«Мемлекеттік тіл – ұлттың ұйытқысы»

2021 жылдың 3 қыркүйегі күні Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Тілдер мерекесі күніне арналған «Мемлекеттік тіл – ұлттың ұйытқысы» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.

Шараға оқытушылар, студенттер, оқушылар, «Қаламгер» клубының мүшелері, кітапхана оқырмандары қатысты. Шараны С.Мұқанов атындағы ОӘҒК-ның бөлім басшысы Майра Әшімова жүргізді.

Кеш М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 1 курс студенті Әлихан Жақсыбаевтың орындауында ақын А.Зағыпардың «Ұлт қуаты – тілінде» атты термесімен ашылды.

Шарамызға СҚО әкімдігінің Мәдениет, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Сұлтанов Ернияз Рыскелдіұлы қатысып, жиналған қауымды Тілдер мерекесімен құттықтап, облысымызда Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға, қолдану аясын кеңейтуге байланысты өздерінде істеліп жатқан жұмыстарына тоқтала келіп, жуырда ғана жарияланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретінін баса айтты.

Филология ғылымдарының кандидаты, гуманитарлық-техникалық колледждің оқытушысы Шаймергенова Қарлығаш Аманбайқызы да сөз сөйледі.

Шара барысында Тіл мерекесіне арналған жыр шашулар мен әндерге кең орын берілді. Ақындар Марал Зейнел-Ғабиқызы Оспанова, Самрат Құскенов, жас ақын М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің 2 курс студенті Диас Аяған Тіл туралы өздері шығарған өлеңдерін оқып берсе, №8 мектептің 9 сынып оқушысы Әдемі Амангелді Жүсіпбек Аймауытовтың «Ана тілім» атты өлеңін нақышына келтіріп, жатқа оқып берді.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенттері – Әлихан Жақсыбаев Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін, Ерзат Бақтыберді Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» күйін орындап берсе, Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі Амангелді Рамазанов Қазақстан туралы ән шырқады, оның шәкірті осы аталған мектеп-гимназияның 4-сынып оқушысы Нұрай Нұрқан әнші Майраның әні «Майраны» домбырамен өте тамаша орындап берді.

Шараға қатысқандар «Тіл – достықтың алтын көпірі» атты кітап көрмесін тамашалады.
#БиблиотекаимСМуканова #ЛучшаяБиблиотекаРК #СамыйЧитающийРегионСКО #Информация #Мероприятия #Книги #Чтение #Коворкинг #ПарасатЖолы #Мейкерспейс #ГодДетскойЛитературы