Социал ауылының тарихы

Қазіргі Социал ауылының маңында әр жерде 2-3 үй болып, әр үй өз туысқанымен әр жерде отырған екен. Адамдар ат шана жегіп, бір-бірімен араласып тұрыпты. Содан 1928 жылы бірігіп Қызылту ауылын құрыпты. Бірақ екіге бөлініп, Ойдағы ауыл және Қырдағы ауыл атанған. 1930-1931 жылдары аштық болып, ауыл жан-жаққа бытырап кеткен. Содан қайтып 1932 жылы Ойдағы Социал және Қырдағы Социал болып қайта жиналған. Қырдағы Социалда шағын мектеп ашылып, балалар білім алған, жұрт егін салып, сиыр жегіп, соқа тартып, мал ұстап, күндерін көрген. 1940 жылы көктемде су тасығанда Ойдағы ауыл су астында қалатын болғасын, Қырдағы ауылға көшіп келіп, 1 үйде 2-3 отбасынан тұрыпты, содан су басылғасын қайта өз орындарына көшіпті. 1946-1947 жылдары жұрттан мал (бұзау, торпақ) жинап, ұжымшар болып «Заря коммунизм»» ұжымшары атанып, соның қарамағында болыпты.  1954 жылы тың игеру көтеріліп, ұжымшар кеңшарға айналып, нақты  “Заря” кеңшарына қосқан.

1956-1957 жылы су жіберу жөнінде хабар алып, 2 күн ішінде көшіп, Ойдағы Социал мен Қырдағы Социал жоғары көтеріліп бір жерге қоныстанған. Содан ауылда жеті жылдық мектеп салып, жан-жақтан мұғалімдер келіп, ауыл көркейе бастапты.  Жастар еңбек етіп, егін егіп, мал шаруашылығымен айналысып, әйел азаматтар бидай тазалаған. Бидай сақтайтын үй салып, оны шарбақпен қоршаған. Ауылда 1958 жылы тағы мектеп салып, ішінен кітапхана ашқан. Одан кейін 1975 жылы біздің қазіргі мектеп салыныпты.  Дүкен, кеңсе салыныпты. Кітапхана кеңсе ішіне көшіріліп, ауыл адамдары кітапханадан жиі кітап алып тұрған. 1995 жылы кітапхана жабылып қалған. 2001 жылы кітапхана қайта ашылып, қазір жұмыс істеуде.