«Тіл – ұлт бірлігі» — «Язык – единство нации»

2024 жылдың 5 қыркүйегі күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне арналған «Тіл – ұлт бірлігі» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Шараға «Аманат» партиясының, зиялы қауым, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, ақын-жазушылар, 6637 әскери бөлімнің сарбаздары, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері, Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Шараны С.Мұқанов атындағы ОӘҒК-ның қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінің басшысы Майра Әшімова мен оқу залының кітапханашысы Әсел Шайхислямова жүргізіп отырды.
Алғашқы болып сөз алған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов қазақ тілі – ең бай, ең көркем тіл, қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу мәнері сұлу, ерекше тіл дей келе, тілдің ұлт, ел үшін алар орны ерекше екеніне тоқталды.
Ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марал Оспанова өзінің Тілге арнаған өлеңдерін мәнерлеп оқып беріп, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге басымдық беру қажеттігіне тоқталды. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін көтеруіміз қажет екенін баса айтты.
Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімі басшысының 1-ші орынбасары полиция полковнигі Жайлау Бекмырза жиналған қауымды Тілдер мерекесімен құттықтап, ана тілімізге деген құрмет ерекше болуы керек, ана тілімізді дүние жүзіне паш етуіміз қажет ,- деді.
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов ұлттық тілімізді, ұлттық қасиетімізді сақтауымыз керек, ана тіліміздің қадір-қасиетін өзіміз білуіміз, насихаттауымыз керек, қазақ елінде, қазақ жерінде басқа ұлт өкілдері біздің тілімізді сыйлауы керек, — деді.
Дәстүрлі әнші Абылайхан Ақмағамбет Ақан серінің әні «Маңмаңгерді» өте тамаша орындап беріп, жиналған қауымның қошеметіне бөленді.
Кеш барысында «Русская община Казахстана» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Тамара Родная орыс тілінің тарихы, маңызы туралы баяндады. «Звонница» ансамблінің орындауында орыс тілінде әндер шырқалды.
«Дуслык» татар ұлттық- мәдени орталығының өкілі Зулейха Бикметова татар тілі туралы айтып, татардың атақты ақыны Ғабдолла Тоқайдың өлеңдерін оқып берді.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманжол Зағыпар «Тілім қайда?» атты өлеңін оқып берді.
6637 әскери бөлімінің сарбазы Бекжан Қазбек М.Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін оқып беріп, Әбдіжаппар Әлқожа, Төреғали Төрәлінің «Біз қазақтың баласы» әнін тамаша орындап берді.
СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының тергеушісі Жансая Сәлім Ахмет Байтұрсыновтың «Ардақта, ана тіліңді» атты монологын оқып берді.
Халықаралық қатынас тілі – ағылшын тілі. Шетел тілдері орталығының оқытушысы Ольга Петрова Шетел тілдері орталығының жұмысы туралы баяндады.
Шараға жиналғандар «Тіл – қоғамның рухани тірегі» атты кітап көрмесін тамашалады.