Алқаағаш ауылының тарихы

Біздің ата- бабаларымыз жоңғарлармен қиян – кескін соғыс жүргізіп, Бурабай өнірлерін жаудан азат еткен. Жорық жолында Көкшетау жанындағы Азат станциясы маңында бірнеше жыл тұрып, сол жерде аты бүкіл қазаққа әйгілі Шал ақын (Тілеуке) Құлекеұлы  дүниеге келді.

Есіл өңіріне батыр бабаларымыз 1749-1750 жылдары келіпті. Бұған айғақ — орыс мұрағаттарында құжатта Тілеке, Құлеке батырлар 1750 жылы Есіл жағалауында жүріп жатыр деп көрсетілген. Есілдің екі бетін, Бағанаты жерін жаудан тазартып, соңына ерген елді Есілдің ну тоғайлы, шүйгін шөпті, жанға жайлы жеріне орнықтырған батырлар, өздері қалған жауды қуып, Көкшетаудың бұрынғы Рузаев ауданының арғы бетіне дейінгі жерді жоңғарлардан азат етті. Жонғарлар толық жеңіліп, ел бейбіт өмірге көшіп, ежелгі салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен өмір сүрді. Негізі  жартылай көшпелі болып жайлауға Тимирязев, Костанай облысының солтүстік өңіріне барған, қалғаны жатақ аталып, егіншілікпен айналысып, қалған үйлерді тонаудан қорғаған. Абылай хан қайтыс  болғасын баласы Уәли хан басқарды. 1822 жылы хандық патша бұйрығымен жойылғаннан кейін, 1823 жылы Петропавл округі құрылып, бабаларымыз соған қарады. Кейін Көкшетау округіне Бәйімбет болысы болып кірдік. 1890 жылы бейбіт, дәулетті өмірдің шырқы бұзылды. Орыс шаруалары (негізі украидар) көшіп келіп, 1890 жылы Марьевка, кейін Сергеевка, Новопокровка, Соколовка мекендерін салды. Орыс шаруаларының келуі бабаларымыздың өрісін тарылтып, шаруашылық дәулетті бұзып, орасан қайғы – қасірет әкелді.

1917 жылғы оқиғалар өзгеріс әкелген жоқ, азамат соғысы кезінде ақ та, қызыл да елді ойрандап, адам шығыны болды. Ауылдың тұнғыш коммунисі Мұқан Бексейітұлы елді жаудан қорғап, біраз жаудың көзін жояды. Мұқан батыр 1921 жылы ақпанда хас батырша ел үшін қаза тапты.

Бабаларымыз бөлініп алты жұрт болып тұрған:

1. Ойдағы  Тілеке

2. Қырдағы Тілеке

3. Көшек

4. Бурабай

5. Шоң

6. Тұрлығұл, Қарабас.

1929 жылы бірігіп «Алқа ағаш» ұжымшарын құрды. Ауылдың аты одаққа танылып, ерен еңбегі үшін 1- дәрежелі алтын медаль, ЗИМ женіл машинасы, ақшалай сыйлық берілді.

Ұлы Отан соғысына ауыл жігіттері түгел қатысып, жартысы ерлікпен қаза тапты. 1950 жылдың тамыз айы мен 1957 жылдың ақпан айы аралығында – Алқаағаш, Қаратал «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы ұжымшары болды. 1957 жылғы ақпаннан «Заря» кеңшары, кейін «Заря»  ұжымдық шаруашылығы құрамында келді.