Балуан ауылының тарихы

Колхоздастыру кезеңі   (1929-1941 жж). Балуан ауылының тұнғыш ұжымшарының аты – Шиелі. 1929 жылдың күзінде жаппай ұжымдастыру жұмысы қолға алынды. Балуан көлінің күнгейінде 300-ден аса шаруа ТОЗ болып қоныстанды. Колхоздастыру кезінде ауыл іргесін қалауға ат салысқандар: Нұртазин Ережеп, Қалиев Сейдахмет, Қалиев Ыбырай, Омаров Жапар.

Ұжымшар «Балуан» деп аталды. Аталу себебі: малай Балуан орта жүзге абырой әперген азамат. Қанаушы таптың қолынан қаза тапты. Тіпті көппен жерленбей, Балуан көлінің терістік шығысына жалғыз жерленді. Сондықтан сол кезде ұжымшар белсендісі, коммунистер Сейдахмет Қалиев, С. Смағұлов, Т. Нұртазин, С. Сауытбековтардың ұсынысы бойынша ұжымшар «Балуан» деп аталған.

Сонымен ел шілде-тамыз айларында Балуан көлінің күнгейіне көше тәртібімен үйлер қоныстанды. Көп рулы ел болғандықтан, әр рудың өз өкілі болды.

Ұжымшар тұрғындары мал шаруашылығымен шұғылданды. Егіннің тұқымын, малдың басын ортаға салып, ұйымдаса білді. Жастардың мәдени саласы да дами бастады. Жаппай сауаттандыру ісі қолға алынды. Балуан ауылының жер көлемі 24 мың га, 250-300-ге тарта жылқы, 7000-ға тарта қой, 1000-2000-ға тарта қара мал болған.

Аштық жылдарынан дерек (1931-1932 жж).  1932 жылғы Семиполка өз қарамағына алып, көмектесті. Мал жоқтарына мал беріп, картоп беріп, астық беріп, егін салуға көмектесті, соқа-сайман берді.

Аштық аздай, оған сүзек деген апат келді. Балуанның біразын сол ауру әкетті. Өзі аш, өзі ауру адамдар қайтқан кісілерді коюға шамалары келмеді. Осы аурудан өлгендерді жерлей жүріп, өздеріне қауіп төнсе де, осындай тәуекелге барған Мұсаның Сұрағаны, Құсайынның Сұлтаны.

Балуандықтардың көбі 32-жылдың күзіне дейін “Пламя” ұжымшарында өмір сүріп, пәтер, үй жетіспеуі себепті “Балуан” ұжымшары болып қайта бөлінді. Ұжымшар бастығы болып білікті коммунист Божақов Далабай сайланды.

1933 жылдың көктемінде де аштық болды. Үкімет тарапынан берілген аз ғана астықты аудандық өкіл аш-арықтарға қолдан бөліп беретін болды. Көптеген шаруалар балық, тышқан аулап күнелтті.  Ондай кәпке жарамай қалған көтеремдерге жәрдем көрсетіп отырды. Әйтеуір, аштан өлу бірте-бірте азая бастады.

1938 жылы егін бітік шығып, үкіметке астық береді. Содан кейін трактор келе бастады. Халық көтеріліп келе жатқанда соғыс басталды.

Отан соғыс жылдары. Ұлы Отан соғысына Балуан ауылынан 200-ден астам ер-азамат аттанған. Ұрыс даласынан 86 адам елге оралмаған. Қан майданнан елге аман оралғандар: Есниязов Мәкеш, Нұртазин Шәріп, Смағұлов Ғаббас, Әленов Әбуқан және т.б.

Соғыс уақытында елдегі кемпір-шал, жетім-жесірлерге көмектесіп, қызмет атқарған — бригадир Досжан.  Соғыс жылдары тылда жұмыс істегендер: Қожахметов Қабижан, Тәнібаева Мәди, Ільясова Шаризат, Қалиев Шоқат және т.б.

Соғыс жылдарынан кейін. 1945-1954 жж. соғыс аяқталғаннан кейін халықтың әл-ауқаты әжептәуір оңға басты. Ауылымыздан еңбекте жақсы жетістіктерге жеткен азаматтарымыз аз болған жоқ. Мақтан тұтар ағаларымыздың бірі Қаршалов Қапар ағаның әкесі Мәлібай Мәскеудегі колхозшылардың 10 күндігінің делегаты болды. Кейіннен тың және тыңайған жерлерді игеру ісінде биік жетістіктерге жетіп, Москваға ВДНХ-ға слетке және Алматыға ауыл шаруашылығын көтеру съезіне егіс бригадирлері Ільясов Сабыр Бектасұлы мен Таныбаев Дүйсен Таныбайұлы делегат болған.

70-жылдардың басында егісті алқапты басқарған, жемісті еңбектері бағаланған, Қайнуллин Қажғали Қайноллаұлының аты Республикамыздың алтын кітабына алтын әріппен жазылды.

Ауылымыздың алғашқы механизаторлары  мен жүргізушілерін Үкіметіміз Ленин орденімен марапаттады.

Кейіннен 1980 жылдары егістік алқапта жан аямай механизаторлық қызмет атқарған, бірнеше орден, медаль иегерлері: Сағитов Өмірзақ, Қаршалов Қапар, Айтқожин Қайыргелді. Осы уақытта елімізді Исин Есмағзам, кейіннен Таныбаев Дүйсен, Шәріпов Біржан басшылық қызмет атқарған. Мал бригадирлері: Ақышев Байғожа, Әбілмәжінов Ахметжан, Сұрағанов Қайыржан, Ільясов Асқар, Есниязов Мақсұт.

Батыр аналар: Сағитова Күләш, Айтқожина Күлжан, Назарова Қымбат, Қоныспаева Биғайша, Құсайынова Сайран және т.б.