«Мерейгер кітаптар — 2022» С.Мұқановтың «Сырдария» және Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармалары

«Мерейгер кітаптар» айдарында Сәбит Мұқановтың «Сырдария» (75 жыл) және Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» (100 жыл) шығармаларына қысқаша шолу ұсынамыз.
«Сырдария» романы 1947 жылы жарық көрді. Атақты шығарма боп аты дүркіреп, қаламгер есімін де алысқа әйгіледі. Солтүстікте туған қаламгер оңтүстік тумасы – Сыр күрішін өмірге әкелген кейіпкер – диқан Сырбайдың адамдық бейнесі мен өзі көріп-білмеген дақылдың бары мен жоғын тәптіштеп керемет шығарма жазды. Романда диқан бейнесімен қатар соғыс жылдарында алыс ауылдағы қарапайым еңбек адамдарының ерлікке пара-пар қажырлы еңбегі шынайы суреттеледі. Орыс және басқа тілдерге аударылған роман Одақтық әдебиеттің озық жетістігі ретінде бағаланды. Бұл «Ботакөзден» кейінгі бағалы кітап болды. Адам тағдырын, соғыс кезіндегі тыл қасіретін тәптіштеген шығарма оқырманның іздеп жүріп оқитын кітабына айналды. Еңбек те, майданның мұңы да мұнда ағын су арқылы ақиқатын тапқан. Сыр жұрты Сырдария ағып жатқанда бұл кітапты ұмыта алмайды.
«Шұғаның белгісі» — қазақ прозасының шоқтығы биік туындыларының бірі. Бейімбет Майлин – «қазақ әңгіме жанрының атасы» деуге болады.
Белгілі ғалым, қытайтанушы ақын Дүкен Мәсімханұлының сөзімен айтқанда қазақтың көркем прозасы әлі қалыптасып үлгермеген уақытта, жаңа, еуропалық үлгідегі проза жанрын салған жерден мұндай үлкен көркемдік деңгейде көрсету тек Бейімбет сынды хас таланттың ғана қолынан келеді.
Автор туындыда ХХ ғасыр басындағы әлеуметтік мәселе, тапқа жіктелу, әйел теңдігі, қазақ оқығандарының тағдыры сияқты бірнеше тақырыпты бір шығармада қамтыған. Жазушының заман ағымына сай өзекті мәселелерді алға тартқаны оның халыққа деген қамқорлығы мен ыстық ықыласын білдіретіні сөзсіз.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Коворкинг #ПарасатЖолы #Мейкерспейс #Мероприятия #Информация #Чтение #Книги #МерейгерКітаптар2022