Аннотация
Бұл кітапта деректерге сүйеніп Алашорданың қолдаушысы, Алаштың ардагер азаматы, Кеңес үкіметінің әкімшілік-әміршілік саясаты кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған Абылай хажы Рамазанұлының өмірі баяндалады. Алашорданың жергілікті комитетінің мүшесі болып, халыққа алаш идеясын насихаттаған. Ол Алаш қайраткерлері Міржақып Дулатов, Айдархан Тұрлыбаев, Салмақбай Күсемісов, Жұмағали Тілеулин, Мағжан Жұмабаев, Әбу Жүсіпов, Ахмет Жанталин, т.б. және ақын-жыраулар: Үкілі Ыбырай, Әсет Найманбаев, ақын Тұрлыбайұлы т.б. өнерпаздармен жақсы қарым-қатынаста болған.
Көшебе Керей Майлы бидің шаңырағында 1871 жылы дүниеге келген. Троицк қаласында медреседе білім алған. «Айқап» журналын, «Қазақ» газетін үзбей алдырып отырған және көптеген қазақ жастарды мектеп ашып оқуға тартқан. Абылай хажының елінің қараңғылықтан, надандықтан шығуы жолына бағышталған еңбегі, адамгершілігі, адалдығы, турашылдығы, батылдығы көрсетіліп көптеген мысалдармен дәлелденеді.
Кітап қазақ ұлтының мәдениеті мен тарихын, елін, жерін сүйетін, әділеттілікті жақтайтын әрбір адамның көңілінен шығатынына сенім мол.
