Біздің Қаратал ауылының құрылуы 1928 жылдан басталады. Кеңес Үкіметі құрылғаннан кейін, әрбір тұрғылықты тұрғындардың басын қосып артель ашып, жер өндеп, астық өсіріпті. Артельге қазіргі Қаратал ауылы 2 бригада болып бөлініп, ұжымшар ұйымдастырып, бүгіндегі ауыл шаруашылығымен айналысады.
Бірінші бригадаға коллективизацияға мына адамдардың тізімі беріледі: Спаен Нұрман, Қамбаров Ахметбек, Смағұлов Шәріп, Ибраев Хамит, Хабдулмәжит, тағы басқалары.
Екінші бригадаға Жандәулетов Қабдолла, Бекмұрзин Сақат, Мұқанов Қален, Нұрыш, Тәжахметов Сейдахмет, Дербасов Ережеп, Теміртаев Қайырбек, Шынтемиров Жұма, т.б.
Сергеевка поселкесі жақын болғасын, орыс шаруаларынан жер өңдейтін құрал-сайман алып, күндерін көре бастайды. Сол кезеңнен бері Отанға қауіп төнген Ұлы Отан соғысы басталғанда елдің ер-азаматтары майданға аттана бастайды. Ауылдың бар жұмысы кәрі-құртаң мен әйелдерге жүктеледі. Ауылды басқарған Ахметбек Қамбаров өзі де майданға аттанып, елді басқару Құрманғалиев Аман деген азаматқа табыс етіледі. Әрине, бұл жерде жасөспірім, балалардың да үлесі бар. Атап айтқанда, Қаптаев З, Жарасов Ж, Шәріпов А, Боқанов А. т.б. Бүгінде бұл кісілер ақ сақалды қарт адамға айналды.
Ұлы Отан соғысы аяқталғанда елге 53 азаматымыз оралмай қалды. Кейіннен тірі оралған 26 азаматымыз әр салада жұмыс істеді.
Жеңістің 60 жылдығында ауылымызда екі ардагеріміз бар. Олардың да жасы 80 сеңгірінен асты.
1952 жылы жақын ауылдарды біріктіру саясатында Қаратал – Алқаағаш ауылдары бірігіп, ұжымшар тіршілігін жасады. Басқару қызметі Ә. Құрманғожин жолдасқа бұйырылды.
Ауылдың тарихта қалған деректері. 1954. Осы уақытта ауылымыздың шаруашылығы үлкейіп, егін, мал шаруашылығы қолға алына бастады. Ауылымызға басқа ұлт өкілдері қоныс аудара бастады. Мәдениетіміз өсіп, ауылда 4 жылдық мектеп, кітапхана, клуб жұмыс істей бастады. Кітапхананы сол жылдардан бастап Қапаров Қази басқарды. Ол 1980 жылға дейін кітапханашы болып қызмет істеді. Ауданымыздың алдыңғы қатарлы мәдени шараларының үздігі атанды.
Сол жылдардан 1964 жылға дейін «Заря» кеңшарының қарамағында болды.
1965 жылдан Ибраев кеңшарының қарамағына ауысты. Бөлімше басқарушысы болып Ғазез Шыңғысов тағайындалды. Осы жылдардан бастап мал шаруашылығы, егін шаруашылығы кең көлемде қолға алынды. Қараталда 100-ден аса үй, кең көшелер пайда болды.
1970-80 жылдар аралығында ауылымызда талай азаматтарымыздың еңбекте даңқы арта түсті.
Қаратал ауылы аудан бойынша көктемгі, күзгі егіндік жұмыстарында бірінші болып аяқтап отырды. Сол жылдардағы еңбек ардагерлерін атап өтуге болады. Мысалы: Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегерлері Зейнолла Қаптаев, Спаен Еркін, Оразалина Мапту ауылымыздың мақтанышы болды. З. Қаптаев жер жыртуда күндік нормасын асыра орындап жүрсе, Е. Спаен астық бастыруда 1976 жылы 16 мың центнер астық бастырып, аудан көлемінде бірінші комбайнер атанды. Мапту Оразалина апамыз әр сиырдан 3000 л сүт артық сауып, еңбек тақтасынан есімі түскен жоқ.
Ауылымыздан шыққан беделді-лауазымды азаматтар да баршылық. Соның бірі — кешегі Кеңестік заманда зоотехник мамандығынан облыстың бірінші хатшысына дейін өсіп, еңбегі бағаланып қызмет істеген Мәркен Ахметбеков.
1991 жылы Қаратал ауылы жеке шаруашылық қожалығы Ибраев кеңшарынан бөлініп шықты. Қазіргі кезде шаруашылықты М. Үмітбаев басқарып отыр. Ауылымызда орта мектеп, клуб, кітапхана, ФАП жұмыс істеп тұр.
Қаратал ауылы жаңа өмірде жаңа талапқа байланысты қатардан қалмай, жылдан-жылға көркейіп, өсіп-жаңарып келеді.