Сағындық Ақжігітовтің есімі өңірімізге жақсы таныс. Ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында, партия, кеңес органдарында қызмет істеген. Солтүстік Қазақстан облысының, Қызылжар ауданының құрметті азаматымен арадағы сыр-сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
— Сәке, жас кезімізде тоқсанды айтпағанның өзінде жетпіс, сексен қайда, біз қайдамыз деп ойлаушы едік, қол жетпес шыңдай көрінетін, алып-ұшып оған да жеттік. Алып-ұшып деп отырғаным, бұрынғылардан қалған «Өмір — қамшының сабындай қысқа» деген сөздер рас екен, өткен күндер көңілімізде сайрап тұр, бәрі күні кешегідей сияқты, тіпті кей кездері өмірдің зымырап өте шыққанына сене де алмай қаламыз. Өкінішпен айтып отырған жоқпын. Сіздің өмір жолыңыз да екінін бірі «Тәңірі маған да осындай ғұмыр сыйласа ғой» деп тілегендей мәнді де, сәнді екеніне күмәнім жоқ. Жас кезіңізден білімге құштар болып арман-мақсатқа құлаш ұрдыңыз, ол заманда екінің бірі табалдырығынан аттай алмайтын беделді оқу орны — Целиноградтағы (қазіргі Астана) ауыл шаруашылығы институтын тамамдап, ғалым-агрономның дипломын қалтаңызға салдыңыз. Одан кейінгі өмір жолыңызға зер салсақ, қызығы мен қиындығы қатар өрілген күндер сізді қол-аяғыңызды жерге тигізбей алға жетелеген сияқты: еңбек жолыңызды бөлімше агрономы болып бастап, көп ұзамай шаруашылықтың бас агрономы деңгейіне көтерілдіңіз, кейін сол шаруашылықты басқардыңыз. Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, аудандық партия комитетінің екінші, бірінші хатшысы болдыңыз. Оның бер жағында Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімін басқарғаныңыз тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, өмір сізді ренжіткен жоқ. Өкінішіңіз болмауға тиіс. Дегенмен бойыңызда табиғат сыйлаған ерекше бір қабілет бар екенін ескерсек, басқа да бір — өнер жолына да түсуге болатын еді. Осы жайында ойлаған кездеріңіз болды ма?
— Түсіндім. Жалпы өткен күнге, тағдырымның осылай қалыптасқанына ешқандай өкпем де, өкінішім де жоқ. Сіз мынадай дауыспен неге әнші болып кетпедіңіз деп отырсыз ғой. Ортаға да байланысты болған шығар, мектеп қабырғасында жүргенде Аллатағала маған ондай қабілет сыйлағанын өзім де байқамаппын. Әрине сол кезде менің әнге бейімділігімді біреу-міреу байқап, ақыл-кеңес берсе, жетелесе, мүмкін сол жолға түсіп те кетер ме едім. Ондай жағдай болған жоқ. Алғаш рет студенттік кезде, онда да үлкен сахналарда емес, достарымның арасында, шағын жиындарда ән айта бастадым. Студенттік өмірді өзіңіз білесіз ғой, біріншіден, ән айтып, серілік құрып жүруге уақыт жоқ, екіншіден, ауыл баласына, жалпы кімге де болса, жоғары оқу орнының бағдарламасын меңгеріп кету оңай емес, әсіресе сессия кездерінде жаның мұрныңның ұшында жүреді. Ол кезде ұят деген керемет сезім болды ғой, «бәленшенің баласы оқи алмай институттан шығып қалыпты» деген сөзді есту, шынымды айтамын, өліммен тең болатын. Осыдан кейін қайдағы ән?!
— Сіз өкінбесеңіз де, бойыңыздағы асыл қасиеттің отын маздата алмағаныңызды мен қабылдай алмай отырмын. Тіпті осы жағынан ақыл қосқан, қолдап, қолпаштаған бір адам болмады ма?
— Болды ғой, «мынадай (тенор) дауыспен саған опера театрының сахнасы құшағын ашып тұр ғой» дегендер аз емес. Мүмкін, мүмкін… Бірақ оған мойын бұра алмадым. Институттағы жағдайды айттым. Одан кейін шаруашылыққа араласкан соң басқаны ойлауға тіпті мұрша болмай кетті ғой.
— Ұлы Абайдан қалған «Өмір — мұхит, уақыт — толқын» деген сөз бар, осы жайында сіз не ойлайсыз?
— Өмірдің мұхит екені де рас, уақыттың толқын екені де рас. Адам өмірге келгенде алдында не күтіп тұрғанын білмейді, шетсіз, шексіз әлем! Адаспай жолынды табуың керек. Әрине оңай емес. Басынды тауға да, тасқа да соғасың, талай қиындықтарға кезігесің. Сөйтіп жүріп өмірдің өтіп кеткенін де байқамай қалады екенсің. Осындай сәттерде сынаптай сырғып өте шыққан уақыт туралы ойланасың. Өз басым осы уақытқа теңеу таппай қиналамын. Бенджамин Франклин деген ғұлама «Уақытты босқа өткізуден асқан үлкен шығын жоқ» деген екен. Рас-ау?! Бірақ жалындап жүрген жас адам оны түсіне ме?! Өзім де уақытты әркез уысымда ұстадым дей алмаймын. Өмірдің қас-қағым сәт екенін, бәрін уақыт орнына қоятынын кеш түсіндім демей-ақ қояйын, бірақ адам баласына уақытпен бәсекеде жеңіске жету мүмкін емес деп ойлаймын. Ертеректе сіздің еңбек адамы туралы жазған «Уақыт оның уысында» деген мақалаңызды оқығаным бар еді. Әй, қиын-ау?! Уақыттың жалына жабысуға болады, тізгіндеу, меніңше мүмкін емес. Уақытқа ілесе алсақ, соған тәубе деуіміз керек.
