақтанып қойдым. Сол-ақ екен, Ғалымның: «Қарағанды ежелден ғылым мен білімнің ордасы ғой, онда мүмкіндік деген ұшан-теңіз, Петропавлмен салыстыруға мүлде келмейді, мен сол қалада университет ашамын деп қиналып жатырмын, мықты болсаңыздар, неге біреуіңіз келіп көмектеспейсіз?» — демесі бар ма. Жұлып алғандай, «Шақырсаңыз, барамыз, журналистика факультетін онда да ашамын», — дедім. «Шақырамын». Сол арада қол алыстық. Бішкекте 4-5 күн болып тарқастық.
— Қарағандыда журналистика факультеті ашылыпты дегеңде бәріміз де қуанған едік.
— Кезінде үлкен оқиға болды ғой. Ректордың шақыруымен университетке ауысып, аудармашылар даярлаумен айналысып жүрген кезім. 1993 жыл болуы керек, бір күні ректорға барып «тәуелсіз ел болдық, бұқаралық ақпарат құралдары көбейіп жатыр, ертең бүгінгіден де көп болады, журналистика мамандығын ашуға қалай қарайсыз?» — дедім. Бастығым ойланып қалды. «Министрліктен рұқсат алдық делік, сонда онымен кім айналысады? Оқытушыларды қайдан аламыз?» «Мен айналысамын». «Тәжірибе жоқ, дәстүр жоқ, оқулық, не бір жапырақ әдістемелік қағаз жоқ. Сіз қалай, не оқытасыз?» Мен КазГУ-де неге оқытпады, соны оқытамын, — дедім, — себебі өзіміз Алматыда оқыған кезде 3 курсқа дейін тірі журналист көрген жоқпыз, үш жыл бойы орта мектеп бағдарламасынан таныс неше түрлі пәндерді қайталаумен болдық. Мен алғашқы сабақты журналистикадан бастаймын, бес жылдан кейін өтетін қорытынды сабақ та журналистикадан болады». Басында 5 жыл оқиды деп ойладық қой, кейін 4 жылмен шектелді. Қарағанды университетінде журналистика факультеті осылай ашылған. Алғашқы жылы қазақ бөліміне — 10, орыс бөліміне 10 бала қабылдадық.
Мәселе шешілгеннен кейін, көңіл шіркін көк дөнен ғой, «Қазақ журналистикасының бетін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Мұстафа Шоқай салған жолға бұрамын, сонда қалам ұстаған қауым жасынан ұлтшыл, Отаншыл болады», — деп қонарға жер таппай жұрмін. Бірінші қыркүйек күні студенттерге «Журналистикаға кіріспе» пәнінен лекцияны өзім оқыдым. Енді оқу жоспарын жасауым керек. Қарамағымда бір лоборанттан басқа қызметкер де жоқ. Ол кезде электрондық пошта деген жоқ, кәдімгі поштамен Түркияның, Монғолияның, Өзбекстанның, Украинаның, Беларустің, МГУ-дің, ҚазМУ-дің оку жоспарларын адцырып, таныстым.
Ол кезде журналистикада шығармашылык емтихан деген болған жок. ҚазМУ-дің журналистика факультетінің деканы, профессор Темірбек Қожакеевтің табандьшығымен кейін енгізілді ғой. Қожакеев демекші, алғашқы мемлекеттік емтиханға комиссияға төраға етіп сол кісіні шақырдым. Келесі жылы Қазақстаңдағы тележурналистиканың негізін қалаушы Марат Барманқұловқа қолқа салдым. Өтінішімді аяқсыз калдырған жоқ, келді. Осылай мүйізі қарағайдай ғалымдармен байланыс орнаттық. Негізі, бұл да оңай шешілетін мәселе емес еді. Олардың келісімін алуым, қаржы мәселесін шешуім керек. Ондағы ойым — ірі мамандарды шақырып, шәкірттерімнің білім деңгейін тексеріп алу ғой. Әйтпесе, комиссиясының төрағалығына білігі жоғары ғалымды шақыру оқу орнына едәуір шығын келтіреді. Сонда ректорымыз Жамбыл Ақылбаев ешқандай қарсылық жасаған жоқ. Үнемі қолдап отырды. Оның пайдасын кейін көрдік. Жаңағы профессорлар кейін Қарағанды университетінің журналистика кафедрасына бірнеше профессор, доцент даярлауға көмектесті.
