Үмітбаев Қажымұрат

ҮМІТБАЕВ Қажымұрат (1897, Солт. Қазақстан обл. Жамбыл ауд. Баян а. – 3.8.1987, сонда) – еңбек ардагері. Еңбек жолын 1912 ж. батрақ (малай) болып бастаған. 1930 ж. “Жетістік” ұжымшарының ферма меңгерушісі, 1932-35 ж. астық бастыратын машинаның жүргізушісі, 1935-39 ж. “Баян” ұжымшарының төрағасы. 1939-41 ж. Баян МТС-нда директор, 1941-45 ж. “Баян” ұжымшарының, 1946-50 ж. Лешін (қазіргі Есіл) ауд. “Жарқайың” ұжымшарының, 1950-54 ж. сол ауданның “Еңбек” ұжымшарының төрағасы қызметтерін атқарған. Ұлы Отан соғысы жылдары өз қаражатынан танк колоннасының құрылысына 60 мың сом ақша аударған. Қазақстан Компартиясы ОК У-тың атына жеделхат жіберді, онда: “Құрметті Үмітбаев. Қазақстан КП ОК Сізге Қызыл Армияға көрсеткен көмегіңіз үшін алғыс айтады. Сіздің жеке есепшотыңызда жинаған ақшаңыздан танк колоннасының құрылысына аударған 60 мың сомыңыз Қызыл Армия жауынгерлерінің неміс-фашист басқыншыларына бұдан да күштірек қирата соққы беруге көмектеседі” – делінген. Ол “Құрмет белгісі”, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медалдермен марапатталған.

С.Жұмабаев