Мұсабаев Ғайнетдин Ғалиұлы

МҰСАБАЕВ Ғайнетдин Ғалиұлы (1908, СҚО қазіргі Тайынша ауд. Шат өз. маңындағы ауыл – 26.11.1989. Алматы қ.) — ғалым, филол. ғыл. докт. (1960). проф. (1968). Қазақстан ҰҒА-ның корр. мүшесі, ғылымға еңбек сіңірген қайраткер (1971). ҚазПИ-ді бітірген (1936). 1937-39 ж. КСРО ҒА-ның Қазақстандағы бөлімшесінде ғыл. қызметкер. 2-дүниежүз. соғысқа қатысқан. 1946—52 ж. Қазақстан ҒА-ның Тіл және әдебиет ин-тының бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, 1952 жылдан Тіл білімі ин-ты сөздік бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Ғыл.-зерт. еңбектері қазақ тілінің лексикасы мен лексикографиясына, тіл тарихының мәселелеріне арналды. М-ның қатысуымен қазақша-орысша, орысша-қазақша, орфогр., түсіндірме сөздіктер шықты. Қазақ тілінің тарихы, жазба ескерткіштері жөнінде зерттеу еңбектер жазды. Еңбек Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.
Шығ.: Қазақ тіліндегі сын есім шырайлары, А., 1951; Лексика современного казахского языка, А., 1960; Қазақ тілі мен грамматикасы тарихынан. А., 1966; Қазақ тілі грамматикасы. Морфология, А., 1967; Қазақстан эпиграфикасы, А., 1971: Қазіргі қазақ тілі /лексика. фонетика/, А., 1975; Қазақ тілі тарихынан. А., 1988.