Кешікпей Қарағанды педагогикалық институты университетке қосылатын болды. Проректор, институтты тарату комиссиясының төрағасы Арыстан Ғазалиевпен бұрыннан таныстығым бар еді, «Бізге қиын болып тұр, кеңірек орын алуға көмектессеңіз» деп бардым. Мың болғыр, сөз айтқан жоқ, «Өзіңіз қараңыз, көңіліңізге ұнаған аудиторияларды алыңыз», — деді. «Телестудиясын алып алайық», — дедім. Осылай оқу корпусының сол жақ қанатын түгел иемденіп шыға келдік. Ол жерде есік жоқ еді, анда жүгіріп, мында жүгіріп, жеке есік салғыздык, мандайшасына «Журналистика» деп жаздырып койдым. Кафедра меңгерушісінің отыратын жері, қабылдау бөлмесі, кішкентай қоймасы бар. Нақ осы кезде институттың Вера Төкеновна Әбішева, Роза Нұртазақызы Беркамалова сияқты ұстаздары бізге ауысты.
— Сонымен Мұтанов шақырды, сіз келістіңіз…
— Бірді айтып бірге кетіп қалып жатқан жоқпыз ба? Жаңа оқу жылы жақындап қалған уақыт. Қарбалас шақ. Тамыздың 28-і ғой деймін, кешке біреу телефон шалып тұр. «Аға, Петропавлдан хабарласып тұрмын, ректордың көмекшісімін, сізге сәлем айтып жатыр, келемін деген уәдесі бар еді, қол алысып едік», — дейді. «Мәссаған! Ондай әңгіме болған, қол алысқанымыз да рас. Енді не істеуім керек?». «Оқу жылы басталайын деп жатыр, ректор сізді күтіп отыр». Ұйқым шайдай ашылды. Атып тұрып, «Гүлеке, портфелім қайда, керек заттарымды сал, түнгі пойызға үлгеруім керек», — дедім. «Аяқ астынан не болып қалды?! Қайда бармақшысыз?» «Петропавлға. Ғалым Мұтанов шақырып жатыр». Осымен әңгіме тамам болды да, сол түнде Петропавлға жүріп кеттім. Сол уақытта осы қадамым дұрыс па, бұрыс па, ол жағын ойламаппын. Өзімнің ректорым бұл жағынан хабарсыз.
Таңертең ректор қабылдады. «Ал, келдім», — дедім. «Жақсы болды, қазақ балаларына білімді қазақ тілінде береміз, алдымен соған көмектесіңіз. Келесі оқу жылынан бастап журналистерді даярлауға көшеміз. Барлық жағдайды жасаймын. Өкінбейсіз», — деді.
Бұл істен Ғалымның өзі де шет қалған жоқ. Басқаларға үлгі ретінде қазақша дәрістер оқи бастады. Мен қасында отырып орысшаға аударамын. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, қазақша оқулықтар жинастырдық. Арасында «Өкініп жүрген жоқсыз ба?» деп сұрап қояды.
— Осы сұрақты арада жиырма алты жыл өткеннен кейін менің де қойғым келіп отыр. Мұндай қадамға екінің бірі бара бермейді ғой, шынында да кейін өкінген жоқсыз ба?
— Ғалымның сөздері намысымды қайрап жіберді ғой деймін, бір сәтке де өкінген жоқпын. Ол да ер екен, уәдесінде тұрды. Барлық жағдайымызды жасады. Келесі жылы журналистика кафедрасын аштық. Көмекке Қарағандыдан Әбілқасова Анар Сайранқызы келді. Ол бала осы жердің тумасы болатын. Әкесі Сайран Әбілқасов Есіл ауданындағы «Алматы» кеңшарын басқарған. Қарағандыда журналистика факультеті ашылып жатыр екен деғен хабарды естіп, педагогика институтына тапсырып қойған құжаттарын қайтарып алып, оқуға түскен еді. Менің жетекшілігіммен магистратурада оқыды. Оны тамамдағаннан кейін университетте қалып, сабақ берді. Көмегі көп болды.