— Уақыт алтыннан да қымбат деп жатамыз. Шын мәнінде ол адамзатқа берілген ең үлкен мүмкіндік қой, арамызда оны дұрыс пайдалану арқылы өмірін мәнді еткендер, арман — мақсаттарына жеткендер аз емес. Өмір — толқынды толқын қуып ағып жатқан өзен десек те, бізде сол күндерге оралатын мүмкіндік бар. Тәтті күндерді көз алдымызға келтіріп рақат сезімге бөленеміз. Өз басым балалық шағымды өмірімнің ең бір сәулелі кезеңі деп санаймын. Сіз ше?
— Иә, өмір зымырап өтіп жатыр. Бәрі кеше ғана сияқты еді, енді, міне, абыз жастың да етегін басып тұрмыз. Әрине жадымызда жатталып қалған жайлар аз емес, бір сәт ойға берілсем, бұлт арасынан жарқырап шыға келген күннің көзіндей балалық шағым — алақандарына салып аялап өсірген әке-шешем, алтын бесік ауылым көз алдыма келеді. Біздің ауыл тастақтау жерде орналасқан, бірақ жалаң аяқ шауып жүрген біздерге оның топырағы мамықтай сезілетін. Түтінінің өзі тәтті ғой!
Сол кездегі ауыл балалары сияқты мен де қарапайым отбасында туып өстім. Еңбек жолын механизаторлықтан бастаған әкем Ақжігіт бастауыш сыныптық қана білімі болса да, өзінің етінің тірілігімен, ақылдылығымен, жұртқа жұғымдылығымен, адалдылығымен көзге түсіп, ұжымшар басқаратын дәрежеге жетіпті.
Шешемнің есімі — Мүсілима. Ол кісінің әкеме қосылуының өз тарихы бар. Әкемнің алғашқы зайыбынан бала болмапты. Көңілдері жарасып қосылған жандар ғой, көп уақыт үміттерін үзбей бірге тұрыпты. Ақыры болмаған соң әкем ауылдың ақсақалдарын жинап, жағдайды түсіндіріп: «Көп ойландық, ақылдаса келе әрқайсымыз өз жолымызды іздейік деген шешімге келдік», — дейді. Ақсақалдар не десін, қарсы болмайды. Осыдан кейін әкем жолдасы соғыстан оралмаған басы бос келіншекке үйленеді. Арада бір жыл өткеннен кейін мен дүниеге келіппін. Сағындырған бала ғой деп атымды Сағындық қойыпты. Анамның сегіз бе, тоғыз сыныптық па, білімі бар екен, сол кезде ауылдық кеңесте хатшы болып қызмет істепті.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін әкем көрші «Қарағаш» деген ұжымшарға басқарма болып ауысты. Көргені де, көңілге түйгені де мол жан ғой, ауылдағы 7-ші сыныпты бітіріп, енді қайда барамын деп жүргенде «оқуынды орысша жалғастырғаның жөн болар, қазір орыс тілін білмейтіндердің жолы тарылып тұр ғой», — деді. Бірден келісе қойған жоқпын. Жүрексіндім. Өйткені орысша бір ауыз сөз білмеймін. Ақыры не керек, келісуге тура келді. Сөйтіп жаңа оқу жылында Ильинка деген көрші ауылдағы орыс мектебінің табалдырығынан аттадым. «Қиын болар, 7-ші сыныпқа қайта отырайын» деп едім, оған мектеп директоры көнбеді. «Ештеңе етпейді, алып кетесің, қасыңа жақсы оқитын бір баланы отырғызамыз, көмектеседі», — деді. Ақыры солай істеді. Қасымда отыратын Дорошенко Саша деген бала, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, құдайға қараған жан болып шықты, менен көмегін аяған жоқ. Шынымды айтамын, қатты қиналдым. Орыстың сөздерін түсінбеймін, тілім де келмейді. Саша сабақ біткеннен кейін үйіне алып барады, тамағымызды ішіп алып тағы да сабақ оқимыз. Ақыры ұстаздарымның, Александрдың көмегімен қатарға қосылдым. Оларға айтар алғысым шексіз. Александрмен күні бүгінге дейін байланысымыз үзілген жоқ. Қазір ол Түмен қаласында тұрады, профессор, ғылым докторы. Өткенде мерейтойына да барып келдім.
Орта мектепті тамамдағаннан кейін Целиноград (қазіргі Астана) қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түстім.
— Мамандығыңыз бойынша агрономсыз ғой?
— Иә, агрономмын.
— Осы мамандықты таңдауға не себеп болды?
