«Қазақ руханиятының қос қыраны». «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында

Биыл «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының аясында жазушы Тәкен Әлімқұлов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің кітаптары таңдалды. Бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада акция аясында «Қазақ руханиятының қос қыраны» деген тақырыпқа тікелей эфир өтті (эфирге сілтеме). Эфирде қаламгерлердің өмірі мен шығармашылығына шолу жасалды.

Тәкен Әлімқұлов (1918–1987) — 22 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген. Әдебиеттегі қадамын ақындықтан бастаған. Алғашқы өлеңдер жинағы «Сапар» 1950 жылы жарық көрді. Әдебиеттегі жолын ақын болып бастаған Тәкен Әлімқұлов проза, сын жанрына да қалам тартты. Жазушы шығармаларының негізгі тақырыбы ауыл тіршілігі, адам тағдыры, өнер қайраткерлерінің өмірі. Абай Құнанбаев туралы «Жұмбақ жан» (1978) атты зерттеу еңбегін жазды. Сондай-ақ күйші Сүгірді, дауылпаз Махамбетті, Ақан серіні, қобызшы Ықыласты, шертпе күйдің шебері Тәттімбетті шығармаларына арқау еткен. Аударма саласында да елеулі еңбек етті.

Жұмекен Нәжімеденов (1935-1983) — 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келді. Алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» атпен 1961 жылы жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ақынның көптеген өлеңдер мен поэмалар жинақтары жарық көрді. Қаламгер проза жанрында да қажырлы еңбек етті. Оның қаламынан «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «»Даңқ мен дақпырт» (1977) атты романдар жарық көрді. Ж.Нәжімеденов аударма саласында да еңбек етті. Жұмекен Нәжімеденов Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы. «Менің Қазақстаным» әні оның шығармашылық жолының басында, ақынның 21 жасында жазылған. «Менің Қазақстаным» әні елдің мемлекеттік әнұраны сипатында алғаш рет 2006 жылдың 11 қаңтарында орындалды.

Баршаңызды жыл кітаптарын оқуға Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханаға шақырамыз.