Жаңа іске кірісіп, жанұшырып жүргенде уақыт зымырайды ғой, арада төрт-бес жыл өте шықты. Алғашқы түлектерімізді ұшырдық. Осындай күндердің бірінде мен ректорға магистратура ашайық деген ойымды білдірдім. Уәждерімді айттым. «Қалай болар екен, Қарағандыда жоқ, Астанада жоқ?…» «Олар сұраудың ретін білмейтін болмаса құжаттарын дайындауды қиынсынатын шығар, бәрін өзіміз сақадай-сай етеміз, министрдің «қолдаймын» деген бір ауыз сөзін алып берсеңіз болды». Ақыры ректорды министрге телефон шалуға көндірдім. Өзім қасында отырмын. Министрмен ұзақ сөйлесті, шегінетін жер қалдырмады. Сөйтіп, мәселе оң шешілді.
— Зақа, сіз өміріңіздің біраз жылдарын журналистика саласына арнадыңыз, кейін солардың ұстазына айналдыңыз. Демек журналистердің табиғатын жақсы білесіз деп ойлаймын. Заман өзгерді. Кешегі мен бүгінгіні салыстыратын мүмкіндігіңіз бар ғой, жас әріптестеріміз жайлы ойларыңызбен бөліссеңіз.
— Заманның да, адамдардың да өзгерістерге ұшырап жатқаны рас. Бірақ менің ойымша, бұл салада да мәңгілік өзгермейтін құндылықтар сақталуы керек. Ең бастысы журналистер үшін туған елінің, ұлтының мүддесі бірінші орында тұруы керек. Ағылшынның баласы — ағылшындарға, қазақтың баласы қазаққа қызмет етуі керек дегенді айтқым келеді. Туған халқын шексіз сүйетін журналист қана шыңға көтеріледі, халқының құрметіне бөленеді. Бұны бір деп қойыңыз. Екінші, кейбіреулер ренжитін де шығар, ренжісе де айтамын, қазақ журналистері занды, өз құқықтарымызды білмейміз. Өзімізді өзіміз қорғай алмаймыз. Содан көп зардап шегеміз. Мәселен, кейбір әріптестеріміз «тисе — терекке, тимесе — бұтаққа» деп ұрып жатады. Олай істеуге болмайды, журналист аузынан шыққан әр сөзге жауап беруі керек. Осыны ескеріп мен «Журналистиканың кұқықтық негіздері» деген кітап жаздым. Оқулық ретінде бүкіл Қазақстанға тарады, қолданыста болды. Айта берсем, осындай мәселелер көп. Мен қалам ұстаған жанның берік ұстанымы болғанын, мен журналиспін деген жандардың өзінің кеңістігін таза ұстағанын қалаймын.
Болашақ туралы сізге бір әңгіме айтайын. Қарағандыда Сұлтан Досмағамбетов деген кісі болды. Мамандығы бойынша заңгер, экономика ғылымдарының кандидаты. Облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Кейін университетті басқарды. Жасы менен үлкен, 27-ші жылы туған. Сол кісімен сізбен сырласқандай, көп мәселелерді талқылаушы едік. Сонда ол қазақтың балаларын ата жолымен тәрбиелеуіміз керек деген сөздерді жиі айтатын. Рас қой! Қазір ұлттық құндылықтарымыздан, ата салтымыздан, дәстүрімізден алшақтап барамыз. Осы жағы да мені қатты аландатады.
Асқар Жұмаділдаев деген ғалымды, атақты математик, білесіз ғой?
— Ол кісі руханиятқа өте жақын адам ғой, жазған-сызғандарын оқып жүремін.
— Сол кісінің сөзінде көп нәр бар. Былай қарағанда, қазақка қарсы сөйлеп отырған сияқты көрінеді. Жоқ! Ұлтқа нағыз жаны ашитын адам сол!