— Әкемнің ықпалы болды ғой деп ойлаймын. Ол кісі үнемі халықтың арасында жүрді. Уақытпен санасуды білмейтін. Жұмысқа ерте кетеді, кеш келеді. Сол еңбегінің жемісі шығар, Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальмен марапатталды. Соғыстан кейінгі уақыт қой, шаруашылықта жұмыс қолы жетпейді, ойын қуып кете алмайсың. Басқарманың баласы болсам да, мен де құрбы-құрдастарыммен бірге қара жұмысқа жегілдім: сеялкаға отырдым, комбайншының көмекшісі болдым, тырма жөндедім, сүрлем де бастым. Кей жылдары егіннің шығымдылығы төмен болып, есіл еңбек зая кеткендей көрінуші еді. Ондай кездері әкем де қамығып: «Тұрақты мол өнім алу үшін ауыл шаруашылығына білімді мамандар керек» деп отыратын. Мамандық таңдауда өз жолымды осылай таптым. Жас кезіміз ғой, студенттік өмір қалай зыр етіп өте шыққанын аңғармай да қалдым. Оқуымды аяқтап, диплом қолыма тигеннен кейін бірден елге оралып, шаруашылық істеріне араласып кеттім. Содан зейнет демалысына шыққанға дейін дала кезіп, үйдің бетін көрмедім десем болады.
— Өмірбаяныңызға қарап отырсам, қызмет баспалдақтарымен тез өскен сияқтысыз. Айталық, 28 жасыңызда шаруашылық тізгінін қолға алыпсыз, басқа да үлкен-үлкен лауазымды қызметтерді атқардыңыз ғой? Өзіміз сізді тура сөйлейтін, ақты ақ, қараны қара дейтін, әділетті жақтайтын азамат деп білеміз. Міне, осы мінезіңіз қиындықтар тудырған жоқ па? Олай дейтінім біздің қоғамда жоғары лауазымды басшылар, бәрі емес шығар, өз қарауындағылардың «ләппай, тақсыр!» деп тұрғанын ұнатады ғой.
— Шынымды айтсам, менде көзге түсейін, тезірек өсейін деген ой болған емес. Қайда, қандай қызметте болмасын, өзіме жүктелген міндетті адал атқаруға тырыстым. Уақытпен санаспай, күн-түн демей жұмыс істедім. Өзіммен қатар жүрген адамдарды ренжітпеуге тырыстым. Жұрт соның бәрін көреді ғой, осылай сенім қалыптасты.
Сұрағыңнан ауытқып кеттім ғой деймін, мінезіме байланысты тұйыққа тірелмесем де текетіреске жақындап қалған кездер болды.
Мен адалдықты, әділеттікті жақсы көремін. Табиғатым сондай. Екі жүзді кісілерді жаным сүймейді, олардан жиіркеніп тұрамын. Арамызда бүгін былай сөйлесе, ертең бұлтақтап басқаша сайрап кететіндер де бар ғой, солардан бойымды аулақ салуға тырысамын. Өмір болған соң олармен де араласуға тура келеді. Аллаға шүкір, адалдық, әділеттік ұстанымынан танған емеспін. Біреудің көңіліне тиеді-ау демей, тура, тіпті кейде қатты айтып қаламын. «Тура сөйлеген — туғанына да жақпас» деген емес пе, сол мінезім кейбіреулерге ұнамай да қалатын шығар?! Жасыратыны жоқ, содан зиян көрген кездерім де болды. Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы едім, бірінші хатшылыққа ұсынылғанда мінездемеде мақтап-мақтап келіп, аяғына «мінезінде қызбалық, ұстанымсыздық байқалып қалады» деген сөздерді қосып қойыпты. Сондай мінезім бар, оған кейде өзім өкінемін. Бірақ Алланың берген қасиеті оған не істейсің?! Мүмкін жастықтан болған шығар? Сол үшін сыртымнан сөз жүгірткендер де, аяғымнан шалғандар да болды. Дегенмен түсінетін адамдар түсінді ғой.
Менің байқауымша, қазір де сондай мінез көрсетіп, пікіріңді тура айтып тастаған кезде кейбіреулерге ұнамай қаласың. Соны сол арада өзіңе тура айтса бір сәрі ғой. Сыртыңнан сыпсыңдайтындар көбейіп барады. Бұл жақсы құбылыс деп ойламаймын. Мен жеке басыма қатысты айтыс-тартысқа түспеймін. Ешкімді ренжітпей, байқап сөйлегім-ақ келеді. Бірақ өтірік көлгірсіп жылмаңдап тұрғандарды көргенде күйіп кете жаздаймын. Артынан ойланып, «қап!» деп қалатын кездерім де болады. Әсіресе біздің жастарымыз жағымпаздықтан бойларын аулақ салулары керек.
— Жұрттың бәріне жағу мүмкін емес-ау? Ұлы Абай «Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деп тектен-текке айтпаған шығар. Осының сырына үңіліп көрдініз бе?
