«Қаламы қарымды қаламгер еді»

2023 жылдың 14 қарашасы күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, дарынды журналист, ақын, прозашы Мәлік Мұқановтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Қаламы қарымды қаламгер еді» атты еске алу кеші өтті.
Кешті белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген журналисі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат жүргізді.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Мәлік Мұқановпен бірге қызметтес болған әріптестері, достары, туған-туысқандары, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты.
Еске алу кешіне жиналғандар қаламгердің мағыналы ғұмыры, азаматтық қасиеттері, шығармашылық мұрасы, өр мінезі, ұлтжандылығы туралы әсерлі әңгіме өрбітті.
Алғашқы болып сөз алған Мәлік Мұқановтың жиені, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Болат Сағындықов Мәлік Мұқановтың бала кезінен-ақ батыл, турашыл болғанын айта келіп, Петропавл қаласындағы бір көшеге оның аты берілсе деген ұсынысын айтты, оны жиналған қауым қолдады. Одан кейін сөз алған сыныптасы, оқу –ағарту ісінің үздігі Қымбат Исманова мектепте оқығанда да оның ерекше зерек оқушы болғанын, әдебиетті сүйіп оқығанын баса айтты. Әріптестері — белгілі журналистер Нұрсайын Шәріп, Қошан Қали оның шыншыл да өткір журналистігіне, әділдік үшін бар жанын аямайтындығына тәнті болғандарын, бір шоғыр шәкірттерін өзі сияқты адалдыққа, кісілікке, кішілікке, азаматтыққа тәрбиелегенін тілге тиек етті. Ұлттық өнеріміздің жанашыры Тойкен Күдерова Мәлік ағаны көзі тірісінде көргеніме мақтанамын дей келе, оның таланттарды үнемі қолдап жүргенін сөз етті. Келесі сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов, заңгер Қайрат Дүйсенбі, педагог Балдырған Ілиясов Мәлік Мұқановтың облыстық мәслихаттың екі рет депутаты болып сайланғанын, ел тәуелсіздігінің орнығуына зор еңбек сіңіргенін, егемендіктің алғашқы жылдарында облысымызда ұлттық білім ордаларының бой көтеруіне атсалысқанын, Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектебінің, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның ашылуына көп еңбек сіңіргенін жан-жақты әңгімеледі. Кешімізге Мәлік ағаның баласы Арман Мәлікұлы, келіні Динара Сайранқызы, немересі Жанай Арманұлы, құдағиы Сәуле Нығметжанқызы қатысып сөз сөйледі, шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Шараға барысында Мәлік Мұқанов туралы фильм көрсетілді. Шараға қатысушылар «Ұлтым деп туған азамат» атты кітап көрмесін тамашалады.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Коворкинг #ПарасатЖолы #Мейкерспейс #Информация #Чтение #Книги