Жаңа түскен кітаптарға шолу

2024 жылдың 9 қазаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында тікелей эфирде «Жаңа түскен кітаптарға шолу» жасалды (эфирге сілтеме).

Шолуды осы кітапхананың бөлім басшысы Майра Әшімова жасады. Осы жолы шолуда біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда өмір сүрген, грек тарихшысы, бүкіл әлемде «тарихтың атасы» аталып кеткен Геродоттың «Тарих» (І және ІV кітап) атты кітабы таныстырылды, кітапта негізінен ежелгі Элладаның тарихы жазылғанымен, сол дәуірлердегі алыс-жақын елдердің тыныс-тіршілігі туралы мәліметтер де жинақталған, қазақ елінің түп атасы болып есептелетін скиф, массагет, савроматтар жайында 1-ші және 4-ші кітаптарында баяндалады, жалпы «Тарих» кітабы тоғыз кітаптан тұрады. Кітап бабалар тарихына қызығушылық танытатын барша оқырмандарға арналады.

Келесі таныстырылған кітап: Жүсіп Баласағұнидың «Құтадғу білік» еңбегі Карахан дәуірінде 1069 жылы жазылған. Шығарма – халқымыздың сол дәуірдегі мәдениеті мен өмір салтынан, дүниетанымы мен көркемдік ойлау жүйесінен, ең бастысы, ел басқару дәстүрі мен ондағы қағидаларынан хабар беретін құнды әдеби жәдігер. Бұған дейін «Құтадғу біліктің» қазақ тілінде өлең түрінде және жолма-жол 4 аудармасы жарық көрді. Бұл кітапта Жүсіп Баласағұнидың шиеленіске, тартысқа толы шығармасының оқиға желісі сақтала отырып, прозаға айналып, әңгіме күйінде беріледі. Кітап түркі дүниесіне ынтызар жалпы оқырманға, сондай-ақ білім, ғылым, мәдениет саласының мамандарына, білім алушылар мен ғалымдарға арналған.

Публицист-жазушы Айтбай Сәулебековтің «Жанымның жарты бөлшегі» атты жыр жинағы, Шал ақынның 275 жылдығына арналған «Ақындардың атасы» атты энциклопедиялық жанрдағы тарихи-танымдық кітабы, Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» атты кітабы, Сағындық Ордабековтің «Беймаза дүние» атты жинағы, фантастика жанрының әлемге әйгілі өкілдерінің бірі, ағылшын жазушысы Герберт Уэллстің «Көрінбейтін адам. Уақыт машинасы» романдары таныстырылды.