— Жас ұлғайған сайын адам көбірек ойға беріледі екен. Мен де оңаша қалған сәттерімде өткенге оралып, тындырған істерімді ой таразысына саламын. Ұялып, қызаратындай істерім жоқ. Шамам келгенше елге, халыққа адал қызмет етуге тырыстым. Сол еңбегім бағаланбай қалған жоқ. Өзіңіз де білесіз, біздің заманымызда руханиятқа қатысты мәселелер алда тұратын, көп жұмыс тәрбиемен өлшенетін. Заман өзгерді, қазір мәселенің материалдық жағы басып барады. Ұят, обал деген сөздер мағынасынан айырылып қалды. Бұл дұрыс емес, осылай тарта берсек, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтамыз. Оның ар жағын көзге елестетудің өзі қиын.
— Достарыңыз көп пе?
— Құдайға шүкір, бар, сыйласатын, араласатын адамдарымыз одан да көп.
— Енді осы арада бір сұрақ: биыл біздің тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл толады. Сіз сол кезде қандай көңіл күйде болдыңыз?
— Халықта «Қуанған мен қорыққан бірдей» деген сөз бар ғой, әрине жүрегіміз жарылудың аз-ақ алдында қалды. Бұл ата-бабаларымыздың ежелгі арманы еді ғой. Көп қателіктерге жол бергеніміз де рас. Бір күнде социализмнен капитализмге көштік, 70 жьыл бойы жинаған дүние, мал-мүлік — бәрі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, быт-шыт болды. Соған ішім удай ашиды. Жекеменшіктің болғанына мен қарсы емеспін, бірақ асықпай, осы жолдан өткен басқа мемлекеттердің тәжірибесіне зер салып, нарыққа бірте-бірте көшсек, жағдай басқаша болар ма еді?! Көп қиындықтарды бастан өткіздік. Ең бастысы — еліміз аман, жұртымыз тыныш. Міне, соған қуанамыз, тәубе дейміз.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлемдік деңгейдегі саясаткер ғой, тізгінді қолға алғаннан бері көп өзгерістер жасап жатыр. Өз басым әр қадамын қолдаймын. Болашаққа деген үмітім зор. Жаңа Конституция қабылданды. Ендігі жерде қоғам мүшелері, әсіресе жастар жағы оны басшылыққа алулары керек. Сонда ғана біз Әділетті Қазақстан, адал қоғам құрамыз деген мақсатымызға жетеміз.
— Сіз отбасында қандай адамсыз?
— Жеке басыма келетін болсам, жолдасым Гүлмайра Байзаққызы Ғайсина, түбі өзіміздің Қарағаштікі. Жоғарыда әкем Қарағашта басқарма болғанын айттым ғой. Бір мектепте оқыдық. Содан мектепті бітіргеннен кейін бәріміз арман қуып жан-жаққа кеттік қой. Көп уақыт кездескен жоқпыз. Тіпті бір-бірімізді ұмытып та кеткендей едік. Тағдырдың жазуы ғой, бірінші курсты аяқтап, пойызбен елге келе жаттым. Купеде менен басқа өзім шамалас бір қыз отыр екен. Жол алыс. Танысып әңгімелесе бастадық. Әңгіме арасында Қарағаштан екенін айтып қалды. Мен елең ете қалдым. «Қарағашта кімнің баласысың?» «Ғайсиндерді білесің бе?» «Білгенде қандай! Онда бір мектепте оқыдық қой». Осылай танысып, араласа бастадық. Ақыры не керек, көңіліміз жарасып, оқуымызды бітіргеннен кейін отбасын құрдық. Ол — мамандығы бойынша педагог. Бастықтың әйелімін деп үйде қарап отырған жоқ. Қызметке байланысты көшіп-қонып жүрсек те мамандығы бойынша жұмыс істеді. Қалаға келгеннен кейін тұңғыш қазақ тілінде тәлім-тәрбие, білім беретін балабақшаны — «Салтанатты» басқарды.
— Жаңа пойызда келе жатып жақын таныстық, содан кейін қарым-қатынасымыз үзілген жоқ дедіңіз, сізге қандай мінезі ұнап қалды?
— Бір ғана мінезі үшін адамды сүйіп қалмайсың ғой, көркіне көңілім толды, алып-ұшып тұрған жоқ, «құдай шошақайдан сақтасын» деп жүруші едім, орнықты екен, кішіпейіл, бір сөзбен айтқанда, ата-ананың тәрбиесін көрген нағыз қазақтың қызы.
— Махаббат деген сұмдық сезім ғой, жүрек лаулап, алпыс екі тамырын асау өзендей тулаған сәттерде сүйгеніңнің бойынан кемшілік іздеу мүлде ойыңа кіріп те шықпайды. Рас қой?
— Ол рас.
— Кейін жүре-жүре жеңгеміздің бойынан бойжеткен кезінде сіз байқамаған мінездер шыға бастаған жоқ па?
— Құдайға шүкір, өмірлік жар тандағанда қателескен жоқпын деп ойлаймын. Өзіміз айтып жүргендей, өмір жолы тақтайдай тегіс емес қой, қиыншылықтар да кездеседі. Сондай кездерде Гүлмайра әрқашан жанымнан табылып, сөзімен де, ісімен де қолдап отырды. Сол баяғы жер қозғалса қозғалмайтын мінез. Көпшіл. Не нәрсеге болсын сабырлы. Ең бастысы, ұл-қыздарымызды тәрбиелеп, ержеткізді. Бүгіндері тұңғышымыз — Гүлжайнат қалалық архивтің басшысы, ұлым Самат — облыстық әкімдікте басқарма басшысының орынбасары, кіші қызым, Талғат деген күйеу баламыз бар, сол екеуі шаруашылықпен айналысады.
