«Бейсен және болмыс» кітабының тұсаукесері
2022 жылдың 24 тамызы күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Бейсен және болмыс» кітабының тұсаукесері өтті.
Шараға ақындар, мәдениет саласының қызметкерлері, мұғалімдер, жастар, кітапхана оқырмандары қатысты.
Шараны ақын, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Самрат Құскенов жүргізді.
Шара Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншілері Абылайхан Ақмағамбеттің орындауында Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнімен, Нариман Жолдасбековтің орындауында Тәттімбеттің «Саржайлау» күйімен, Қазақ Ұлттық өнер университетінің 3 курс студенті Ерасыл Алпысбайдың орындауында Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұл» әнімен ашылды.
Ақындар Аманжол Зағыпар мен Самрат Құскенов өздерінің Бейсенге арнаған арнау өлеңдерін оқып берді.
Тұсаукесер рәсімін «Асыл мұра» орталығының қызметкері Сағындық Салмұрзин, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры Біржан Жалғасбаев, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жанат Мұхамеджанов, ақын Аманжол Зағыпар жасады.
Алғашқы болып сөз сөйлеген «Отбасы хрестоматиясы» қорының директоры Бағдат Құдияр «Отбасы хрестоматиясы» жобасының шығу тарихы туралы, атқарып жатқан жұмыстары, болашаққа жоспарлары туралы айта келіп, «Бейсен және болмыс» кітабының әсіресе бала тәрбиесіне пайдасы зор, Бейсеннің таңғажайып ерліктері туралы кітап екеніне тоқталды.
Келесі сөз сөйлеген «Отбасы хрестоматиясы» жобасының және «Бейсен және болмыс» кітабының авторы Санжар Керімбай белгілі журналист, танымал тележүргізуші болған Бейсен Құранбекпен алғаш рет қалай танысқанын, сол кезден бастап, оның өмірінің соңына дейін жақын қарым-қатынаста болғанын, осы жобаны жүзеге асыруға көп көмегі тигенін, оның таза, адал, ашық, сенімді, жауапты, адамгершілік қасиеттері зор адам болғанын әсерлі баяндады.
Ардагер ұстаз Ғалия Өмірбекова кітап туралы өз пікірімен бөлісіп, өте құнды еңбек екенін баса айтты.
Шара барысында Бейсен туралы видеоролик көрсетілді. Қатысушылар «Отбасы хрестоматиясы» баспасынан басылып шыққан кітаптардың көрмесін тамашалады.