Қазір басқа заман туып келе жатыр. Ұрпағыма да осыны айтып отырамын. Құдайға шүкір, балалар, немерелер бар. Бір немерем химия саласының маманы, Испания, Франция, Италия сияқты үш елдің докторы. Оған да бәрі де керек деген сөздерді, тілді, тарихты айтатын кісілердің тағдыры бөлек болатынын, техникалық ғылымның жағдайын зерттейтіндердің өз әлемі болатынын айтып отырамын. Президентіміз ел болашағын цифрландырумен байланыстырып отыр ғой. Өте дұрыс! Қолдаймын.
— Жақында сіз Қарағандыға оралайын деп жатыр екен деген әңгімені құлағым шалып қалды. Осы рас па?
— Оны көп жерде өзім де айтып жүрмін. Кімнен жасырамын, бұрын өзім қызмет істеген университеттің ректоры телефон шалып, «Зақа, ол жаққа да біраз еңбек сіңірдіңіз, қазақта «Ат айналып қазығын табады» деген сөз бар ғой, елге келіңіз», — деді. Оның үстіне ағайын-туыс, балалар да сол жақта. Жасым болса келіп қалды, өмір болғаннан кейін неше түрлі жағдайлар кездесіп жатады ғой, той-томалақ деген сияқты. Бұрынғыдай шауып кете алмаймын. Қабырғаммен — Гүлекеңмен ақылдаса келіп, осындай шешімге келдік.
— Көңіл күйіңіз қалай?
— Алай-дүлей! Қимайтын дүниелерім көп. Қызылжар топырағына бауыр басып кеткенім соншалық, өзімнің туған топырағымнан кем көрмеймін. Мұнда да ағайын-туыс, қимас достар таптым. Өгейлік көрген жерім жоқ. Шамам келгенше адал болуға тырыстым, өлке тарихын індете зерттедім, оннан артық кітап жаздым. Бір сөзбен айтқанда, Қызылжардың топырағын да, суын да, көкорай шалғын шөбін де, орманын да, ұлын да, қызын да — бәрін-бәрін жақсы көремін. Қайда жүрсем де олар менің жүрегімнің төрінде болады.
— Біраз дүниенің басын шалған сияқтымыз, дегенмен тағы бір сұрақ қойғым келіп отыр. Байқап жүрмін, тұлғатануға көп көңіл бөлетін сияқтысыз. Солардың арасында сізді ерекше баураған үш адам — Абылай хан, Абай және Мағжан ба деп қаламын.
— Негізі мен өмірде жолы болған адаммын. Жас кезімде де, кейін де камкоршыларым, қолдаушыларым көп болғанын айттым ғой. Қызмет жағынан осындай адал ниетті жандардың шарапатын көрсем, оқу-білімдегі ұстазым Қайыржан Бекхожин болды. Ол кісіні «Қазақстан журналистикасының атасы» дейміз. Керекуде редактор болып істеп жұріп, отыз жетінің әлегіне іліккен. Кәдімгідей қамалған. Босаған соң, таза ғылыммен айналысқан, қазақ журналистикасының тарихын жазған. Екінші рет «Дала уәлаятының газеті (1888-1902)» деген диссертация жазып, мұнысы 1951 жылғы «ұлтшылдық» деген зобалаңға дөп келе қалып, одан да сотталып кете жаздапты. Онда да тергеуге алынған. Бір-екі айдай қамалған. Содан Хайрекең қатты жуасып қалған. Енді саясатқа жоламаймын, таза ғылыммен ғана айналысамын деп жүрген кезі. Бірде «Сенің қолыңнан келеді, «Революцияға дейінгі қазақтың демократ журналистері» деген тақырыпта кандидаттық зерттеу жұмыстарымен айналыс», — деді.
