Танымдық сағат «Салт-дәстүр – ұлттық тәрбиенің негізі»

2021 жылдың 27 ақпаны күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тікелей эфирде «Салт-дәстүр – ұлттық тәрбиенің негізі» тақырыбында танымдық сағат өтті.

Қазақ халқы – салт-дәстүрлерге бай. Біздің халқымыз өз ұрпақтарына ғасырдан ғасырға ұлт қасиетін салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, үлгілі жөн-жосықпен, әдепті ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл, инабатты қыз өсірген. Салт-дәстүріміз адам баласының туылғанынан бастап, бұл дүниеден өткеніне дейін жалғаса береді. Ғасырлар бойы қалыптасқан, халқымызбен бірге жасасқан, ұлттық салт-дәстүрлеріміз, жас ұрпақты имандылыққа, инабаттылыққа, адамгершілікке тәрбиелеудің баға жетпес құралы.

«Салт-дәстүр – ұлттық тәрбиенің негізі» тақырыбындағы шарамызда Солтүстік Қазақстан облыстық музей бірлестігінің қызметкері Салмұрзин Сағындық Досмақұлы адам өміріндегі барлық жақсылық атаулыға арқау болатын «Сәлемдесу» рәсімінен бастап, қонақ күту және тағы да басқа салт-дәстүрлерге тоқталып, салт-дәстүрдің тәлімдік, тәрбиелік мәні жайында әңгімеледі.