ШАҚШАҚ Көшекұлы (1740. Солт. Қазақстан обл. Жамбыл ауд. қазіргі Благовещен с-на жақын жердегі қыстау – 1837, сонда) – батыр, би. Ашамайлы керей тайпасының көшебе руынан шыққан. Жоңғар шапқыншыларына (1757-58) және Еділ қалмақтарына (1759-71) қарсы азаттық соғыстарына қатысқан. Шапқыншыларға қарсы соғыстарда өзін қайтпас батыр ретінде ерліктерімен көрсетіп жүзбасы, кейін мыңбасы болған. 18-ғ-дың аяғы мен 19-ғ-дың басында Марал ишан Құрманұлының патшалық отарлауға қарсы жүргізген азаттық үшін күресіне қолдау көрсеткен. 1819 жылға дейін қазіргі Солт. Қазақстан аум-нда тұратын керей және уақ тайпаларына басшылық еткен. Даулы мәселелерді шешудегі әділдігі үшін би атанған. 1830 – 37 ж. аға сұлтан Жалбыр Абдуллин мен Шыңғыс Уәлиханов өздері иелік ететін жерлерде тыныштық пен бейбіт өмірді сақтау үшін Ш-ты рулардың біріне старшина етіп сайлаған. Ш. Меккеге барып. қажылқ сапарын өтеген. Петропавл қ-нда өз қаражатына мешіт пен медресе тұрғызған. Ш-тың “Ақтық пен шақтық” өлеңі біздің заманымызға дейін жеткен. Ш. – белгілі ақын, әнші әрі композитор Сегіз сері Шақшақовтың атасы.
Қ.Мұқанов