— Отбасымыздың ынтымақ-бірлігі жақсы, ыдыс-аяқты сылдырлатпай келе жатырмыз дейсіз ғой?
— Ынтымақ-бірлік жоқ жерде береке бола ма, ол жағынан тәубе дейміз. Ал енді ыдыс-аяқ жағына келсек, өзіміз шамалас кейбіреулер «өмір бойы әй-шәй дескен жоқпыз» деп жатады. Бірақ өз басым оған сенбеймін. Отбасы болған соң, кейде біздің еркімізден тыс түрлі жағдайлар болады. Кеше сүйдім-күйдім деп қосылған жандар арада шамалы уақыт өткеннен кейін ренжісіп қалулары да мүмкін. Сондай жағдайлардан түсінісіп, жол таба білу керек. Мысалы, менің өзімнің де мінезім оңып тұрған жоқ дедім ғой, қанша тырыссам да артық-ауыз сөздердің ауыздан шығып кететін кездері болады. Қазақта «Жақсы адамның ашуы — шай орамал кепкенше» деген сөз бар ғой, Гүлмайра соның бәрін көтерді, жұмсарта білді. Рас, кейде ұнамсыз қылық танытсам, үндемей қалатыны бар. Ондайда өзім бірінші болып сөз бастап, жағдайды жақсартуға тырысамын. Оны неге айтып отырмын, отбасылық, жалпы өмірде менікі ғана дұрыс деп қисая беруге болмайды.
— Осы арада бір сұрақ қояйыншы, сіздің көп оқитыныңызды білемін, өзіңіз де хабардар шығарсыз, біздің ел ажырасу жағынан алға шығып кеткен сияқты. Өз басым осыған қатты алаңдаймын. Осындай келеңсіздіктің себептерін тарқатып айтпасаңыз да бір-екі ауыз сөзбен қайырып бере аласыз ба?
— «Ауруын жасырған өледі» дейді ғой, жауырды жаба тоқуға болмайды, мұндай құбылыс бәрімізді алаңдатуға тиіс. Оның себептерін кәдімгідей жіліктеп берсем, тереңге кетіп қоямыз. Екі-ақ мәселеге тоқталайын: бірінші — жастар осындай тағдырлы шешім қабылдауда от алып қашқандай асықпаулары керек. Қазір олар бәріне жеңіл қарайтын болды ғой, сүюлері де тез, қосылулары да тез. Олардың арасында таныспай жатып төсекте басы қосылып қалатындар да аз емес. Жарайды, қосылды делік, осыдан кейін өздері құрған шаңырақты құлатпаулары керек. Неге болсын төзіп, түсінісіп, ашуды ақылға жеңдіре білгендер бақытты өмір сүреді. Жастар осы жағын да ескеріп жатқан жоқ.
— Жаңа бүгінгі жастар неге болсын жеңіл қарайды дедіңіз, оған мен де қосыламын. Осының түп-тамырында тәрбиеге қатысты мәселелер де жатқан сияқты. Оқыған-тоқығандары аздарды былай қойғанда, жоғары білім алып, билік шылбырын ұстағандардың іс-әрекеттерінде де осындай жауапкершілікті сезінбеушілік бар. Көбі «қонышынан бассам, өз етігім» деп жүріп жатыр. Сіз осыны байқайсыз ба?
— Ертеректе, шаруашылықта директор болып жүргенімде болған бір оқиға есіме түсіп отыр. Орақтың қызып тұрған кезі еді. Жүргізушім, бұрын комбайнда істеген адам, аз да болса ақша табайын деп егін жинауға сұранған. Жібердім, рөлде ертелі-кеш өзім жүремін, түс кезінде үйге келіп едім, жолдасым алдымнан шықты, байқаймын жүзінде абыржу бар. Қызымыз ауырып қалыпты. «Дене қызуы көтеріліп кетті, ауруханаға апармасақ болмайды», — деді. Бала дегенде жан қала ма, дайын тұрған шәйға да қарамастан жолдасым мен қызымды отырғызып алып, аудан орталығына тарттым. Ауладан шыға бере, жолдасыма: «Ауылдан шыққанша бұғып жатыңдар», — дедім. Ол түсінбеген сыңай танытып, жалтақтап қарай берді. «Біреу-міреу көрсе, кейбіреулер кеңшардың директоры әйелі мен қызын отырғызып алып тапа-тал түсте қонаққа кетіп бара жатыр деп ойлап қалулары мүмкін. Олар баламыздың ауырып қалғанын қайдан білсін?! Әрқайсысына тоқтап түсіндіріп жатпаймын ғой?!» Міне, біздің іс-әрекетіміз осылай ұятқа, ұлттық құндылықтарға суарылған. Жасыратыны жоқ, осындай ұстаным қазіргілердің бойынан табыла бермейді.