«Олардың қатарына кімдерді жатқызамыз? Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов па?» — дедім. «Жоқ, — деді ол жұлып алғандай, — оларды айтпайсың, басқаларының, мысалы: Рақымжан Дүйсенбаев, Асылқожа Құрманбаев, Қорабай Жапановтардың төңірегінде әңгіме қозғайсың, аналарды кәдімгідей жамандайсың, мен олардың «Алаш орда» көсемдері екенін жеткізіп жамандай алмадым. Сен тіпті әшкерелей түсесің. Бірақ олардың есімдері, істеген істері қағазда қалуы керек, диссертация түрінде, әйтпесе, кітап түрінде. Кейін заман өзгере қалса, келешек ұрпақ есіне алады. Мысалы, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» сияқты. Әйтпесе біз кеткен соң Әлихандар мен Ахметтер мүлде ұмытылып қалуы мүмкін». Менің ғылым жолына түсуіме ұстазымның осы сөздері қамшы болды. Сөйтіп, «Абай және баспасөз», «Абайтану арнасында», «Абайтанудың кейбір мәселелері», одан кейін «Абылай хан» — 500 бет, «Қазақтың ханы — Абылай» — екі том, 1200 бет, «Абылай хан тарихы» — үш том 2000 бет, «Мағжан Жұмабай. Өмірі мен шығармашылығының шежіресі» екі том, 860 бет, тағы көптеген еңбектер жаздым. Ахмет Байтұрсынов туралы жазғандарым да көп. Мағжанның жағдайын өзіңіз білесіз, ізі архивте сайрап жатыр, тек соны ашу керек.
— Әңгімемізді осымен түйіндесек те болар еді. Бірақ сөзіңізден байқап отырмын, Гүлекеңді аузыңыздан тастамайсыз. Архивтерді сүзіп жүріп біраз жерге бірге де барған сияқтысыз.
— Дұрыс байқағансыз, мен Гүлекеңсіз осы күнге дейін атқарған жұмыстарымның ширегін де тындыра алмаған болар едім. Басқаларды былай қойғанда, Алаш арыстарының ізімен қаншама қалада болмадық. Айлап жатқан кездеріміз де болды. Архивтің шаңын жұтып, күн-түн демей-ақ қояйыншы, кұн ұзақ отырып қажып қонақүйге оралғанда Гүлекең жағдайымды жасамаса, бір аптаға шығар ма едім?! Айта алмаймын. Тек мұнымен шектелген жоқ. Құжаттарды аударып-төңкерістіріп, көшірмелер жасап, үнемі жанымда болды ғой. Қолымды ұзартқан кездері аз болған жоқ. Бәрін айтып тауыса алмаспын. Бір ғана мәселеге тоқталайын.
Кеңес заманында Ресейдің Омбы, Орынбор қалаларына жиі барып жүрдік. Сол жақтың архивтерінде талай дүние жатқанын ішім сезеді. Сонда Абылайдың аты жиі кездесетін. Ол кезде Абылай да, менің бабам Қаздауысты Қазыбек те ешкімге керек болған жоқ. Бірақ Қаздауысты Қазыбек бабамыздың отаны саналатын Қу, кейінде Егіндібұлақ атанған біздің ауданда бабамыз туралы әңгіме бола қалса, Абылайдың аты қатар аталатын. Сол құлағыма сіңіп қалыпты. Содан архивтерде болғанда кездескен Абылай туралы деректерді жинай бердім. Әрине, басқаларға сездірмеймін. Өйткені архивтің тәртібі бойынша әуелі материалға тапсырыс бересің. Мақсатыңды, қай уақыт, қай ғасыр керек екенін сұрайды. Баяғы «Қазақ тарихы», «Баспасөз тарихы» деймін ғой. Бірақ бағыма қарай дейінші, Абылай хан деген сөз алдымнан шыға берді. Кейбіреуін сол жерде отырып оқыдым, қандай құжат қандай істің ішінде екенін жазып алып отырдым.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін жағдай өзгерді ғой, Абылай ханның аты баспасөз бетіне жиі шыға бастады. Білетіндер де, мүлде хабары жоқ адамдар да жазып жатыр. Бірде Гүлекеңе: «Біздің қолымызда біраз материал бар ғой, соны неге құрастырмаймыз? — дедім. — Оқулықтарда жүрген, орыстардың жариялағандары бар. Соларды алып, қазақшалап, жариялайық. Өзіміздің жинап жүргеніміз бар, қазақ оқырманы сонда ғана түсінеді. Соны бір іс қылып шығарайық». Гүлекең қолдады. Сонымен іске кірісіп кеттік. Мен қолда бар құжаттарды қазақшалаймын, оны Гүлекең компьютерде тереді. Осылай ешқандай түсініктемесіз таза 250 құжаттан жинақ дайындадық. Алғашында кітаптың көлемі 700 бет болды. Мұндай қалың кітапты кім қарап отырады деп сұрыптай келіп 500 бетке түсірдік. Енді шығару керек. Қиындық осы жерде басталды. Танысқан адамдардың, араларында ірі ғалымдар да бар, бәрі «ой, мынау ғажап дүние екен, шығару керек», — дейді. Құнды дүние екенін өзіміз де біліп отырмыз. Еш жерде жарияланбаған алпыс құжат және бар. Солардың барлығы да толық қазақшаланған. Мәселе қаржыға тіреліп тұр ғой.
