1 желтоқсан – ел тарихындағы елеулі күн. 1991 жылғы 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып сайланды. Арада 20 жыл өткен соң, 2011 жылдың желтоқсанында 1 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні болып белгіленді. 2012 жылдың 1 желтоқсанынан бері бұл күн мемлекеттік мереке деңгейінде тойланып келеді. Биыл еліміз тоғызыншы рет Тұңғыш Президент күнін атап өткелі отыр. Бүгін кітапханада осы мерекенің қарсаңында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.И.Елеусізов, белгілі жазушы, журналист Ж.Б. Самрат және заң ғылымдарының кандидаты, «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинетінің жетекшісі Г.Н.Мұсабаеваның қатысуымен «Жаһандық ауқымдағы тұлға феномені» тақырыбында сұхбат алаңы өтті.
Жүргізуші алдымен мерекенің шығу төркініне қысқаша шолу жасап, алғашқы сөз кезегін Г.Н.Мұсабаеваға берді. Г.Нұрмұқанқызы Елбасының тәуелсіздігімізді нығайтып, елдігімізді дамыту жолындағы тәуекелі зор, батыл қадамдарына тоқталып өтті. Бұл мерекенің мәні мен маңызы, Елбасымыздың еліне сіңірген ерен еңбегі мен елді дамытудағы сара жолын болашақ ұрпаққа дәріптеу жайында Ескендір Исмақұлы ой өрбітті. Ал белгілі журналист Жақсыбай Самрат Елбасымен шет елдерге қызметтік сапарлары барысында аңғарған адами қасиеттері, оның қарапайымдылығы мен еліміз үшін қобалжыған сәттерінен жылы естеліктерімен бөлісті. Сұхбат соңында қонақтар кітапхана оқырмандарын келе жатқан мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.