Тарихи кітаптар көрмесі

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласына арналған көрме өтті. Оған облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен оқырмандар қатысты.

Көрме “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында айтылған атқа міну, алтын адам, аң стилі, түркі әлемінің бесігі сияқты бөлімдерден тұрды. Қатысушылардың назарына Елбасының мақаласында көрсетілген бағыттардан сыр шертетін 300-ден астам кітап ұсынылды. Олардың қатарында Виктор Зайберттің “Ботай мәдениеті”, 50 томнан тұратын “Қазақ этнографиясы”, тағы басқа тарихи маңызы зор кітаптар бар.

Шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі тұрақты кеңестің төрайымы Сәуле Тахметова сөз алып, “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласының мақсат-міндеттеріне тоқталып, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы жайлы баяндады.

– Былтыр аға ұрпақ өкілдері Айыртау ауданындағы тарихи орындарға арнайы саяхаттады. Сапар барысында түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызды терең тануға мүмкіндік туды. Жастардың бойында ізгі сезімді қалыптастыруға ұлттық мұратты көздеген осындай шаралардың ықпалы зор деп ойлаймын, – дейді ардагер.

Көрме соңында қатысушылар үшін кітапханаға экскурсия ұйымдастырылды.

 

Индира ЖОЛДАЯҚОВА (М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті)


Жолдаяқова И. Тарихи  кітаптар көрмесі./ Soltustik Qazaqstan. — 12 qantar.- 2019 jyl. — №3. – 8 bet.