«Құрметке лайық азамат»

2024 жылдың 22 мамыры күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жерлесіміз, жазушы, заңгер Мөртай Қосшығұловтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Құрметке лайық азамат» атты еске алу кеші өтті.
Кешті осы кітапхананың қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінің басшысы Майра Әшімова жүргізді.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың оқушылары мен мұғалімдері, «Асыл мұра» орталығының қызметкерлері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Алғашқы болып сөз сөйлеген белгілі жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат жерлесі, жазушы, заңгер Мөртай Қосшығұловтың өмірбаяны мен облысымызда, республикамызда атқарған қызметіне, шығармашылығына жан-жақты тоқталды.
Келесі сөз сөйлеген Мөртай Қосшығұловты көзі тірісінде көрген Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Серікбай Құсайынов естелігімен бөлісті, оның өзіне көрсеткен қамқорлығын, азаматтық, адамгершілік қасиеттерін тілге тиек етті.
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов Мөртай Қосшығұловтың балалық, жастық шағы ел басындағы қиын күндерге дөп келгенін, орта мектепті бітіре сала 1941 жылы колхозда жұмысқа кірісіп, есепші болғанын, 1942 жылы 18 жасында әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысып, қатардағы жауынгерден застава бастығының орынбасарына дейін өскенін, соғыс аяқталса да ол әскери қызметін жалғастырғанын, кейін С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Ұлттық) заң факультетін бітіріп, адвокат болып қызметін бастап, еңбекқорлығының, терең білімінің арқасында облыстық соттың халық судьясы, кейіннен Қазақстанның Жоғарғы сотына дейін қызметке жоғарылағанын жас ұрпаққа үлгі етіп айтып берді.
«Асыл мұра» орталығының қызметкері, өлкетанушы Дәстен Баймұқанов Мөртай Қосшығұловтың ата-тегіне, шежіресіне, тоқтала келе, Тауағаш ауылынан шыққан зиялы, білімді адамдар туралы баяндады.
Шараға қатысушылар «Шынайы суреткер» атты кітап көрмесін тамашалады.