«Өмір мен өлең» — Марфуға Айтхожинаның 85 жылдығына

Бүгінгі ақын Марфуға Айтқожинаның 85 жасқа толуына орай, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ақын, журналист, М.Қозыбаев атындағы СҚУ оқытушысы Күлайхан Рахметқызының қатысуымен «Өмір мен өлең» тақырыбына тікелей эфир өтті.

М.Айтхожина 1936 жылы 25 тамызда дүниеге келген. Ол поэзия әлемінде өзіндік үн, өзіндік сыр, өзіндік бояу, ажары бар, сырлы да нәзік өлеңдерімен оқырман қауымын елең еткізіп, жырмен тербеп жүрген, есімі республикаға танымал дарынды ақындарымыздың бірі. Ақын өлеңдерінің тақырыбы сан алуан.

Тікелей эфирде Күлайхан Рахметқызы ақынның қазақ әдебиетінен алатын орнына тоқталып өтіп, өлеңдеріне талдау жасады. Ақын өлеңдерінің жас ұрпақты ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке баулитынын баса айтты. Ақынның «Бір уыс топырақ» өлеңінің жазылу тарихына шолу жасап, бұл өлеңнен ақынның туған жеріне деген шексіз махаббаты сезілетінін аңғартты. Марфуға – тағдырлы ақын. Кеңес өкіметі кезінде әкесі қуғынға ұшырап, ақыры бас сауғалап Қытай асып, тағдыр жазуымен Марфуға Айтхожа Шыңжаң өлкесінде Құлжа қаласында дүниеге келеді. «Бір уыс топырақ» өлеңінде сағыныштың зары бар. Туып өскен елі мен жерін елжірей сүйген сезімтал жүрек лүпілі бар. Атақонысқа қайта оралғанда әкесінің топырақты құшып жылағанын көріп толқыған ақын жүректің тебіренісі бар.

Эфирдің соңында Күлайхан Рахметқызы кітапханаға өзінің «Еркелет мені» атты жыр жинағын тарту етіп, «Қасиетті Қызылжар» атты толғауын оқып берді.


#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Информация #Мероприятия #Книги #Чтение #Коворкинг #ПарасатЖолы #Мейкерспейс #ГодДетскойЛитературы