Содан күндердің күнінде, Гүлекең: «Қой, бұлай отыра бергенмен іс бітпейді, сен жұмысыңды жалғастыра бер, мен Алматыға баспаханаларға барып қайтайын», — деді. Мен қарсы болған жоқпын. Алдымен «Атамұра» корпорациясының баспаханасына барады. Басшысы қазақылығы шамалылау жігіт екен. Салған жерден: «Баса алмаймыз, ақшасын алдын ала төлеңіз», — деп отырып алады. «Қанша дана шығарасыздар?» «Екі мың». «Ол шамамен бір миллион теңге тұрады». «Ондай ақшамыз жоқ». «Ендеше баса алмаймыз». «Бұл Абылай хан ғой». «Абылай хан болса қайтейік? Осында талай жазушылар шығарып жатыр. Не кітаптарын алмайды. Біздің қоймамыз толған кітап. Біздің аузымыз күйген».
Әйел адам емес пе, сол жерде сөз таппай әбден күйінген Гүлекең жылап жібереді. Сөйтіп, отырғанда Сырбай Мәуленовтің ұлы Санақбай кіріп келеді. Онымен баяғыда ҚазМУ-де бірге оқығанбыз. Ақкөңіл жігіт. Сол Санақбай баспа басшысынан: «Мына кісі неге жылап отыр», — деп сұрайды. «Білмеймін, «Петропавлдан келдім», — дейді. «Абылай хан туралы жазыпты», — дейді баспахана басшысы міңгірлеп. «Петропавл болса, Тайшыбаев Зарқынды білетін шығарсыз? Жазда Қарағандыға барып іздесем, «Петропавлға көшіп кеткен», — дейді. Менің жақсы көретін жолдасым еді. Мықты ғалым еді». «Ол менің күйеуім ғой, мынаның бәрі сол кісінің еңбегі», — деп Гүлекең одан сайын еңірейді. «Рас па?» «Рас».
Осыдан кейін Санақбай кітапты қарап жіберіп, баспахананың директоры Бөлекбаевқа: «Сен былай істе. Бұл — Абылай хан. Бұл — өтетін кітап. Сен менің кітабымды баспай қоя тұр. Осы кісінің кітабын басып бер», — дейді. Ақыры не керек, сол арада Гүлекең баспа директорына «үш айда төлейміз» деп кепілхат жазып береді.
Міне, Абылайханның алғашқы басылымы Гүлекеңнің арқасында осылай жарық көрген.
— Айтарға сөз жоқ! Керемет! Онда Зақа, әңгімемізді осымен тамамдайық. Сізге көп рақмет! Әрине, бір сұхбатпен сіздің әлеміңізге терең бойлай алмаған да шығармыз. Дегенмен біраз жайды қамтыдық қой деп ойлаймын. Қайда жүрсеңіз де аман болыңыз!
— Өзіңе де ризамыз. Қашан болса да қолдауыңды сезініп жүреміз.
Жарасбай Сүлейменов. Алаш атын ардақтаған // Солтүстік Қазақстан.- 2026.- 17 сәуір.- 6 б.
// Солтүстік Қазақстан.- 2026.- 21 сәуір.- 7 б.
// Солтүстік Қазақстан.- 2026.- 24 сәуір.- 9 б.


