Зікібаев Есләм

ЗІКІБАЕВ Есләм (5.6.1936, Солт. Қазақстан обл. Есіл ауд. Өрнек а. — 2002, Алматы қ.) — ақын. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. ҚазМУ-ды бітірген (1961). Еңбек жолын “Қазақстан пионері”, “Социалистік Қазақстан”, “Жетісу” газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып бастаған. 1973-84 ж. Қазақ КСР Баспа, кітап саудасы және полиграфия ісі жөніндегі мемл. к-тте жұмыс істеген. “Жалын” және “Жазушы” баспаларында редакция меңгерушісі, “Кітап жаршысы” газетінің Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиет насихатшылары бюросының директоры болды. Кейінгі жылдары “Ақиқат” журналының бөлім меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі. “Ақ қайындар”, “Аққу-арман”, “Мен — космонавтпын”, “Жизнь-птица”, “Адамдарға сенемін” (орыс тідінде), “Ақбұлақ”, “Белая гладь”, “Ақ елес”, “Алтын шұғыла” поэзиялық кітаптары жарық көрген. Солт. Қазақстан обл. Есіл ауд-ның құрметті азаматы. 3-тың лирикасы орыс және басқа да алыс-жақын шет елдердің тілдеріне аударылған.

Б.Мұстафин