Сұлу сөздің сүлейі

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жерлесіміз Сәкен Жүнісовтің туғанына 85 жыл толуына орай әдеби кеш өтті. Оған қаламгерлер, ардагерлер мен студенттер қатысты. Шара барысында дарынды жазушының өмірі жайлы баяндалып, шығармаларынан үзінділер оқылды.

Сәкен Жүнісов 1934 жылы Қызылту ауданының (қазіргі Уәлиханов ауданы) Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. Ол халық арасында драматург, жазушы, публицист және қоғам қайраткері ретінде танылды. Ел-жұрт талантты перзентін сан қырлы өнері үшін Сәкен сері деп атап кеткен. Қазақ әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Майра Әшімова атап өткеніндей, Сәкен Жүнісов шығармашылыққа ерте жастан бет бұрып, оның туындылары әдебиетте өзіндік орын алды. Бүгінде жазушының әрбір еңбегі халықтың жүрегіне жол тауып, рухани асыл қазынаға айналып отыр. Әсіресе, «Ақан сері» дилогиясы, «Аманай мен Заманай» романы және балаларға арналған «Сонарда» әңгімелер жинағы жастардың сүйікті шығармасына айналған. Әдеби кеште М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Жанбай Қадыров қаламгердің шығармашылық мұрасына тоқталып өтті.

Шара соңында жиналғандар жазушы еңбектері қойылған «Сан қырлы қаламгер» атты кітап көрмесін тамашалады.

 

Гүлбике КУБЕНОВА, «Soltustik Qazaqstan«


Кубенова Г. Сұлу сөздің сүлейі. / «Soltustik Qazaqstan». -№13.-5 aqpan.-2019 jyl.-8 bet.