Желтоқсан оқиғасы туралы «Бітеу жара» кітабының авторы Жақсыбай Самратпен онлайн кездесу

2021 жылдың 15 желтоқсаны күні сағат 15.00-де Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында тікелей эфирде белгілі жазушы, журналист, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі, Президент Грантының иегері, Мәдениет қайраткері желтоқсан оқиғасы туралы «Бітеу жара» кітабының авторы Жақсыбай Самратпен онлайн кездесу өткізілді.

Бұл онлайн кездесу Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орайластырылып өткізілді. «Бітеу жара» кітабының авторы Жақсыбай Самрат өз сөзінде Желтоқсан оқиғасының шығу себептеріне тоқталып, осы «Бітеу жара» романын желтоқсан оқиғасын өзінің жүрегінен өткізіп, оған дейін жазылған, кітаптарды зерттеп барып 2000 жылы жазғанын, оған дейін мұндай әдеби роман жазылмағанын тілге тиек етті.
«Бітеу жара» романында елдікке ұмтылған саналы жастардың өршіл бейнесі жасалған. Қазақ халқының елдігі мен мемлекеттігінің қалыптасуындағы шешуші желтоқсан оқиғасында жекелеген адамдар мен типтік тұлғалардың атқарған ролін сипаттаған. Бұл кітаптың жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде маңызы зор.
Кездесу соңында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 2 курс студенті Қызғалдақ Бердімұрат талантты жас ақын Бақытбек Бекмұратұлының желтоқсан оқиғасы туралы «Жас жүректің жас арманы» атты өлеңін жатқа оқып берді.