Жұмағалиев Мұхамедия

ЖҰМАҒАЛИЕВ Мұхамедия (11.11.1950, Ғ.Мүсірепов ауд. Тендік а.) — ақын, журналист. ҚазМУ-дың журналистика ф-тін бітірген (1974). Еңбек жолын обл. “Көкшетау шындығы” газетінде кіші әдеби қызметкер бодып бастаған. 1974—88 ж. “Жазушы” баспасының редакторы, 1990—93 ж. “Қазақ энциклопедиясы” редакциясының аға ғылыми редакторы, 1993— 96 ж. “Өнер” баспасында, 1996—2001 ж. “Балауса” баспасының аға редакторы, Бас редакторы. 2002—2003 ж. “Қазақ энциклопедиясы” редакциясының жетекші редакторы. “Сырымды айтам”, “Гүлдәурен”, “Қанатым”, “Сағыныш саздары”, “Бақыты үшін басқаның”, “Сәлем айт, Көкшетаудың белесіне”, “Жанымның жапырағы”, т.б. поэзиялық өлеңдер жинағынын авторы. Армян жазушысы Х.Гюлназарянның “Нағыз жиһангез” атты әңгімелер жинағын, Л.Кривощековтің, В.Антоновтың, А.Разиевтің, Мен Ден Уктің өлеңдерін аударған. Ж. орыс, эстон, қарақалпақ поэзиясының антологиясын аударуға үлкен үлес қосқан. Ж-тің өлеңдері қазақстандық жас жазушылардың орыс тілінде шыққан “Разбег” өлеңдер жинағына енді. Жас ақындардың Бүкілодақтық VIII фестиваліне қатысқан (Ашхабад, 1975).

С. Қалуов