— Өмір бойы десек те артық айткандық емес, сіз басшылық қызметте болдыңыз. Қазір енді ұрпақ алмасып жатыр, заман өзгерді, адамдар да өзгеріп жатыр. Өзіңіз айтып отырсыз, жиырма сегіз жасыңызда директор болдыңыз. Қазір сол кездегі сіздерден де жас адамдар билікке келуде. Осыған көзқарасыңыз қаңдай?
— Жастардың өскеніне қарсы емеспін. Бірақ…бірақ… белгілі бір жүйе болу керек. Айталық, жоғары оқу орнын тамамдап келген маман алдымен өндірісте тәжірибе жинақтауы, адамдармен жұмыс істеу тәсілдерін меңгеруі, бір сөзбен айтқанда, өмірді, жергілікті жағдайды танып-білулері керек. Ол үшін сатылап-сатылап өсірген жөн. Мәселен, кеңес заманында, ол кезді аңсағандықтан айтып отырған жоқпын, шынына келсек, ол заманның да жақсы жақтары көп болған, алдымен кадрларды іріктейтін, сосын іс үстінде сынақтан өткізіп, тәрбиелейтін, осыдан кейін ғана қызметке орналастыратын, жоғарыда айтқанымдай, сатылап-сатылап өсіретін. Ал қазір өндірісте істемеген, жер басып жүрмеген, тіпті осы жердің жағдайын білмейтін жастарды басшылық қызметке отырғыза салады. Осындай жағдайларды көргенде катты қынжыламын. Кей кезде қарап тұрсаң, әлгілер халықтың алдына шығуға жүрексінеді, екі сөздің басын құрап дұрыс сөйлей де алмайды, әйтеуір қарамағындағылар жазып берген бір-екі ауыз сөзді оқып құтылады. Өзімізді айтпай-ақ қояйық, өңіріміздің қазіргі басшысы Ғауез Торсанұлының өмірі, қызметтік жолы кейінгілерге үлгі болғандай емес пе! Ол кісі қазіргі қызметіне келгенге дейін төменнен бастап кеңшар директоры, төрт-бес ауданның, қаланың әкімі, облыс әкімінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған. Содан да ол өзіне жүктелген жаңа қызметті ұршықша үйіріп әкетті. Менің түсінігімде ел басқарамын дегендер осындай жолдан өтулері керек.
Мен зейнет демалысында болсам да, елде, өңірде болып жатқан жаңалықтарға құлағымды түріп отырамын. Газет, журнал, кітап оқудан да қалған жоқпын. Кейде содан көңілім де бұзылып қалады. Өйткені қазір ұрлық-қарлық деген көбейіп кетті. Басшылар туралы айтып отырмыз ғой, «балық басынан шіриді» дегендей, қызметке кіріспей жатып қазынаға қол салатындар айылдарын жияр емес. Жазаланып та жатыр. Бірақ «Құныққаннан дәніккен жаман» — дегендей, дүниеқоңыздық, ашкөздік жұқпалы дерт сияқты жайылып барады.
— Дұрыс айтасыз, сыбайлас жемқорлық, ұрлық-қарлық деген бізде өте көбейіп кетті. Түйені түгімен жұтып жатқандар бар. Неге бұлай болып жатыр? Осы жағына ой жүгіртіп көрдіңіз бе? Өздеріңіз қызмет істеген уақытта мұндай жағдайлар жиі кездеспеуші еді ғой.
— Меніңше, бәрі тәрбиеге байланысты. Бізді ата-аналарымыз біреудің ала жібін аттама, өз еңбегіңмен күн көр, адал бол деп өсірді. Қазірде ұл, қыз өсіріп отырғандар балаларына осындай сөздерді айтпайды демеймін, айтады. Бірақ нәтиже жоқ. Демек, біз осы кеселмен қоғам болып күресуіміз керек. Біз ұзақ уақыт «молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген принциппен өмір сүріп келдік. Жұрт бәрін көріп, біліп отыр. Қысқасы, руханият мәселесін, адамның жандүниесінің тазалығы үшін күресті бірінші орынға шығаратын мезгіл жетті. Қоғамның кез келген мүшесі — жасы да, жасамысы да адалдық қана адамзатты бақытқа, мағыналы ғұмырға, жан тыныштығына жетелейтінін түсінуі керек. Бір мысал келтірейін. Мақтаныш үшін емес. Мүмкін кейбіреулерге ой салар? Кеңшарда директор болып жүрген кезімде түскі үзіліс кезінде үйге келсем, кіреберісте бір кілем жатыр. Ол кезде кілем дегенді көз көрмеуші еді ғой. Байқаймын, қымбат кілем. Әйелімнен «мына кілем кімдікі, қайдан келді?» деп сұрадым. Шаруашылықта жалдамалы бригада құрылыс жұмыстарымен айналысып жатыр еді, соның жетекшісі әкеліп тастапты. Жарайды, таңертең кеңсеге барғаннан кейін экономисті шақырып алып, «ана бригаданың есеп-қисабын бәрін тексер, бірақ прорабқа сездірме» деп тапсырма бердім. Күмәнім дұрыс болып шықты. Бригадир прорабпен келісіп, атқарылған жұмыстардың көлемін бір жарым есеге өсіріп жазған екен. Қол қоятын мен ғой, соның алдын алып жатқан түрлері, ертеңіне екеуін де жұмыстан қуып шықтым.
