«Адамзат тағдырының жыршысы»

2024 жылдың 22 қазаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Адамзат тағдырының жыршысы» атты әдеби кеш өтті.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мұғалімдер, студенттер, кітапхана оқырмандары қатысты.

Іс-шараны белгілі жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншіеті тілшісі Жақсыбай Самрат ашып, жүргізіп отырды.

Шара барысында алғашқы болып Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлназ Зейнолова «Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірі мен шығармашылығы» тақырыбында баяндама жасады.

Одан кейін сөз алған С:Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әсем Жақыпова «Қан мен тер романындағы көтерілген мәселелер» тақырыбында баяндама жасап, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ең танымал туындысы «Қан мен тер» трилогиясына жан-жақты талдау жасады.

Кәсіби-педагогикалық колледждің оқытушысы Бота Балғарина Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңғы шығармасы «Соңғы парыз» кітабы туралы бірер сөз» тақырыбында өте мазмұнды да мағыналы баяндама жасады.

Кешімізге ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов, кітапхана оқырманы Бейсен Құлшықов қатысып, Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы ой-пайымдауларын білдірді.

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актері Дүйсехан Қасым Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романынан үзіндіні өте тамаша нақышына келтіріп оқып берді.

Әдеби кеш жас оқырмандарға Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық әлеміне терең үңілуге мүмкіндік беріп, оның шығармаларымен танысуға ықпал етті.

Шараға қатысушылар «Қарымды қаламгер» атты кітап көрмесін тамашалады.