Сан қырлы талант иесі

Бұрнағы күні есімі елімізге белгілі ақын, жазушы, драматург, манасшы, сазгер, бір сөзбен айтқанда, өн бойына сан түрлі өнерді теңдей тоғыстырған ардақты азамат — Баянғали Әлімжанов «Soltustik Qazaqstan» газетінің ұжымымен кездесіп, өмірімен шығармашылығы, қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйі туралы әңгіме өрбітті.

Кездесуді ашқан «Қызылжар-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов мейманды ұжымға таныстырғаннан кейін Алаштың небір аяулы азаматтарының ізі сайрап жатқан «Soltustik Qazaqstan» газетінің бір ғасырлық ғумыр жолына қысқаша шолу жасап, редакцияның бүгінгі тіршілік-тынысына тоқталып өтті.

Баянғали Тақанұлы үшін қазақтың тәуелсіздігі, тілі, біртұтастығы жолында бастарын бәйгеге тіккен небір ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті Қызылжар өңірінің орны ерекше. Жүз жылға жуық уақыт бойы тұрғындардың мұң-мұқтажын, толғандырған мәселелерін дер кезінде көтеріп, оң шешім табуына ықпал етіп келе жатқан қарашаңырақ — «Soltustik Qazaqstan»  газеті де бөтен емес. Әңгімесін «Бұл басылымда елге, ұлтқа ақылшы болған талай аға буын өкілдері қызмет етті. Біз олардың өнеге- тәлмін алдық», — деп бастаған қаламгер редакция ұжымына жуырда Мәскеудегі

«Художественная литература» баспасынан жарық көрген «Сказ столетнего степняка» атты жаңа кітабын сыйға тартты.

Әлі сиясы кебе қоймаған туындыға енген «Сказ столетнего степняка» романының, «Разрешите жить!, «Аблай хан и его батыры» атты повестері мен «Доброжелательный Аскар», «Мальчик, победивший Джалмауз» сияқты басқа да ертегілерінің әрқайсысының жазылу тарихы бар. Кітаптың мазмұны жайлы сөз сабақтаған жазушы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Кездесу соңында Жарасбай Қабдоллаұлы мейманға ризашылығын білдіріп, газеттің тарихы жазылған «Дәуір-дастан», «Қарашаңырақ» кітаптарын тарту етті. Баянғали Әлімжановпен болған сұхбатты газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар.

 

Нұргүл ОҚАШЕВА, «Soltustik Qazaqstan»

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.


Оқашева Н. Сан қырлы талант иесі. / «Soltustik Qazaqstan». -№13.-5 aqpan.-2019 jyl.-1-3better.