Кеңшарда сегіз жыл директор болғанда бір килограмм етті ақшасын төлемей алып көрген жоқпын.
— Бұл сөзіңізге мен сенсем де басқалар сене қояр ма екен? «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген бар емес пе?!
— Періште емеспін. Бірақ шындық солай. Сенбеулері мүмкін, өйткені қазір қолында билігі барлардың барлығы өз пайдасын ойлап тұрады ғой. Олардың көпшілігі, әсіресе жастар жағы осыдан қырық-елу жыл бұрын жемқорлар мен сұғанақтардан қолы, ары таза адамдардың көп болғанын білмейді де. Өзіңіз ойлап қараңыз, қызмет бабымды жеке басымның мүддесіне пайдаландым делік, ертен болмаса, одан арғы күндері ол жұртқа жайылады. Сонда мен қарамағымдағы адамдардың бетіне қалай қараймын, олардан еңбекке адал, тәртіпті болуды қалай талап етемін!? Сосын ондай қасиет жалпы менің қанымда жоқ. Өмір бойы ақты — ақ, қараны — қарадеп келемін. Сондай мінезімнен басыма қауіп бұлты үйірілген сәттер де болды. Бір мысал келтіре кетейін, 1981 жылдың қазан айында Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалдым. Жаңа аудан, жаңа қызмет, іске құлшына кірісіп кеттім. Бірақ кешікпей күтпеген жағдайға тап болдым. Таңертең жұмысқа келгенде қызметкерлерімді орнынан таппай қаламын. «Бұлар қайда?» десем, аудандық партия комитетіне, атқару комитетіне, аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөліміне шақырып әкетті», — дейді. Шамрай деген екінші хатшы болған, сол кісіге «Бұларыңыз қалай?» деп айтып көріп едім, тыңдайтын сыңай танытпады. Біраз сөзге барып қалдық. Қызметкерлерімді жиып алып менің рұқсатымсыз біреуіңіз аудандық партия комитеті жаққа аяқ баспайсындар дедім. Кешікпей бұл әңгіме бірінші хатшыға — Шаймұрат Смағұловқа жетеді. Ол кісінің айдарынан жел есіп, тасы өрге домалап тұрған кез еді, менің әрекетім алдындағы табағына қол салғандай болып көрінген болуы керек, бірден ашу шақырып өктем сөйлей бастады. Мен де айтқанымнан қайтпадым. Сол арада біраз сөз айтылды.
Басқа біреу болса, осыдан кейін ойланып, сабасына түсіп, ымыраға келер еді, менің мінезім өзіме белгілі, бір жағынан намыс буып барады, көп ойланбастан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына телефон шалып, қабылдауына сұрандым. «Көмекшім уақытын хабарлайды, ертең кел», — деді. Айтқандай, ертеңіне кешкі сағат 8-дер шамасында қабылдады. Жағдайды баяндадым. Аудан басшысының жұмыс стилін қабылдай алмайтынымды ашық айттым. «Бәрін түсіндім, барып жұмысыңды істей бер», — деді.
— «Қарға қарғаның көзін шұқымайды», «Аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін» деген бар ғой, осы жағын ойлаған жоқсыз ба?
— Оның бәрін — басшылар тіл табысып жұмыс істемесе, таяқ екеуіне де тиетінін біліп тұрмын ғой. Бірақ астымдағы жұмсақ орындыққа мәз болып, соны қайтсем сақтам қаламын деген ой болған жоқ. Қолбала, ез болуды масқара санадым.
— Сонымен бұл оқиға немен аяқталды?
— Көп кешікпей Бескөл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне ауыстырды.
— Сізбен әңгімелесіп отырып бір мәселені қозғамасақ газет оқырманы бізді түсінбейді, біз екеуіміз де ауылдан шықтық, ауылда өстік, жаңа өзіңіз айттыңыз ауылдың қара топырағында ойнадық, ер жеттік, ал енді сол ауылдардың қазіргі жағдайы мәз емес. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйын, өзімнің туып-өскен ауылымның жұрты ғана қалды. Кезінде 100 ден астам үй, барлық әлеуметтік құрылымдары бар еді. Сіздің ауылыңыз бар ма?
