2024 жылдың 16 қазаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына арналған «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Іс-шараға ақын-жазушылар, «Аманат» партиясының өкілдері, ҚР Ұлттық ұланы академиясының оқытушылары, СҚО полиция департаментінің қызметкерлері, мұғалімдер, студенттер, оқушылар, кітапхана оқырмандары қатысты.
Іс-шараны белгілі жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат пен С.Мұқанов атындағы ОӘҒК-ның іс-шараларды ұйымдастырушысы Елена Скакунова жүргізіп отырды.
Кеш музыка пәнінің мұғалімі Думан Жиенбаевтың орындауындағы Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен басталды.
Шара барысында Сәкен Сейфуллиннің ерлік күреске толы өмір жолы, елімізге сіңірген еңбегі, шығармашылығы, қазақ әдебиетін барлық жанр жағынан ілгерілетіп, қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушы ретіндегі орасан зор қызметі жайлы терең сөз болды.
Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық мұрасы өте бай. Алғашқы болып М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің аға оқытушысы, филология магистрі Жазира Көкбас «Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығы туралы» баяндама жасады.
Одан кейін сөз алған ҚР Ұлттық ұланы академиясының оқытушылары – Венера Зейнина «Сәкен Сейфуллиннің прозасы» тақырыбында, Шәкірбаева Жадыра «Сәкен Сейфуллиннің драматургиясы» тақырыбында баяндама жасады.
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Абилова «Сәкен ағын жырдың дариясы» тақырыбында, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлназ Зейнолова «Сәкен Сейфуллин шығармашылығының мектеп бағдарламасындағы орны, оқытылуы, тәрбиелік мәні туралы» сөз қозғады.
Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №2 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тамара Орлова «Сәкен Сейфуллин – ақын, публицист, этнограф» деген тақырыпта орысша баяндама жасады.
1927 жылы Сәкен Сейфуллин салдырған, күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған облысымыздың Тайынша ауданындағы Аймақ орта мектебінің тарихы, қазіргі жай-күйі туралы кешімізге арнайы келген осы мектептің директоры Ораз Құттықожа баяндады.
Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасынан үзіндіні СҚО полиция департаментінің қызметкері Серік Әбілғазынов, «Сағындым» өлеңін СҚО полиция департаментінің қызметкері Абылайхан Өмірзақ, №8 эстетикалық бейіндегі орта жалпы білім беретін мектеп-кешенінің оқушылары – Альбина Шаштаулетова «Там, где мы простились», Николай Сокирко «Поэт» атты өлеңдерін оқып берді. Смағұл Сәдуақасов атындағы №2 орта мектептің оқушылары – Дана Баскенова «Тоска», Вячеслав Окованцев «Брату» атты өлеңдерін оқып берді.
Шараға қатысушылар «Әдебиетіміздің ажары» атты кітап көрмесін тамашалады.