Ақсу ауылының тарихы

Ақсу ауылы Кіші Торанғұл көлінен 8-10 шақырым Солтүстік күнбатысқа қарай орманды-далалы алқапта орналасқан. Жері қара топырақты.

Ақсу ауылының тұрғындары Атығай руына жатады. Одан Есенгелді, Есенгелдіден Байжан, Тама, Тоқай, Қоңыр, Бабасан, Жоныс, Телеу тарайды. 1919-1920 жылдардан ата-атаға бөлініп, жеке-жеке ауыл болып отырықшыл өмір сүрген. 1928 жылы колхоздастыру кезінде Исаев МТС-іне қараған.

Негізінен, Ақсу ауылының іргесі 1931 жылы қаланған. Суы мол, тұщы, татымды болуынан да Ақсу аталуына негіз бар. Сол жылдары осы Ақсу ауылында 900 га  жақын егін егетін жері болған. Ауылды сол кезде Құсайынов Сағди деген кісі басқарған.

1936 жылы  елді Қанапин Баян басқарған. Ол кісі Ұлы Отан соғысына кеткенде, елді Көктерек ауылының тумасы Тоқпетов Қабдырахман деген азамат басқарған. 1941-1945 жылдары ауылдың ер азаматтары Ұлы Отан соғысына аттанып, ауылда жасы үлкен ақсақалдар, әйел, бала-шаға қалып   еңбек еткен. Сол соғысқа кеткен ер азаматтардың жартысы соғыста ерлікпен қаза тауып, қалған ер азаматтар елге оралып, ауылымыздың көркеюіне ат салысқан.  Олар майдангер ағаларымыз: Жаукенов Ғаббас, Құсайынов Сағди, Қанапин Баян, Жылқайдаров Сәлік, Сайдалин Қойшыбай, Есмағұлов Есім, Омаров Дайрабай және т.б.

1950 жылы Ақсу – Жаңасу ұжымшары тарап, оның орнына жаңадан Қызыл-ту ұжымшары құрылған. Осы колхоздың орталығы Ақсу ауылы болған. Сол кездегі ауылдың кәсібі — егін егіп, мал бағу. Елді сол кездері Бүтінбаев Батай деген кісі басқарған. 1957 жылы Қызыл-ту ұжымшары таратылып, Ақсу ауылы сол жылы ақпан айында құрылған Новопокровка кеңшарының қарамағына бөлімше ретінде кірді. Сол кезде Ақсуда 5-6 мың гектар жері болған, егін себетін.

Ауылды сол жылдары Қанапин Қайролла, Ғабдуллин Б., Абишев Қажығали, Асылбеков Мереке деген кісілер басқарған. Новопокровка кеңшарына қараған кезде Ақсу ауылында үлкен-үлкен құрылыс жұмыстары жүрді. Ауылға дүкен, селолық клуб, мектеп, монша, кешенді ферма салынды.

1979 жылы 9 маусым күні Ақсу, Жаңасу, Еңбек ауылдары Новопокровка кеңшарынан бөлініп, өз алдына кеңшар құрды. Сол кездері ауылды Мұхамедьяров Тілеужан басқарған. Ақсудың 4600 гектар жері болған.

Біздің ауыл өзінің Ленин ордені иегерлері: сауыншы Сәдуақасова Күлбарам, егіс бригадасының бригадирі Мұхамедьяров Тілеужан деген еңбекқор адамдарымен мақтана алады. Сол кездері Сәдуақасовтар әулеті де аудан, облысымызға өздерінің еңбектерімен әйгілі болған. Механизаторларымыз Мусин Қабиден, Мужикенов Қабол, Есмағамбетов Аманжол ағаларымыз да ерен еңбектері үшін мемлекеттік наградаларға ие болған.  Ауылымызда мектеп, дүкен, кітапхана, клуб, монша – бәрі де халық үшін жұмыс істеген.

Мектебіміз 1934-35 жылдардан бастауыш мектеп болып жұмыс істеген. Ең алғаш мұғалім болып Уәли деген кісі істеген. 1950-51 жылдары жеті жылдық мектепке ауысқан. Бірінші директор болып Әбілмәжінов Ғазез тағайындалған. 1962-63 жылдарынан Ақсу сегіз жылдық мектебі болды. Директоры болып Тайжанов Кәләу деген кісі тағайындалған.

1950 жылдан бері селолық кітапхана да жұмыс істеп келеді. Сол жылдардан бастап алғашқылары болып Сәдуақасов Жолаушы (Шортай ауылының тумасы), Жолдығарин Асайын, Ахметов Көбеген, Мүсенова Зураш кітапхана меңгерушісі қызметін атқарған.

Ауылымыздың мәдениет ошағы болып келген клубымыз да жақсы жұмыстар істеген. Жастар мерекелік кештер ұйымдастырып, көрші ауылдарға концерттік бағдарламалармен баратын.

2005 жылы Ақсу ауылында бұрынғысынша мектеп, кітапхана, клуб, дүкен, ФАП жұмыс істеді.

Ауылда 64 отбасылы үй бар. Халықтың саны – 281 адам.

Халықтың тұрмысы жақсы. Ақсу ауылының халқы егін егіп, мал-құс өсіріп, еңбек етіп өмір сүріп жатқан жайы бар.