«Сан қырлы дарын иесі»

2021 жылдың 17 қарашасы күні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада көрнекті Алаш қайраткері, жазушы, драматург, журналист, ғалым, тарихшы Қошке Кемеңгерұлының туғанына 125 жыл толуына арналған «Сан қырлы дарын иесі» атты әдеби кеш өтті.
Шараға М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің және М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің студенттері, «Қаламгер» клубының мүшелері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Шараны Сәбит Мұқанов атындағы ОӘҒК-ның бөлім басшысы Майра Әшімова жүргізді.
Қошке Кемеңгерұлының Алаш қайраткері ретіндегі рөлі, қазақ баспасөзінің қалыптасуы мен дамуындағы журналистік қызметі жөнінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Тайшыбай Зарқын Сыздықұлы баяндама жасады. Қошке Кемеңгерұлының өмірі мен қызметі, шығармашылығы, ұлтты дамыту, білім мен мәдениетті көтеруге сіңірген еңбегі жайлы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Бимақанова Зылыйқа Шахметқызы жан-жақты баяндады.
Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік архивінің архивисі Рамазанова Назерке Әсетқызы «Қошке Кемеңгерұлының өміріндегі Қызылжар кезеңі» тақырыбында баяндады.
Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың тарих пәнінің мұғалімі Елембаева Мәрзия Тілегенқызы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына Алаш қайраткерлеріне арналған жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды. Осы гимназия-интернаттың 11 сынып оқушысы Нұрай Нұрғожина облысымызда екінші орын алып, республикаға жолдама алған Қошке Кемеңгерұлы туралы ғылыми жұмысымен таныстырды.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің 2 курс студенті Алмаз Ақжігіт Қошке Кемеңгерұлының «Бақ іздеген» атты өлеңін, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 10 сынып оқушысы Қымбат Сапаш «Жазғытұры» атты өлеңін, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің 1 курс студенті Дидар Аймұқанов «Абақтыдан хат» атты өлеңін оқып берді.
Шараға қатысқандар «Алаштың көрнекті қайраткері» атты кітап көрмесін тамашалады.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО#Информация #Мероприятия #Книги #Чтение #Коворкинг #ПарасатЖолы#Мейкерспейс #ГодДетскойЛитературы #Санқырлыдарыниесі