Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың туғанына 85 жыл (тікелей эфирге сілтеме). Заңғар жазушы, үлкен саясаткер, философ, шешен, талантты суреткер, маңғаз Маңғыстаудың тумасы Əбіш Кекілбаев ғибраты мол ғұмыр кешті. Қазақ ұлттық университетінде тəлім алды. Мұхтар Əуезовтің алдында студент болып бес жыл дəріс тыңдады. Еліміздің мəдени-рухани өміріне белсене араласты. КСРО ыдыраған тұста тəуелсіз Қазақстанның ірі қоғам, мемлекет қайраткерлерінің алдыңғы легінде белсенді қызмет істеді. Жалпы, саясаткер Кекілбаевты суреткер Кекілбаевтан бөле-жара қарауға болмайды. Ол екі саланы да қатар ұстады. Ә.Кекілбаев қазақ əдебиетінде прозашы болып танылғанмен, поэзия, проза, драма, сын, публицистика, аударма жанрларының бəріне бірдей үлес қосқан қаламгер.
«Үркер» мен «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры», «Шыңырау», «Бəйгеторы», «Ханша-дария хикаясы», «Күй» сияқты прозалық туындылары арқылы ел өмірінің зəру мəселелерін көтерді. Драматургия саласында «Абылай хан» атты дəуір шындығын бейнелейтін пьеса да жазды. «Алтын шуақ» (1962), «Дүние ғапыл» (1999) деген өлеңдер жинағымен де танылды. Оның əлем əдебиетінен тəржімалаған драмалық туындылары қазақ театрларында ана тілінде сөйлеп, көпшілік көрерменнің ыстық ықыласына бөленген. Оның өз шығармалары да әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Ə.Кекілбаев қазақ əдебиеті сынының қалыптасып, дамуына да біршама үлес қосты.
Оның поэзия жанрындағы алғашқы ізденістерінен бастап, соңғы жылдары жазылған сыршыл лирикасы, əңгіме, повестері, романдары қазақ халқының кешегі, бүгінгі өмірі жайында терең сыр шертеді.