Кітапханаға тарту

Жазушы, драматург Баянғали Әлімжановтың небір тарлан таланттардың бесігі болған қасиетті Қызылжар топырағын өзі дүниеге келген киелі Көкшетау өңірінен бөле-жарған кезі жоқ. Оған Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен әдеби шара барысында тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық. Жазушы мәдениет ордасына Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Сказ столетнего степняка» атты кітабын тарту етті.

Бүгінге дейін оқырман қауымға қырыққа жуық еңбегін ұсынған автордың бұл туындысы орыс тілінде жарық көрген. Кітапқа енген әрбір шығарманың айтары бар. Мәселен, «Разрешите жить!» повесіне жүз жасқа келген қарияның қилы өмірі, арман-тілегі, ішкі қайшылығы арқау болған. Ол өзінің қимыл- әрекеті арқылы оқырманды ешкімге зиян тигізбеуге, адал өмір сүруге шақырады. Ал «Доброжелательный Аскар», «Мальчик, победивший Джалмауз» ертегілері жас оқырманның көкейіне өмірге құштарлық, мейірімділдік сияқты қасиеттер ұялатады. «Бұл еңбектерім — ұзақ жылдан бері көз майымды тауысқан жұмысымның жемісі. Оқырманның кәдесіне жараса жазушы үшін одан асқан бақыт жоқ», — деді Баянғали Әлімжанов.

Шараға жиналған зиялы қауым өкілдері мен жастар қаламгердің шығармашылығына терең үңілді. Ол шалқар шабытпен жырлаған қырғыз халқының мақтанышы — «Манас» дастанының кіріспе бөлімін жұртшылық  жылы қабылдады.

 

Нұргүл ОҚАШЕВА, «Soltustik Qazaqstan«


Оқашева Н. Кітапханаға тарту. / «Soltustik Qazaqstan«. -№13.-5 aqpan.-2019 jyl.-8 bet.