— Ой, Жәке, айтпаңыз, бұл жүректі ауыртатын мәселе. Біздің ауыл да жоқ деуге болады, 12-13 үй ғана қалды ғой деймін. Кезінде қандай ауыл еді, бәрі болған. Соның бәрінен айырылып қалдық. Кім кінәлі?! Оны қазбаламай-ақ қояйық. Енді не істеуіміз керек? Қалған ауылдарды қалай сақтап қаламыз? Есіл ауданында Қарағаш деген ауыл бар, жоғарыда жолдасымның сол елді мекенде туып-өскенін айттым ғой. Орта мектебі болған, балалар санының кемуіне байланысты тоғызжылдыққа ауысты. Осындайда қол қусырып қарап отыра беруге болмайды, ауылды сақтаймыз десек, қайткенде де жолын табу керек. Көшіп кеткендерді кері қайтара алмайсың. Солардың көпшілігі осы Қызылжарда жүр. Шынына келсек, шекелері шылқып жүрген жоқ. Бірақ ауыл дегенде бұзауының тұлыбына мөңіреген сиырдай күй кешетін солар аш-жалаңаш жүрсе де қаладан кеткілері жоқ. Ақылдаса келе, шеттен 5-6 отбасын алып келіп, оларға баспана сайлап берген: ескі үйлерді жөндеген, кейбіреулеріне жаңа үй салып берген. Өкінішке қарай, солар жәрдемақылары қолдарына тигеннен кейін түрлі сылтаулар айтып, кетіп қалып жатыр. Әрине бәрі бірдей емес. Жеті отбасы тағы келіпті. Оларға да үй салып жатыр. Мен ойлаймын, оларды тұрақтандырып ауылды сақтап қалу үшін, ең алдымен, жақсы жол болу керек, су тарту керек. Сосынғысы мектеп. Осы негізгі үш мәселе шешілсе, ауылдан ешкім көшпейді. Мысал десеңіз, Дайындық қандай еді? Біржан ініміз дер кезінде қолға алып түтіні өшкелі тұрған ауылын сақтап қалды ғой. Қазір ол ауылда тұрғын үйдің кезегінде тұрған адамдар көп көрінеді.
Қазір көп ауылдардың тағдыры осы Біржан Шәймерденов сияқты басшыларға қарап қалды. Егер олар тапқандарын қалтасына баса бермей қарауындағы жұмысшыларына, ауыл тұрғындарына жақсы жағдай жасаса, жалақыларын уақытында беріп отырса, ауыл көтеріледі.
— «Ауылдан адам көшкенмен адамнан ауыл көшпейді» дегендей, бұл мәселені қаузай берсек, тереңге кетіп қаларымыз анық. Қазір ауылдың тағдыры қыл үстінде тұр. Басқаларды білмеймін, бұл қазақ үшін қасірет. Өйткені ауыл — ұлтымыздың алтын бесігі. Қазіргі таңда біздің көптеген жастарымыздың адасып, неше түрлі оғаш қылықтарға барып жүргенінің бір сыры да осы ауылдан тамырын үзіп кеткенінде деп ойлаймын. Бұрынғы ауылдағы өмірді өзіңіз білесіз, қарым-қатынас, сыйластық қандай еді! Кәдімгі бір отбасындай болды ғой.
— Дұрыс айтасыз. Жүз пайыз қолдаймын. Ауылдан айрылсақ, қазақылықтан да жұрдай боламыз, ұлт ретінде жүдеп-жадаймыз.
— Арамызда сексенге, тоқсанға келіп жатқандар аз емес қой, бірақ солардың бәрінің жан-дүниесі бай, тағылымды өмір иелері ретінде айтарлары мол дей алмаймын. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, тағы бір сұрақ қоймақшымын. Сіздің біраз жылдардан бері күнделік жазып жүргеніңізді білемін. Жариялайтын ойыңыз жоқ па?
— Мен күнделік жазуды ерте әдетіме айналдырдым десем, қателеспеймін. Алғашқы ойларым қағазға «Березов» кеңшарында директор болып жүргенде түскен еді. Қазір көлемі екі кітаптың жүгін көтергендей. Жариялайтын ойым жоқ. Жариялағаны сол, осы уақытқа дейін ешкімге көрсеткен де емеспін.
— Жеңгей де білмей ме?
— Білмейді.
— Сонда не жазасыз?
— Күнделік — менің жан-сырым, көңіл күйім. Айталық, өзім араласып жүрген бір адамның, отбасы мүшелері де болуы мүмкін, бір қылығы ұнамаса, күнделікке түртіп қоямын. Сосын кейін сол төңіректе ойланып-толғанамын. Кейбір оқиғаларға да көзқарасым — сонда. Және күнделік деген аты болмаса, күн сайын қолыма қалам алмаймын. Кейде көбірек жазсам, кейде бір-екі сөйлеммен шектеліп қалатын кездерім де болады. Әлемде, елімізде, өңірімізде болып жатқан оқиғалар туралы ойларым да сонда түскен. Өзімше баға беремін. Егер өзім жақсы көретін азаматтардың біреуі аяғын шалыс басып, қателік жіберіп жатса, оны саралаймын, өкінішімді ақ қағазға төгемін.
— Қызық екен.
— Кейде, уақытым болғанда, парақтап оқитын да әдетім бар. Сондай сәттерде таза өмір сүрудің әліппесін ашқандай күй кешіп, рақатқа бөленемін.
— Саке, уақытыңызды бөліп, емен-жарқын әңгімеге қайырылып, жүрекжарды ойларыңызбен бөліскеніңіз үшін сізге көп рақмет! Мерейтойыңыз құтты болсын! Ұрпағыңыздың ортасында алаңсыз ғұмыр кешіп, жасай беріңіз. Жүзге келіңіз!
Сұхбаттасқан Жарасбай Сүлейменов. «Өмірге өкпем де, өкінішім де жоқ» // Солтүстік Қазақстан.- 2026.- 19 мамыр.- 9 б.
// Солтүстік Қазақстан.- 2026.- 22 мамыр.- 8 б.
// Солтүстік Қазақстан.- 2026.- 26 мамыр.- 6 б.


