«Ұлт жүрегіндегі ұлық мереке»

2025 жылғы 23 қазанда Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Республика күніне орай «Ұлт жүрегіндегі ұлық мереке» атты сұхбат алаңы өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Кездесудің мақсаты – ұлттық мерекенің тарихи маңызын түсіндіру, еліміздің егемендік жолындағы маңызды кезеңдерін еске алу, отансүйгіштік сезімді нығайту және өскелең ұрпақтың бойында ел тарихына деген құрметті қалыптастыру.

Іс-шараның модераторы – жазушы, журналист, республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат.

Сұхбат алаңына құрметті азаматтар, білім беру және мәдениет саласының өкілдері, дінтанушы маман, жастар ұйымының қызметкері және кітапхана оқырманы қатысты. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Тлек Абдрахманов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының жалпы білім беру пәндері кафедрасы бастығының орынбасары, майор Бахыт Калиев, Солтүстік Қазақстан облысының мәдени-тарихи мұраны қорғау орталығының директоры Әли Тұрысов, облыс әкімдігінің Дін істері басқармасына қарасты Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының сарапшы-дінтанушысы Елизавета Березина, кітапхананың абонемент бөлімінің жетекшісі Қайыржан Қазезқызы Маликова, Солтүстік Қазақстан облыстық Жастар ресурстық орталығының маманы, волонтерлік фронт-офисінің үйлестірушісі Арам Сайдлер және кітапхана оқырманы Мөлдір Кстаубаева болды.

Кездесу барысында 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның тарихи маңызы кеңінен сөз болды. Қатысушылар Республика күнінің ел тарихындағы орнына, Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасу кезеңдеріне және ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығына тоқталды.

Similar Posts